Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұсылман залым бола ма?

16.04.2022, 12:00 702

HALYQLINE.KZ

Зұлымдық дегенде ойымызға ең бірінші қанды қырғын соғыстың еске түсері ақиқат. Көз алдымызға соғыста өлген адамдар, жәбірленген тұрғындар, отқа оранған һәм қираған қалалар елестейді. Сонымен бірге соғыс құмар залым патшалар мен оның әскерлері де еріксіз еске түседі. Бірақ шындығында зұлымдық пен оны жасаушы залымның біз ойлағандай тым алыста емес екенін, тек соғыспен елестетуге болмайтынын еске салғым келеді. Тіпті тереңінен ой жүгіртетін болсақ, күнделікті өмір сүріп жатқан ортамызда да небір сұмдық зұлымдықтардың болып жатқанына куәгер бола аласың.

Жалпы, «залым» сөзі – өзгенің ақысына қол салған, зұлымдық әрекетпен ақысын жеген, жәбірлеген деген мағынада қолданылады. Адамдарға, жануарлар мен басқа да хайуанаттарға жәбір көрсеткен адам залым болып табылады. «Залым» сөзінің екінші мағынасы – Алла тағаланы жоққа шығарған, сенбеген адам дегенді білдіреді дейді ғалымдарымыз.

Демек зұлымдық Алланың құлдарына бекітіп қойған нормаларына бағынбау, басқалардың құқығына қол сұғу, шектен шығу, әділетсіз әрекеттер жасау.

Ислам діні адамзат баласын зұлымдық жасамауға шақырады. Зұлымдық жасау адам баласын дүниеде және ақыретте өкінішке душар етеді һәм күйзелтеді.

Ғалымдарымыз зұлымдықтың үш түрі барын айтады.

Алғашқысы, Алла тағалаға қарсы жасалған зұлымдық. Бұл – зұлымдықтың ең үлкені. Яғни Алланы жоққа шығару, Оған серік қосу немесе екіжүзділік таныту. «Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу зор зұлымдық» деді» деген насихатын Құран Кәрім біздерге еске салады [1].

Екіншісі, адамдардың бір-біріне және басқа да жаратылысқа деген зұлымдығы. Жазықсыз адам өлтіру, қан төгу, бүлік шығару, азғындық жасау, адамдар арасындағы қарым-қатынас тәртібін қасақана бұзу, қысым жасап қорлық көрсету, қызмет бабын пайдаланып қиянат жасауды айтамыз.

Үшіншісі, адамның өз-өзіне жасаған зұлымдығы. Құран Кәрімде бұл туралы «Расында, Алла адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Бірақ, адамдар өздеріне-өздері зұлымдық жасайды» [2] делінген.

Шындығында бұл үш түрлі зұлымдық – адамның өз-өзіне жасаған зұлымдығы. Себебі адам зұлымдық жасауға ниет еткенде өзіне зұлымдық, қиянат еткен болады.

Залым  деген  кімдер?

Залым адам кім дегенде ойымызға бірден тарихтағы Перғауын, Нәмруд, қатыгез патшалар, мейірімсіз сұлтандар еске түседі. Сонымен бірге кәпірлер, Құдайға серік қосушылар және мұнапықтар (екіжүзділер) екенін жоғарыда еске салдық. Өкінішке қарай бүгінде мұсылмандарда біреуді мазақ етіп, ғайбаттап, адам баласының көңілін қалдырып, оны ренжітіп, пенденің ақысын жеп, жетімнің көз жасына қалып «мұсылман» деген қадір-қасиетіне нұқсан келтіруде. Осылайша зұлымдық жасап залым болуда. Қысқаша айтқанда, пендеге қылдай қиянат жасаған барлық адам залым болып етептеледі екен.

Зұлымдық жасаушы бұ дүниеде зұлымдыққа ұшыраған адамнан кешірім сұрап, ризашылығын алмаса ақыретке қалады. Ал, ақыретте Алла тағала жасалған барлық зұлымдық әрекеттің есебін сұрайтыны сөзсіз. Онда залым адам өкініште қалып, зұлымдыққа ұшыраған адам өзінің ақысын алатын болады. Шындығында «мұсылман адам» деп ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам қолымен яки тілімен өзгеге зиян тигізбеген адам» деп қандай керемет анықтама берген!

Отбасындағы  зұлымдық

Кітабымыз Құран Кәрім мұсылмандар үшін жол көрсетуші, яғни Алланың сызып берген заңдылықтары деген. Бұл заңдылықтар әсіресе мұсылмандар үшін қасаң қағида. Алла тағала Құранда арам мен адалдың, жақсы мен жаманның, сауап пен күнәнің аражігін ажыратып, өлшемін бекітіп берген.

Мұсылман осы өлшемнің ішінен шықпаса Алланың рақметіне қауышады, ал тысқары кетсе азабына душар болады, жағалауда қалса қауіп төнеді.

Бүгінгі таңдағы зұлымдықтың бір түрі отбасында орын алуда. Кейде ерлі-зайыптылар нәпсі қалауларына еріп бір-біріне опасыздық, сатқындық жасап, зұлымдық етуде. Ислам діні ерлі-зайыптыларға отбасылық өмір сүрудің қағидаларын қатаң ұстану керектігін, бақытты отбасы болудың жолдарын, бірін-бірінің құқықтарына қол сұғуға болмайтынын ескертеді.

Мысалы, Алла тағала мұсылмандардың үйлену, ажырасу және отбасы құқығы туралы Құран Кәрімде «Ей, пайғамбар (үмметтеріңе мынаны ұғындыр)! Әйелдеріңді талақ етсеңдер, олармен ғиддат мерзімі (пәк кезінде) ажырасыңдар. (Нәсіл араласпау үшін) ғиддат уақытын есептеңдер. Раббыларың Алладан қорқыңдар. Оларды (ғиддат аяқталғанға дейін) үйлеріңнен шығарып жібермеңдер, олар да үйден шықпасын. Алайда, ашық зина істесе, оның жөні бір басқа. Бұл Алланың белгілеген шегі. Кімде-кім Алланың сызығынан шығып кетсе, ол өзіне-өзі қастық (зұлымдық) қылған болады» [3] деп ескертеді.

Ішіміздегі  зұлымдық

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең үлкен дұшпандарың – екі қастың ортасында орналасқан нәпсілерің» дейді. Нәпсі бойдағы пендеге тән құмарлық сезімді басқарады. Жаман мінездің, жаман әдеттердің барлығы нәпсіден. Өз нәпсісіне ие болған адам өзінің ең үлкен дұшпанын жеңген боп саналады.

Алла тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарата «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрі бірдей. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректеріне, құлақтарына мөр басқан. Әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін үлкен азап бар» («Бақара» сүресі, 6-7-аяттар) деген. Бұл аятта Алла тағала мөр басу әрекетін өзіне телісе, күпірлік келтіру, мойындамауды пендеге қатысты қолданғанын көреміз. Демек, жүрекке мөрдің соғылуы, ақиқатқа жабылуы адамдардың өз қалауларымен жасалған әрекеттерінің нәтижесі. Тағы бір аятта «Күпірліктерін жалғастыру себебімен Алла олардың жүректерін мөрлеген. Сондықтан азы ғана иман етеді» («Ниса» сүресі, 155-аят) деу арқылы да пенденің ықтияр, қалауын негізге алатындығын анық баяндаған. Сонымен қатар, «Алла тура жолдан тайғандарды адастырады» («Саф» сүресі, 5-аят) деу арқылы адам баласы қалау және таңдау еркін бұрыс бағытта қолданғандықтан тура жолдан тайдырылатындығы айтылған. Әйтпесе мейірімі шексіз Алла тағала ешбір пендеге зұлымдық жасамайды. Адам өз-өзіне зұлымдық жасайды. Алла қияметке дейін тәубе есігін ашып қойған. Адам баласы қырсығып, қыңырланып, ақиқатқа көз жұмбаса болғаны. [4].

Күнделікті  зұлымдық  әрекеттер

Әке-шешенің көңілін қалдырған әрбір сөз,

Мұсылман бауырының артынан айтылған әрбір ғайбат, өсек, өтірік, жала жабу, келемеждеу және жасалған теріс әрекет,

Уәдесінде тұрмау, сауда-саттықта жарамсыз болған дүниесін алдап сату,

Тыныштық сақтайтын уақытта көршінің мазасын алатын әрекет жасау, ұйқы уақытындағы адамға тыныштық бермеу, науқастың мазасын алу,

Жолда кетіп бара жатып жол-жөнекей темекінің қалдығын немесе өзге де қолданған заттардың қоқыстарын жолдың бойына лақтыра салу,

Көршісінің аш екенін біле тұра, мүмкіншілігі бола тұра жәрдем етпеу,

Зекетін бермеу, тіпті берген зекеті мен садақасын міндетсіну,

Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін өз нәпсілеріне қарай бұрмалап түсіндіру,

Білмеген нәрсесіне пәтуа беру, жетімнің ақысын жеу, харам ішкілік ішіп, өз-өзіне қиянат жасау,

Залымдарды жақсы көру, оларға жәрдем беру,

Ысырап ету (тіпті өзен жағасында дәрет алсақ та ысырап етпеу керектігін ардақты пайғамбарымыз ескерткен),

Адамдарға тәкәппарлық таныту, лайықты болмаса да біреудің қызметін таныс арқылы тартып алу,

Әйел, бала-шағасына көркем әдеп көрсетпеу, дұрыс тәрбие бермеу,

Отанға, мемлекетке опасыздық жасау – зұлымдық әрекеттер болып есептеледі, ал оны жасаушы пенде залым. Сондықтан әрбір сөйлейтін сөзімізге және амал әрекетімізге абай болуымыз керек. Барлық істі ойланып барып жасауымыз қажет [5].

Енді  не  істейміз?

Жоғарыда жазылған және жазылмаған көптеген теріс әрекеттерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Мұндай жаман әрекеттерден өзімізді аулақ ұстасақ, нәпсімізді тәрбиелей білсек, онда біз кәміл адам боларымыз сөзсіз.

Енді не істейтініміз белгілі. Алланың сызып берген тура жолымен жүру, пайғамбар сүннетіне сай әрекет ету, ата-баба салтымен санасу. Одан басқа жол жоқ, қысқаша айтқанда өзімізді тәрбиелеу. Ешкімге зарар бермеу. Жасаған жаман әрекеттеріміз үшін тәубе ету, біреудің көңілін қалдырсақ, кешірім сұрау.

Адамзаттың атасы мен анасы болған Хз. Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хз. Хауа «Алла одан разы болсын) анамыз: «Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мәрхамет етпесең әлбетте зиян етушілерден боламыз» [6] дегені секілді тілімізді және халімізді Раббымызға білдіре отырып, тәубе ету.

Жоғарыдағы аятты басшылыққа ала отырып, ардақты Пайғамбарымыздың құрметі үшін Алла тағаладан кешірім сұраймыз. Алла тағала Құранда:

«Біз әрбір пайғамбарды Алланың әмірімен (оған) бойсұнуларың үшін ғана жібердік. Олар (мұнафықтар) өз бастарына зұлымдық келтірген кезде, саған келіп Алладан кешірім тілеген болса және пайғамбарлар да олар үшін кешірім тілесе, олар сөзсіз Алланың кешірімін және мейірімін көрер еді» [7] дейді.

Алла тағала біздерге Хз. Юнус (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар секілді «Иа, Алла! Сенен өзге ешбір құдай жоқ, Өзің нұқсансыз пәксің. Мен шынында жаңылған екенмін» деп жалбарып, тәубе етуді және Раббымыздың «Оның тілегін қабылдап, оны қам-қайғыдан құтқардық. Мүминдерді, міне, осылай құтқарамыз…» [8] деген кешіріміне, мейіріміне қол жеткізуімізді барша момын-мұсылманға нәсіп етсін!.

Тұрар  ТҮГЕЛҰЛЫ,

дінтанушы.

kazislam.kz

  1. Лұқман сүресі, 13-аят.
  2. Юнус сүресі, 44-аят.
  3. Талақ сүресі, 1-аят.
  4. Алау Әділбаев. Жүрекке неге мөр басылады?. https://kazislam.kz/zhurekke-nege-mor-basylady/
  5. Дилавер Селвинің материалынан, Самарқанд журналы, наурыз айы, 2021 ж.
  6. Ағраф сүресі, 23-аят.
  7. Ниса сүресі, 64-аят.
  8. Әнбия сүресі, 87-88 аяттар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: