Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жаңа Қазақстан» қандай болуы керек?

07.04.2022, 10:20 4223

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын халыққа жариялады. Бұл Жолдаудың кешегі қаңтар оқиғасынан кейін маңызы зор болды. Бүкіл ел болып, тағат таппай күткен құжатта келелі мәселелер тізбегі құрылды. Еңселі еліміздің керегесі кең, босағасы берік болатынына сенім арта түсті. «Жаңа Қазақстан» идеясы қазақтың, қазақстандықтардың қолымен жаңа қоғамға айнала ма?  Жалпы, «Жаңа  Қазақстан»  қандай болуы керек?  Қоғамдық   пікір   иелерінен   сұрап   көрдік.

Баймырза  ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы:

– Халық – қоғамның  негізгі  аспектісі. Елдің  дамуын  жоғарылататын  да  немесе  тежей­тін  де – халық. Қазақстан азаматтарының арқасында ғана «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз. Ешкім бізге сара жол салып бермейді, өзіміз талпынуымыз қажет. Ешқандай дүниеден тыс қалмай, қоғамдық, рухани, әлеуметтік, экономикалық өмірге белсене араласу қажет. Яғни ашық қоғам орнату арқылы азаматтық қоғамға аяқ басамыз. Белсенділік деген ұғымды қате түсінбеу керек. Көшеге шығып, дау-жанжал шығару емес. Нақты іспен дәлелденуі керек. Сондай-ақ экономика саласындағы реформалар жүйелі болса, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсы болар еді. Кешегі мемлекет басшысының Жолдауында айтып өткендей, көптеген реформалар өзінің мақсатына жете алған жоқ. Өйткені жүзеге асатын мәселелер қарастырылмаған. Елде жаңа өзгеріс болуы үшін халықтың психологиясы өзгеруі керек. Ал, билік халықтың қызметшісі екенін ұмытпауы қажет. Сол кезде байланыс жақсы болады. Ең алдымен, «Жаңа Қазақстан» жастардың қолында екенін айта кеткен жөн. Сондықтан жастарға қолдау көрсетіліп, белсенді болуына мүмкіндік жасалуы қажет. Мұның  барлығы жүзеге асуы үшін формальды болмауы өте маңызды.

Мұратбек  ЕРЖАҚЫП,

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас инспекторы:

– «Өзгерісті  әр    адам  өзінен  бастауы  керек»  деген Ел Президенті халыққа арнаған Жол­дауында жаңадан құрылатын облыстардың аталуында ерекше мән бар екенін атап өтті. Бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жаса­майтынын жеткізген мемлекет басшысы ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырту бүгінгі буынның парызы мен міндеті екенін баса айтты. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңашыл ұстаздар қажет. Шетелге кеткен жас мамандарды елге қайтаруды бүгіннен бастап қолға алу керек. Ол үшін біз тәрбиені бесіктен бастауымыз керек. Жас баланың бойына ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүрімізді сіңіре отырып, оны отансүйгіштікке баулуымыз қажет. Балабақшаның берген бағытын білім ошақ­тары жалғастыруы тиіс. Жалынды, білімді, рухы мықты, намысы биік, жан-жақты жастар жерде қалмасы анық. Адам құқы ең бірінші орында тұруы маңызды. Әр адам өз жерінде жүріп, өзін қауіпсіз, бейбіт, еркін сезініп, мемлекетке арқа сүйеп, кез келген қолдауды тамыр-таныссыз алатындай болуы тиіс. Ол үшін түп  санамыз жаңарып, әр азамат бір-біріне сене алатын, қиналғанда қолдай алатын, ең бастысы, мемлекет өз  азаматтарының  берік  қамалы  болу  керек.

Жандос  БАЗАРТАЙ,

Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  университетінің  әлеуметтік  және 

тәрбие  жұмыстары  жөніндегі  проректоры:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында Жаңа Қазақстанды қалыптастыру бағытында ауқымды міндеттер жүктеді.

«Жаңа Қазақстан қандай болуы керек?»  деген сұраққа жауап бермес бұрын, еліміздің осы кезге дейінгі даму тарихына көз тастаған дұрыс. Әрбір саланың өкілі «Еліміз қарқынды даму үшін нені өзгерте аламын?» деген сауалды өзіне қойғаны жөн. Әсіресе, тәуелсіз елде туып-өскен жастарға артылатын  сенім  мол.

Қазір қоғамда басшыға жағынғаннан гөрі, сол ұжымға адал қызмет жасайтын, қызметтік мансапта «былғары креслоға» тез жетуді аңсап, нәтижесіз уақыт өткізуден гөрі,  абыройлы жұмыс істеуге барын салатын, смартфонға үңіліп, жалынын жігерсіздікке айырбастағандардан гөрі ұлтқа жанашыр жастарды тәрбиелейтін уақыт келді. Бүгінгі жас буын – көз­қарасы айқын, білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты қалыптасу үстіндегі азаматтар.  Қазіргі жастардың  креативті ұсыныс­тарын, жаңа тың жобаларын белсенді жүзе­ге асырсақ, біз бірнеше есе қарқынды  еңбек  етіп, нәтижеге  жете  аламыз.

Мемлекет басшысының кешегі Жолдауы әлемдік жағдайға алаңдап, қаңтардағы оқиғада қобалжыған жұрттың рухын көтеріп, ертеңге деген, ел болашағына деген сенімін бекітті. Іргесі берік, әл-ау­қаты жоғары мемлекет боламыз десек, ұлттың рухы биік, ел басшысына деген сенімі жоғары болуы керек және «Тұлғаға табыну» ұстанымынан гөрі, президент қасы­на топтасып көмектесу қағидасын қалыптастырғанымыз  аса  маңызды.

Белгілі идеолог және тәуелсіздік үшін аянбай күрескен тұлға Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөзі бар. Өзгерістер уақыты келді, өзгерейік, Тәуелсіздігіміз үшін күре­сейік. «Не үшін күресеміз?» деген сауал көп адамның ойында бар, әсіресе жас буында. Себебі кейде әртүрлі орталарда сұхбаттасу барысында «Тәуелсіздігіміз бар, шүкір» деп айтуды ғана әдетке айнал­дырғаннан басқа қадамға бармай жатамыз. Бірақ сол «Тәуелсіздік қалай келді, қалай сақтап қалуымыз керек және сол үшін әрбір елдің азаматы не жасауы керек?» деген сұрақтарды  ашық  айтпаймыз.

Осы кезге дейін елдің руханиятынан гөрі, экономикалық жағдайына ерекше мән берілгені рас. Көп жастың тілге, салт-дәстүрге, ұлттық менталитетке немқұрайды қарайтыны да сондықтан. Ендігі кезекте ұлттық идеологияға ерекше мән беру керек. Сонда елге жанашыр, рухы биік, әділетті адамдар көп болады деген  сенімдемін.

Пікір  жинаған   А.САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: