Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пәлелі пирамидалар немесе жұрт неге алаяқтарға алдана береді?

28.04.2022, 9:40 514

HALYQLINE.KZ

Аңқау елге – арамза… қаржы жинағыштар! Ел ішін тағы да «қаржы пирамидалары» шулатып, сорлатып, жылатып, ең аяғында, өз-өзін өртетіп жатыр!

Осы орайда, «Жұрт неге қаржы пирамидаларына соншалықты сенгіш?» деген сауал туындайды. Меніңше, оның төрт себебі бар.

Біріншіден, бізде қаржылық сауаттылық деген атымен жоқ!

Иә, барша жұрттың, әсіресе, аға ұрпақтың көз алдына кешегі күннің «жұлдызды аферистері» «МММ» және басқа атышулы құрылымдар келеді. Олардың елді алдап-арбауы неден басталып, немен аяқталғанын бәрі де біледі. Кейінгі ұрпақтың да өз «геройлары» бар. Солай бола тұрса да, қарапайым халық тойымсыз қаржы құдықтарына қарай екі өкпесін қолына ала жүгіріп, соңғы ақшасын құйып жатыр, құйып жатыр!

Аңқау елде арамза алаяқтардың да қаптап кеткеніне де сол себеп. Титтей болса да, қаржылық сауаты бар адам ол сызды жерді баспас еді.

«Пәлелі жерге бармағыңды тықпа, бармағыңды тықсаң – тырнағың қалар» дегенді ұмытқан ағайын бармағын тістеп, опық жеп жатыр. «Үмітсіз шайтан» деп әлі де қаншама жұрт ақшасын салғысы кеп жүр.

Екіншіден, әлгі пирамидалардың жарнамасы сұмдық енді! Кез келгенді арбап алып, өз торына «томп» еткізеді. Әншейінде ешнәрсеге сенбейтін, секемшіл де күдікшіл жұрт сол «қаржылық гурулардың» соңынан мұрнын тескен тайлақтай ілесіп, жүре береді.

Пиар мен имидж, жарнама мен маркетингтің генийлері сол жақта отыр-ау дейсің! Халыққа танымал сахна жұлдыздарын өз ісіне тартатынын қайтерсіз?! Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай насихаттап жатқан олардың таланты да шексіз!

Егер де ресми БАҚ жүйесінде ол жарнамаларға тыйым салуға болса, әлемді жаулаған интернет пен әлеуметтік желілердегі жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Смартфон мен ноутбук заманында одан артық қандай ақпараттық мүмкіндік керек?!

Несін жасырайық, осы күнге дейін интернет пен мессенджерлердегі дүдәмал жазба мен видеоны ресми БАҚ хабарламасы ретінде қабылдап жүрген ағайын қаншама?!

«Сетевик» деген сәнді атты жамылған оларға қанша аңғал да аңқау сеніп қалды десеңізші?! Өз басым сол нысапсыз алаяқтарға имандай сеніп, тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып, құрдымға құйған қаншама көкірегі ояу, көзі ашық адамдарды білемін. Мені де үгіттеп қояды олар, «біздің қораға кірсейші» деп.

Үшіншіден, кінәнің бір ұшы – билікте. Жұрт жиған-терген ақшасын ресми түрде банкке салайын десе, ол банктердің болашағы бұлыңғыр, бір күнде-ақ быт-шыт боп кетеді. Содан соң оларға салған ақшаңды ала алмай, бейшара күй кешесің.

Шағын және орта бизнеспен айналысайын десең, ол жақты жайлаған жаппай жемқорлық түбіңе жетеді. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық қаржы жүйесіне сенім жоқ. Ұзақ мерзімді инвестиция деген бізде тіпті болуы мүмкін емес!

Сол себепті де ойы онға, санасы санға бөлініп, тағаты таусылған жұрт тез арада байып қалғысы кеп, қаржылық қулардың қармағына түсіп жатады.

Менің пайымдауымша, билік өзіне ұнамаған нәрсенің не құбылыстың бір күнде-ақ көзін жоя алады. Оған мемлекеттік машинаның барлық – құқықтық, тәжірибелік, басқа да мүмкіндігі мен тиісті тетіктері бар.

Мәселен, саяси оппозицияны жоқ қылу керек еді, заңды да, болмысты да өзгертіп жіберіп, бұл алаңды тып-типыл етіп тастады емес пе?! Сондықтан «жоғарғы жақта осы пирамидалардың «папалары» бар емес пе?» деген сауал алдыңнан көлденеңдеп шыға береді. Несі бар, билік жақтан қолдау болмаса, бізде ешбір – ресми де, бейресми де – жоба жүзеге аспайтыны бесенеден белгілі емес пе?

Яғни, осындай ордалы жыландай құбыжық әрі қауіпті құбылысты түп-тамырымен жою керек деген саяси ерік-жігер жоқ.

Халықтың көз жасына қалып, қалтасын толтырған байшыкештердің қолға түспей, шетелде мәз-мейрам, селфилетіп, сайрандап жүруі де содан болар.

Содан болар, халықтың бау-бақшасын ол арам шөптер әлі де басып кетері анық.

Төртіншіден, ақпараттық кеңістік ортақ болған соң, бізде түпкілікті бенефициарлары шетелде, соның ішінде, Ресейде орналасқан қитұрқы қаржы пирамидалары қаптап кетті. Оны бақылап, реттеп жатқан ешкім жоқ. ЕАЭО мүмкіндіктері осы жақтан да өз «жемісін» беріп жатыр. Әлде ресейлік шарлатандар тапқан табысын біздің шенділермен өзара бөлісіп жатыр ма?

Не істемек керек?

Алдымен, қаржы пирамидаларын құрып, халықты тонайтындарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек. Қазіргі заңнама аясында ұсталып қалса да, жауапкершіліктен оп-оңай құтылып кететінін білетін олар әлі де тоқтамайды, арам ойларын жүзеге асыру жолында алуан түрлі айла-шарғыға барады. Біздің былқылдақ заңнаманың салдары сондай.

Осындай қаржылық құрылымдар құрыла алмайтындай құқықтық жағдай жасау қажет. Халықтың қаржылық сауатын ашу керек. Мемлекет ол үшін қолда бар ақпараттық мүмкіндікті пайдалануы тиіс.

Мемлекет азаматтар қолда бар қаржысын өркениетті де өнімді пайдалана алатындай экономикалық жағдай мен механизмдер жасауы қажет.

Олардың шарттары мен проценттері адам қызығарлықтай болуы тиіс. Сонда ғана үйдегі жиған-терген қаржысын жұрт отандық экономика мен банктерге құяды.

Және де әр адам өз қалтасына, өз қаржысына, түптеп келгенде, өз тағдырына жауапты екенін білу керек. Баяғыдай «не болса да, айналайын өкімет өлтірмейді» деген пайдасы жоқ психологиядан түпкілікті арылуы керек!

Елдің қамын ойлайтын өкімет жоқ бүгінде…

Әміржан  ҚОСАН

Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: