Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз күткен бағыттар сөз болды, бірақ, біз күткен мәселелер өзгерген жоқ

31.03.2022, 11:00 294

Дос  КӨШІМ

Билік тығырыққа тірелген сияқ­ты. Олар қоғамға келелі өзге­рістердің қажет екенін түсінді, халықтың нақты қандай бағыттағы өзгерістерді күтіп отырғанын да түсінді, бірақ осы отыз жылдық жүйе­ні сақтай отырып, жаңа бағытқа қалай бұрылудың жолдарын таба алмай аңтарылып қалған сияқты. Президенттің кешегі Жолдауы осы тығырықтың нақты көрінісі болды.

Сан салалы мәселелерді, бірнеше тақырыпты қамтыған Жолдауды терең де жан-жақты талдауды газеттің көлемі көтермейтіні белгілі, сондықтан кейбір салаларға қатыс­ты қысқаша пікірлермен шектелген дұрыс деп ойлаймын.

Біріншіден, бәріміз күткен Қаңтар қырғыны жайлы нақты мәлімет, статистикалық деректер, дәлелдер мен нәтижелер айтылған жоқ. Мүмкін, бұған тергеу жұмыс­тарының әлі толық аяқталмағаны да себеп болған шығар, бірақ Президент өзінің бұрындары да сан рет айтқан, «мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған теріс пиғылды адамдармен» шектелді. Қысқасы, отыз жылдық әділетсіздікке қарсы, осы жүйені өзгертуді талап еткен халықтың ашу-ыза­сы, қоғамды өзгертуге арналған ұсыныс-тілектері, сол бағыттағы митингілер мен шерулер болмаған болып шықты… Шетелден арнайы дайындықтан өткен, Алматыға кірген қарулы 20 мың (егер басқа облыстарға «кірген» терроршылдарды қосқанда 50 мыңдай болуы мүмкін) адам туралы да ештеңе айтылмады. Олардың қолынан қанша азаматтың оққа ұшқаны (егер 2016 жылы шолақ мылтықпен қаруланған, арнайы дайындықтан өтпеген Күлікбаев тоғыз адамды атып өлтірсе, 20 мың терроршы жүздеген мың адамды жер жастандырары анық), терроршылардың қаншасының қаза болғаны (кемі үштен бірі жер жастанған болар деп ойлаймын), қаншасы қолға түскені (қалғандары тұтқындалған болар), олардың қай елдерден келгені, қандай лагерьлерде дайындықтан өткені, т.т. жұмбақ күйінде қалды.

Меніңше, «халықтың қарсылығы болған жоқ, бәрі жақсы, бәрі «Нұр Отан» мен Президентті қолдайды» деген президенттің ұстанымына «шетелдік террористердің» жеткілікті дәлел бола алмайтынын білген билік қоғамға екінші кінәлілерді ұсынуға кірісті. Бұл – күштік құрылымдардың «сарай төңкерісін» жасау әрекеті. («Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан ары жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді»). Президенттің бұл пікірінің дұрыс-бұрыстығы кейін, күштік құрылымның басшыларын тергеу аяқталып, ашық (!) сот болғанда ғана анықталатын болар. (Егер билік ашық сот өткізетін болса…). Өз басым, Тоқаевтың «Астана» атауын ономастика заңын белден баса отырып, «Нұр-Сұлтанға» ауыс­тыруы немесе «Назарбаевтың жолын сабақтастырамын» деген сияқты «ауқымды өзгерістері» Мәсімовке ұнамады дегенге ешқашан сенбеймін. Егер ұлттық қауіпсіздік органдары «билікті басып алғысы келсе», сөз жоқ, басқа тәсілдер қолданар еді деп ойлаймын. Олардың қолында ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарына негізделген сан түрлі қару­дың, кез келген тұлғаны жымын білдірмей жоқ қылатын тәсілдердің бар екені анық. Қару-жарақ дүкенін тонау – олардың деңгейі емес. Ал билікті басып алғысы келетіндер бес облыстағы «Нұр Отанның» ғимараттарына емес, астанадағы Ақордаға шабуыл жасар еді. Қысқасы, Қаңтар қырғынына берілген бағаның қорытындысы: Бізде бәрі тамаша болды. Халық билікке ешқандай реніші болған жоқ. Той тойлап, рақат өмір сүріп жатқанда сырттан келген жау алаңға басып кірді. Елді жаулап алғысы келді. Президентті құртқысы келді. Бұл – халықтың ашу-ызасы емес, ұйымдасқан терроршыл топтардың, ішкі жаулар мен опасыз басшылардың әрекеті. Ал халық билікке риза. (Құдайға шүкір, әйтеуір бір сөзінде «Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті» деп, сипап өтті. Меніңше, еліміздегі тоқырау қаңтардағы халықтың толқуы мен дүрбелеңге тікелей әсер еткен бірден-бір фактор болды).

Қысқасы, мен бұдан бұрын да айт­қандай, бұл билік тұрғанда Қаңтар қырғынының шындығы ашылмайды.

Екіншіден, Президенттің «Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма сая­си бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды» деген сөзін популистік пікір деп санаймын. (Осы жолдауда популистік бағыттағы ой-пікірлердің тым басым болғаны анық). Бұл – біздің партиялық жүйеміздің, саяси партия туралы түсінігіміздің жаңа сатыға көтеріле алмағанын ғана көрсетеді. Президенттің ойынша, өзінің өкілетілігін заңға сәйкес тоқтату – адамның саяси ұстанымынан бас тарту болып шығады. Кешіріңіз, саяси ұстаным – адамның өмірлік кредосы. Оны уақытша да тоқтату­ға болмайды. Ал біздегі Президент болған адамның өзінің партиясына ғана көмектесіп, өзінің партиясын ғана қолдауы мәдениетсіздік пен надандықтың белгісі болып табылады. Ал партиядан уақытша шығу – көзін жұмып, «мені тауып алыңдар» дейтін жас баланың сөзіне ұқсайды. Заң жүзінде партияға мүшелігін тоқтатқан адамның өз партиясына барынша жақсылық жасауға мүмкіндігі болмайды деп кімді алдамақпыз. Демократияның отаны болып саналатын АҚШ-та да Президент болған адам «уақытша» партия мүшелігінен бас тартпайды. Ол өзінің ел басшысы екенін жүрегімен қабылдайды, барлық партияға бірдей қарайды. Ал мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді Сенат пен Өкілдер палатасы қабылдайды. Оған Президент ешқандай да әсер ете алмайды. Мүмкін, біздер осындай жүйені негізге алармыз. Сонда ғана біздің президенттер «көрдіңдер ме, мен қазір ол партияның мүшесі емеспін, партия­лық билетімді ты­ғып қойдым, ке­йін… әрине» деп мыңқылдап тұрудан құтылады. Қа­зір біз кеңестік жүйедегі саяси партияның (өз басым, билікпен біте қайнасып, тек қана көппартиялық жүйенің бар екенін көрсетуге арналған топтарды партия  деп  атағым  да келмейді) қалпынан айрылмай тұрмыз. Әрине, осы пікір арқылы Тоқаев президенттің өз партиясына «қамқор» болатынын ашық мойындады, бірақ бұл дерттен арылудың жолын көрсетудің орнына популизмнің соқпағына түсіп кеткен сияқты. Ал оның «Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комис­сиясының, Есеп комитеті мен Конс­титуциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті  түрде партия­дан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн» деген пікірі нақтылауды қажет етеді деп есептеймін. Көптеген елдерде сайлау комиссиялары, оның ішінде ОСК-да, түрлі партия өкілдерінен жасақталады. Ал төменгі деңгейдегі сайлау комиссиялары сайлауға түскен үміткерлердің өкілдерінен құралады. Ал Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағаларының қандай партияның мүшесі болғаны, мен үшін, бәрібір. Адал да әділ болса болғаны. Ал партияның лауазымды тұлғаларының әкім не оның орынбасары болу мәселесін әрбір партияның Жарғысы шешуі шарт. Бұл адам құқығына жататын мәселе деп ойлаймын.

Үшіншіден, қоғамның ерекше көңіл аударып, өзгеріс күткен мәселелерінің бірі – Парламент, Сенат­тың жасақталуы, сайлау мәселесі болатын. Бұл мәселеде де Президент «косметикалық жөндеуден» аса аламады. «Президент соншама депутатты, сенаторды тағайындайды» деген демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын талап сол күйінде қалды. Сенатты толық тарату мәселесі де Президент тарапынан қолдау таппады. Ең болмаса, Сенат депутаттарын сол облыстың тұрғындары тікелей сайлайды деген ой да айтылмады. Мәжіліс депутаттарының көпшілігі бір мандатты округтен сайлануы керек деген талап та далада қалды. Әрине, Президент аралас жүйені енгізуді қолдады, бірақ әр облыстан бір ғана адамның мажоритарлық жүйемен сайлауға түсуі – «халық қалаулылары» деген атауды қайта тірілтпейтіні анық. Партияны рәсімдеу үшін қажетті мүшелердің санының 5 мыңға түсетіні – жақсы жаңалық, бірақ партия құруға арналған құрылтайға жиналатын адамдар санының 1000-нан 700-ге ғана түсуі – биліктің талай жыл «сыннан өткен» шектеуді қолдарынан шығарғысы келмегенін көрсетеді. Естеріңізде болса, партия құрушылар­дың саны 50 мың болғанда да, 40 мың болғанда да, 20 мың болғанда да құрылтайшылардың саны 1000 адам қалпында қалған. Бұл – партия құруға ниет қылған топтардың асу бермес бөгетінің бірі және бірегейі. Сегіз Франция сиятын қазақ жерінің барлық облыстарынан 700 адамды бір жерге жинау, алып келу, орналас­тыру, т.т. – шын мәнісінде үлкен қаржыны, орасан көп адам ресурс­тарын талап ететін мәселе. Осы жерде партия мүшелерінің санын бес есе қысқартса, құрылтайшылардың да саны бес есеге қысқаруы керек қой деген заңды сұрақ та туады. Жауап біреу-ақ, билік те қайсы мәселені қысқартып, ал қайсы мәселені қалды­ратынын жақсы біледі… Меніңше, Жолдауда айтылған бастамалар – Президенттің жеке көзқарасы, ал олар заңға айнала бастағанда, жұмысшы тобы­ның мүшелері Жолдаудағы айтылған мәселелермен шектелмей, оны терең­дете, кеңейте түседі деп үміттенемін. Меніңше, сайлау жүйе­сіне соңғы жылдары жасанды түрде енгі­зілген бірнеше өзгерісті («Президентке үміткер бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек» деген әлемнің бірде-бір елінде жоқ баптан бастап, «Сайлауды тек қана сол мақсатта құрылған қоғамдық ұйымдар бақылай алады» деген, азаматтық қоғамның бақылау қызметін шектейтін баптарға дейін) толық алып тастау қажет.

Төртіншіден, Тоқаевтың «Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады» деген сөзі де популистік бағыттағы пікір екені анық. Естуімше, осыған ұқсас заң АҚШ-тың Президенті Клинтонның кезінде, оның жұбайы Хиллари Клинтон мемлекеттік хатшы болуға ниет білдіргенде қабылданған сияқ­ты. Өз басым, осындай жағдайда, адамның моральдық, адами қасиет­теріне сүйенген дұрыс деп ойлаймын. …Бірде Малайзияны жиырма жылдың ішінде қуатты мемле­кеттердің қатарына қосқан премьер Мұхам­мед Мұхатхирдың қызы әкесіне банк ашқысы келетінін айтып, ақыл сұрапты. Сонда премьер қызының бетінен шапалақпен тартып жіберіп, «Мен билікте отыр­ғанда, менің бірде-бір жақыным не бизнес, не саясатқа бармауы керек» депті. Егер Президенттің бойында, ойында осындай қасиет болса, заңның қажеті жоқ, егер ондай қасиет болмаса, ондай адамды Президенттік қызметке сайлаудың қажеті жоқ. Екіншіден, «жақын туыстары» деген сөздің өзіне түсініктеме керек сияқ­ты… Біреу баласына сенеді, ал енді біреулер жиені не бөлесін билікке сүйрейді. Жақындарынан көрі дос­тарына сенетін, соларды қолдау арқылы байлық жинайтындар да жеткілікті.

Бесіншіден, Президент бұ­рын жабылған үш облысты қайта ашу керек деп, халықтың бір бөлігін мәз қылып тастады… Нағыз популистік бағыттағы бұл бастама, шын мәнінде, көпшіліктің көңілінде, әділдіктің қайта орнауы сияқты әсер қалдырды. Әрине, бұл қадам еліміздегі демократиялық өзгерістерге ешқандай әсер етпейді, бірақ Назарбаевтың кезінде жасалған қателіктер қайта орнына келіп жатыр деген ойды ұялатады. Айтпақшы, Президент Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беру мәселесін көтеру арқылы «қалаларға адам атын беруге тыйым салу керек» деген заңдық ұстанымды да ұмытып кеткен сияқты. Өз басым, қалаларға белгілі бір тұлғалардың атын беруді – жабайылықтың белгісі деп қабылдайтын жанмын. Жер-суға, елді мекендерге халықтың өзі-ақ   атау  береді. Оны  топонимикалық атау деп атайды. Сол атауларды саяси мақсатпен ауыстырудың ешқандай қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі – саяси бағыт өзгерген са­йын бейшара қалалардың аттары да өзгере береді… Петер­бург – Петро­град болды, ке­йін, коммунистік идеология үстемдік құрған уақытта, Ленинград болып өзгерді, тағы саясат өзгергенде, қайтадан Петроград болғанын білеміз. Бұндай «сайқалдық» өркениеттің көрсеткіші болып табылмайды, екіншіден, отаршылдық кезіндегі берілген, қазақтың намысы­на тие­тін Павлодар, Петропавл атаулары  өзгеріссіз тұрғанда қазақтың атауын екінші бір қазақтың атауына ауыстыру – …еріккен сарттың жұмысына ұқсайды.  

Сөз соңында тағы үш ауыз пікірімді бергім келіп отыр.

Біріншіден, егер бұл Жолдау – саяси реформаның бастамасы болса, ол ертең жалғасын тауып, біз күткен жаңа өзгерістер өмірге келіп, жалғасын табатын болса – шүкіршілік деу­ге болады. Әліптің артын бағайық. Басты мәселенің бірі – осы көтерілген бастамаларды заңға айнал­дыру жұмысына азаматтық қоғамның өкілдерін, осы мәселелерді отыз жыл бойы көтеріп, айтып жүрген азаматтарды  тікелей  араластыру  қажет.

Екіншіден, өз басым, Жолдауды ұйып тыңдап, анда-санда қол соғып, қолдау білдіріп отырған жандарға қарап, өзімнен өзім ыңғайсыз­дандым. Олар (үкімет басшылары, облыс әкімдері, депутаттар, т.т.) осыдан бірнеше жыл бұрын об­лыстарды қосқан уақытта да, облыс әкімдері «Нұр Отанның» басшысы болу туралы мәселе көтерілгенде де, т.т. дәл бүгінгідей «қол соғып, қолдап отырған» болатын. Ертең тағы бір Президент келіп, сол облыс­тарды қайтадан қосу керек десе, бұл сабаздардың ол бастаманы тағы да «бір кісідей қолдайтыны» анық. Бұндай «элитамен», «ел басшыларымен» Тоқаев қандай реформа жаса­мақшы?

Үшіншіден, бүгінгі Жолдауда айтыл­ған мәселелерді Президенттің сайлауалды бағдарламасынан таба алмадым… Керісінше, оған бәсекелес болған Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасында осы айтылған мәселелер  тізіліп тұр… Қызық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: