Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі жастармен кездесті

04.04.2020, 12:45 877

HALYQLINE.KZ – Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Бауыржан Мастеков, «Абзал и К» компаниясының директоры Мағжан Ералиев және «Jas otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілесті қабылдады.

Кездесуде жастардың қоғамдағы рөлі мен игі бастамалары талқыланды. «Абзал и К» компаниясының директоры Мағжан Ерәлиев «Smart box» жобасын таныстырды.

«Жастарға өзіндік орта қалыптастыратын «Smart box» жобасының мақсаты – жан-жақты дамуға жол ашу, аз қамтылған отбасы балаларына демеу болу. Мұндай орталықтар қаланың шет аймақтарында орналасады. Қауіпсіздік мақсатында полиция пункттерінің жанына қойылады. Жобаны толықтай өзім қаржыландырамын», – деді жас кәсіпкер.

Орталық келушілері тренингтерге қатысып, бизнес-семинарларда біліктіліктерін арттыра алады. Жоба жетекшісі балабақша, мектептермен әріптестік орнатып, уақытты тиімді өткізу жолдарын айқындауды жоспарлап отыр.

«Сол арқылы кіші буынның бейәдеп қылықтармен айналысуына жол бермейміз», – дейді жоба жетекшісі.

Ал «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Бауыржан Мастеков волонтерлар қозғалысының жұмысына тоқталды.

«Облыстың волонтерлік ұйымдарында 10 мыңға жуық жас тіркелген. Қазіргідей қиын кезеңде олар да қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Осы күнге дейін 28 936 бетперде, 10 мың үнпарақ таратылды», – деді Б.Мастеков.

Айта кетейік, «Jas otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы да игі бастамалардан сырт қалған емес. Олар осы уақытқа дейін 1 478 отбасыға атаулы көмек көрсеткен.

Гүлшара Әбдіқалықова жастардың ісіне береке тілеп, волонтерлар жылында биік белестерді бағындыруға шақырды. Алдағы уақытта кең ауқымда кездесу өткізілетінін айтты. Қазіргі таңда облыста 188 790 жас бар. Олардың 41,4 проценті қалада, 58,6 проценті ауылдық жерлерде тұрады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: