Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: «Өңдеу өнеркәсібі саласында ірі 21 жоба жасалды»

01.04.2022, 10:15 634

HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік Кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, жауапты басқарма, департамент басшылары мен бірқатар ЖШС директорлары қатысты.

Кеңесте Қызылорда облысында 2026 жылға дейін жүзеге асырылатын өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобалар, «Метан – альтернативті жанармай түрі» мен «Қызылорда қаласында «Keremet Arena» спорт кешенінің құрылысы» таныстырылды.Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылғы 27 желтоқсанда «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды. Осы орайда, өңірге жаңа инвестиция толқынын тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділіктен арылу мақсатында өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі 21 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев биыл құрылыс саласы және агроөнеркәсіптік кешен бағытында жалпы 5 инвестициялық жоба іске асатынын жеткізді. Олар – құрғақ құрылыс қоспалар өндірісі, жалпы қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайтын 2 құс фабрикасы, балық өңдеу цехы және ет комбинаты. 5 жобаның құны шамамен 11 млрд. теңгені құрап, іске қосылғанда 400-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Жиында қаралған екінші жоба туралы «Управление механизированной добычи» ЖШС-нің директоры Бақыт Джаныбеков баяндады. Кәсіпкер автомобильде қолданатын пропанын, бензин, дизель отынына балама тауар ретінде CNG – сығылған табиғи газды дайындау туралы ұсыныс көтерді. Айтуынша, табиғи газ тұтынушыларға баға жағынанда тиімді болмақ.

Бұл бастаманы іске асыру үшін қажетті магистральдық газ құбырлары желілері жеткілікті дәрежеде қалыптасқан. Оның үстіне қалаішілік газ құбырлары да, қалааралық газ құбырлары да қолжетімді және инфрақұрылым аясы кең.

Бақыт Джаныбеков метан-экологиялық таза, үнемді, ЖЖМ арасында ең қауіпсіз және жеңіл ұшып кететін газ екенін атап өтіп, осы шұғыл шаралар кешенін іске асыруды Қызылордадан бастау және одан әрі нәтижелерін басқа қалаларға таратуды ұсынды.

Аймақ басшысы жобаның өзектілігін ескере отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.

– Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселесін пысықтау қерек. Осыған байланысты, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына мұнай компанияларымен осы жобаны іске асыруды талқылау жөнінде кеңес ұйымдастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, жобаға қажетті шикізат көлемі мен қаржыландыру мәселелері шешімін тапқан жағдайда, жоба бастамашыларына мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын ұсыну қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.

Мұнан кейін «Тех Сервис» ЖШС директоры Марат Жаппарбергенов «Қызылорда қаласында «Keremet Arena» спорт кешенінің құрылысы» жобасын таныстырды. Құны 1 млрд теңге құрайтын кешенде бір күнде 150 адам спортпен шұғылдана алады. Сонымен қатар 25 жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жоба бастамашысы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.

Сонымен қатар, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы қолайлы екенін атап өтті. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновке жобаның қаржыландыру мәселесін екінші деңгейлі банктермен пысықтап, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Кеңесте қаралған мәселелерді саралаған облыс әкімі биылғы жылы әлеуметтік инфрақұрылымды, яғни мектеп, аурухана, мәдениет және спорт объектілерін жақсарту жұмыстарын кешенді түрде жалғастыруда бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін еске салды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: