Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар тәрбиесіне бейтарап қарауға болмайды

21.04.2022, 9:40 475

Қазіргі кезде жастар тәрбиесінде назар аударарлық бірқатар келеңсіздікті, олқылықты байқауға болады. Бұған бейтарап қарауға болмайды. Біз жастар тәрбиесінде ұлттық құндылықтардан гөрі, уақытымыздың көбін күнкөріс, ақша табу бағытына бұрып жібергендейміз.

Қазір жастарды «тик-ток», «инстаграмм», т.б. әлеуметтік желілердің келеңсіз бағыттары тәрбиелеп жатыр. Санасын, ой-түйсігін, ойлау қабілеттерін деградацияға ұшыратуда. Бұларды жастармен өзара пікір алмасулар мен сөз қатынастары барысында байқай аласың. Көптеген нақты мысалдар да келтіруге болады. Бұл «қаңтар оқиғасы» кезіндегі жағдайларда да көрініс тапты.

Парламенттегі депутаттар да жастар тәрбиесінің олқылықтарына мән бере бастады. Олар да жастар тәрбиесі кері кетіп барады, қаңтар көтерілісіндегі жағдайлар соның бір көрінісі деп атап өтті. Осыдан кейін, «Оқу орнындағы студенттерге төрт жыл мерзімінде ұлттық құндылықтарды, мәдениеттілікті, интеллектісін, дүниетанымдарын, үлгілі мінез-құлық этикеттерін қалыптастыра алдық па?» деген заңды сұрақ туындайды. Ұстаздар мен тәлімгерлер жадынан бір сәтте осы сұрақтар түспеуі керек-ақ. Ол өзара қатынастарда, әртүрлі мәдени-спорттық іс-шараларында, пікірталас, дебат клубтарында дәріс, тәрбие сабақтарында жүзеге асырылатын дүниелер. Бұлай ету әрбір жастың ішкі-сыртқы мәдениеттілігін, ұлтқа, елімізге, жерімізге, тілімізге, дінімізге деген ұлттық патриоттық жауапкершілігін, ұстанымын қалыптастырар еді.

Кері кеткен тәрбие жағымсыз ойларға, іс-қимылға, әрекеттерге бой алдырады. Жастарға көркем мінезді, жақсы әдетті, жақсы орта қалыптастыруымыз керек. Көп оқу, көп іздену, көп еңбектену, ақылды істерге ұмтылу, сөз жоқ, жастар болмысына, мінезіне жақсы әсер етіп, ұлттық болмыстарын шыңдай түседі. Бұл тұста «мұндай ізгілікті істерді кімдер, қалай, қайтіп ұйымдастырып жүргізуде?» деген сұрақ туындайды.

Ал, дүниетанымдықты қалыптастыруды жүзеге асыру үшін адамдар арасында жағымды қатынастар, елді, жерді, табиғатты, әсем қалаларды көру, бару, аралау тікелей жақсы әсер етеді. Бұл әсіресе спортшылар, өнер адамдары өмірінде жағымды, жақсы әсер етеді. Олар көп елді, жер-жаһанды аралайды. Өзге халықтың мәдениетімен, тарихымен, әсем  табиғатымен, сұлу қала көріністерімен танысып, мінез-құлқын тәрбиелеп, ой-өрісін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді. Әртүрлі ұлт өкілдерімен танысып, жолдастық, достық қатынастарын нығайтады.

Студент жастарға төмендегідей сұрақтар қоюға да болады: Қай елді, қай жерді араладың? Ортада, достарыңнан қандай ізгі қасиеттерді, ақылды үйрендің? Өз қатарларыңның алдынан көрініп жүрсің бе? Қандай спорт түрлерімен шұғылданасың? Қандай өнерді (сурет, би, ән, т.б.) меңгердің? Мұражайға, театрға неше рет бардың? Қандай кітаптар оқыдың? Осындай ұлттық құндылықтарға үндейтін, жол ашатын сұрақтар әрбір жасқа тән болуы керек.

Оқуға, ізденуге, еңбектенуге ықыласы төмен, енжар жастар ұлттық құндылықтардан кенже қалып қояды. Мінезі шәлкес, кертартпа, еріншек, жалқау, өзін үнемі жетілдіріп отырмайтын жастар өсе келе өмірден өз орнын табуда көп қателіктерге жол береді.

Сондықтан жастар орда бұзар отызға дейін өмірден өз орнын адаспай, шатаспай тауып жатса дұрыс. Тәрбиелік ұстанымға лайық орта, ақылы, мінезі үлгі боларлық шынайы достармен өзара игілік, ізгілікке толы қатынастар да біздің ұлттық болмыс, рухымызды дамытып, қалыптастыруға көп септігін тигізеді. Ол үшін дуалы ауызды, ақылы мен нақылы, өмірі мен өнегесі, өмірде тоқығаны мол,  көргені, естігені көп ата-әжелерді, ұстаздарды тыңдап жүрсек артық болмас. Әрі ұрпақ сабақтастығындағы ұстанымдары жалғасын табар еді.

Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, қоғамның драйвері – бұл біз, жастар. Жастар жаңалыққа, өзгерістер мен жедел іс-қимылға бейім. Бірақ біздің сенім артқан жастарымыз әлеуметтік желіге тәуелді. Яғни, қазіргі жастарымыз көп тәрбиені интернет пен теледидардан алады. Досты да содан табады. Басқа елге еліктеушіліктері басым болуда. Басым болғаны соншалық, ар-намысты ұмытып, құлақтарына сырға да тағып, көздерін бояды. Ата-бабасы ерніне жақындатпаған темекіні шегіп, ащы суды да сіміруде. Түнгі клубтарды аралап, болашақтарына балта шабуда. Үлкенге ізет көрсетіп, кішіге құрмет білдіруден қалып барамыз. Қазіргі жас ата-аналар бала тәрбиесін  балабақша мен мектепке артып қойып, өздері сүттен ақ, судан тазаның күйін кешуде. Бұл жерде ата-ана балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, балаға мәдени құндылықтарды үйреткені абзал. Қазіргі көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну тұр. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде адам болып қалады. Біздің ең үлкен дертіміз осы. Жастар бойында рухани  адамгершілік, саяси интеллектік, құқықтық тәрбие басым болған жөн.

Кезінде Абай: «Адамнан адамнан артықшылығы ғылым, мінез, ақыл, ар-ожданы арқылы ерекшеленеді», – деп айтқан. Бұл қабілет-қасиеттерге ұмтылу, ие болу бәріміздің ұстанымымыз болу керек. Ұлы адамдардың сөзіне құлақ асып, сол ізбен жүрсек, жаман ойға, жолға түспесіңіз анық.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, ұлттың бет-бедері болатын көк жәшігіміз көңілден шықпай тұр. Үнді мен кәрістің, түріктің хикаяларын көрсетуден жалықпайтын арналарда талғам аз. Бір-бірінен көшіріп басу. Ұлттық мәдениетті, тарихты, өнерді дәріптемейтін арналар кімге опа? Шоу, арзан күлкі, орынсыз оспақты арқау еткен жобаларды азайтатын көркемдік кеңес, арнайы Заң керек. Әр арна ойына келгенді көрсетіп, жастардың санасын улап жатыр. «Қалаулым», «Астарлы ақиқат» сынды жобалар ұлттық құндылықты әспеттеп жатқан жоқ, есесіне қор етуде. «Келініне нәпсісі қозған ата», «Ағасының келіншегін жәукімдеген іні», «Балдызын зорлаған жезде», т.б. сынды тақырыптарда қазақы мәдениет  сезіле  ме? Керісінше ұлтты  аздырудың лебі сезіледі. Ал, жігіт іздеп жүрген қыздың сиқы қазақы салт-дәстүрімізге тән бе? Қазақтың ұлттығы, ұлылығы қазақ экранында сезіліп тұру керек. М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп бекерге айтпаған. Тәрбие тал бесіктен басталуы тиіс. Көршілес елдер осы мәселені терең түсініп, экран арқылы жастардың бойына ұлттың мәдениетін, тарихын, намысын, өнерін сіңіруді, насихаттауды әлдеқашан қолға алған. Бізде де жастар тәрбиесіне жіті назар аударатын кез келді.

Л.Толстой: «Мектепте көптеген пәндер оқытыла береді. Оның ішінде керегі бар, керек емесі бар. Бірақ та адамгершілік пәні оқытылмайды», – деп ХVІІІ ғасырда айтып кеткен. Бүгінгі күні осы сөздің мәнін, құнын мәңгілік жоймайтындығын түсініп келеміз. Адамда адами қасиет болмаса, хайуанға айналатыны белгілі. Оны өмірдің өзі дәлелдеуде. Кешегі қаңтар қасіретіндегідей болған ашу-ызаға, кектенуге, айқай-шуға беріліп, қайғы-қасірет, мұңға толы келеңсіздіктерге жол бермеудің жолы да жастар тәрбиесінің осал тұстарын көрсетсе керек. Мәдениетті, ақылын алға қойып, ашуын тежей алатын, адамгершілігі мол азаматтарды тәрбиелеу бағытында жұмыс істейтін тәрбие құрылымдары түбегейлі жаңа форматта, жаңа сипатта қарастырылуы керек. Материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылықтар алға шыққаны дұрыс.

Бұл – менің ойларым, бәлкім, менің замандастарымның өз айтары бар шығар. Ендеше осы көтеріліп отырған мәселелер, сұрақтар ауқымында өз айтарларыңыз болса, ой бөліскілеріңіз келсе, пікірлеріңізді білдіресіздер деген ойдамын.

Ақбота  ӘЛІПБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: