Қызылорда облысының әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаевтың тағайындалуы сол-ақ екен, жұмыс істеуге «желаниесі ашылған» мемқызметкерлер көбейді. Кейбір басқарма басшылары шырт ұйқысынан оянғанға ұқсайды. Мамыражай күнге үйреніп қалғандарды да Машбекұлының мысы басқандай. Олай деуімізге себеп көп. Ол туралы сәл кейінірек. Жалпы, ел тарихындағы тұңғыш әйел әкім саналған облыстың экс-басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға қарата айтылған, жазылған мақтау мен даттау көп. Әрине, бәрін бірдей қамту мүмкін емес. «Әбдіқалықова әйел заты ғой, талап қоюға келгенде бос болды» дейді білетіндер. Лауазымнан босаған адамның артынан олай айту дұрыс емес. Дей тұрғанымен, жаңа аймақ басшысы тағайындалған тұста қоластындағылардың жұмысқа жаппай ден қоюы адамды әлгіндей ойға жетелейді.
Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен департамент және барлық басқарма басшылары қатысты.
3 АУДАН ӘКІМІ СӨГІС АЛДЫ
Жиында әкім орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалардағы негізгі басымдыққа ие бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Аймақта күрделі проблемалық мәселелер жеткілікті. Қызылорда облысының негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен төмен. Біздің көп сала басшылары өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырады да, тоқмейілсіп отырады. Олай болмауы керек. Біз басқа өңірлермен салыстыруымыз керек. 2-3 айдан кейін осы жұмыстың барлығын халық менен сұрайтын болады, – деді ол.
Өңірдің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі төмен екенін айтқан Нұрлыбек Машбекұлы инвестицияларды тарту жұмысын тез арада күшейтуді қатаң тапсырды.
– Биылғы жылдың I тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,2 пайызға төмендеп, республикалық деңгейде көш соңында келе жатырмыз. Қазалы, Шиелі, Арал аудандарында I тоқсан қорытындысымен бірнеше макрокөрсеткіш бойынша төмендеу деректері болған. Осыған байланысты Қазалы, Шиелі, Арал аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланады. Балжан Мөрәліқызы, аталған көрсеткіштер бойынша талдау жасаңыз. Сізге осы саланы сеніп тапсырып жатырмыз. Жаңа да айттым, осының бәрін ретке келтіру керек.
Облыстың барлық саласында төмендеу тенденциясы болған. Ендігі кезекте президент жолдауында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, оң нәтижеге қол жеткізу міндеті алдымызда тұр, – деді аймақ басшысы.
ӘКІМНІҢ КЕҢЕСШІСІ – ХАЛЫҚ!
Нұрлыбек Машбекұлы жиын барысында энергетика саласында инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейін саралап, келер жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын осы кезден бастауды тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы басқарудың жаңа формасына өтетін 575 көпқабатты үйдің дайындық жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, оларды кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Жиында өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті көбейту, инвестицияларды тарту бағытында атқарылған жұмыстарға талдау жүргізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және жер дауы мәселелері де шет қалмады. Яғни, шаруа қожалықтарына бөлінетін инвестициялық субсидиялардың жымқырылғанын және бірнеше ауылдық елді мекенінде жер дауы болғанын айтып, осы мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Мұнан бөлек, әлеуметтік маңызды тауарлар құнының қолжетімді болуы мен қоймаларда жеткілікті қорының қамтамасыз етілуін міндеттеді.
Кеңейтілген жиында білім, денсаулық, жұмыспен қамту салаларындағы өзекті бағыттар ашық талқыланды. Нұрлыбек Нәлібаев ана мен бала өлімін азайту, жаңа мектептер салу, нақты жұмыс орындарын құру бағытында кешенді талдау жүргізіп, ұсыныстар даярлауды қатаң тапсырды.
Сондай-ақ, Нұрлыбек Нәлібаев әкім аппаратында алдағы уақытта облыс әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайтынын мәлімдеді.
– Бұдан әрі облыс әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды. Кез келген адамға кеңесші деген куәлікті тарата беруді қоюымыз керек. Біздің кеңесшіміз – халық!, – деді облыс әкімі.
ОБЛЫСТЫҚ БАСҚАРМАЛАР САНЫ ҚЫСҚАРДЫ
Сондай-ақ, аймақтың қоғамдық-саяси ахуалы мәселесін саралаған өңір басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы аясында қоғаммен сындарлы диалог орнатуға дайын болуды және әлеуметтік шиеліністі болдырмауға қажетті жұмыстарды күшейтуді жүктеді.
Аймақ басшысы жиын соңында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік аппаратты оңтайлы және тиімді ету мақсатында бағыттас басқармаларды біріктіретінін мәлімдеді. 24 басқарманың 8-і қысқарып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатынын жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, өңірде 24 облыстық басқарма жұмыс істейді. Енді, соның 8-і қысқарып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатын болады. Қабылданған шешім қызметтердің қайталануын жоюға, жалпы жұмыс мөлшерінің тепе-тең реттелуін қамтамасыз етуге және басшылық құрамды оңтайландыру есебінен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Дәл осылай қала және аудан әкімдіктерінің де құрылымын өзгерту қажет, – деді облыс әкімі.
ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН КӨТЕРУ – БАСТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТ
Кеңейтілген жиыннан бұрын аймақ басшысы облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясына қатысты. Күн тәртібінде Қызылорда облыстық мәслихатының бірқатар шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 12 мәселе қаралып, шешім қабылданды. Облыс әкімі өңірдің экономикалық көрсеткіштерін дамыту бағытында атқарылатын бірқатар мәселені атап, алдағы міндеттерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында айтылғандай халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің стратегиялық мақсатымыз. Әрине, өңір тіршілігі проблемасыз болмайды. Қазірдің өзінде түйткілді мәселелердің бірқатарымен таныспын, саралайтын боламын. Оларды өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Бұл ретте, әрбір жұмсалған теңгенің тиімділігін, нәтижелілігін ұмытпауымыз керек.
Қазіргі дағдарыс жағдайында экономика салаларына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз, – деді ол.
Одан бөлек өндіріс пен қызмет көрсетудің арасындағы жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдаланып, барынша тауарөндірушілерді қолдау керектігін айтты. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі, көпқабатты тұрғын үйлер салуға республикалық бюджеттен көптеп қаржы тарту жайы сөз болды. Отырыста депутаттар өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Осылайша, өңіріміз жан-жақты өзгерісті бастап кетті. Аймаққа Нұрлыбек Машбекұлы басшылыққа келгелі бері тазалықты жаны сүйетіндер саны күрт көбейді. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Бұған дейін «Ел-жұртқа әлеуметтік жағдайының жақсарғаны керек. Сондықтан, аймақ басшысы экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға барынша күш салатыны анық» деп жазған едік. Облыс әкімі осы күні әр жиналыста экономика саласына арнайы тоқталып, жауаптыларға міндеттеп, ескертіп жатыр.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!