«Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды» деген екен танымал жазушы Шерхан Мұртаза. Ал, біздің билікте туған тілін тәрк еткендер аз емес, содан да туған халқына жаны ашымайды, еміренбейді. Жасыратыны жоқ, мұндай мұңсыздар еліміздің заң шығарушы органы – парламент партасында да отыр. Бүгінге дейін қазақ тілін білмейтін адамды мемлекетік қызметте жұмыс істеу құқынан айырсын деп айтып жүргендер көп. Қайдағы, есесіне парламенттегілердің тіл сындыруы үшін жыл сайын миллиондаған қаржы бөлініп жатыр екен.
Бұл туралы қайбір күні Ulysmedia.kz сайтында ақпарат жарияланды. Онда «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» деген мекеме мемлекеттік тіл бойынша тренингтер өткізу үшін 27 млн теңге жұмсайтыны айтылған. «Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, мекеме 11 ақпан күні «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасаған. Тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Келісімшартқа сәйкес, «Парасат» ЖК биылғы 25 желтоқсанға дейін «тапсырыс берушінің 50 тыңдаушысына» мемлекеттік тілден тренингтер өткізуге тиіс. Құжатта «тыңдаушылардың» нақты кім екені айтылмаған.
– «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» негізінен Парламенттің шаруашылық жұмыстарына жауапты. Сондықтан 50 «тыңдаушының» депутаттар екенін болжауға болады. Оның үстіне, тендер техсипаттамасында тренинг өткізілетін орын ретінде Парламент ғимараты мен Мәжіліс ғимаратының мекенжайы көрсетілген. Техсипаттамада «қызметтің негізгі мақсаты – тапсырыс берушінің тыңдаушыларының мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау» деп жазылған. Соған қарағанда, депутаттарға мемлекеттік тілді үйретуді де мемлекет өз мойнына алған сияқты», – деп болжайды телеграм-арна иесі, журналист Мият Кәшібай.
«Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» өз «тыңдаушыларына» тіл үйрету үшін биыл ғана қыруар қаржы бөлмеген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, мекеме 2016 жылдан бері «тыңдаушыларына» тіл үйрету мақсатында 14 келісімшарттың барлығын «Парасат» жеке кәсіпкерлігімен жасасқан. Оның үстіне, барлық тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Яғни, мекеме ашық конкурс өткізбеген, тек бір компаниямен келісімшарт жасаса берген. Нәтижесінде, «Парасат» ЖК 2016 жылдан бері аталған мекемеден 285 млн теңге жуық қаржы алған.
– «Парасат» ЖК иесі – Мақпал Мұртазаева деген адам. Ашық дереккөздерде ол жайлы ақпарат жоқ. Бізге белгілісі – Мұртазаева осы уақытқа дейін тек «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына» ғана қызмет көрсетіп келген. Өйткені порталда басқа мекемеден тендер алған кезі жоқ», – деп түйген телеграм-арнадағылар депутаттардың, жалпы Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуі үшін бюджеттен ақша бөлген дұрыс па деген сыңайда сауал қояды» деп жазады аталған сайтта.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде бұл мәселеге өз пікірлерін білдіріп, наразылық танытқандар көбейді. «Қазына қаржысын оңды-солды шашқанша, тіл сындыруға бөлінетін 27 млн теңгені орысша сөйлеп, ісқағаздарын, басқа да құжаттарын орысша жүргізетін мекемелерден айыппұл салып тапсын. Қазақ тілін білмейтін адамды мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айырсын» дейді Әбілқасым Шағанбаев есімді әлеуметтік желі қолданушысы. Ал, жазушы Нұрлыбек Саматұлы: «Рас болса Парламент депутаттарына қазақ тілін үйрету үшін 27 миллион теңге бөлінген дейді. Немене, сонда парламент тіл үйрететін оқу орны ма екен? Бұл не масқара? Егер үйрену керек болса, депутаттар өзінің қалтасынан төлесін. Тіпті, мемлекеттік тілді білмейтін адамды парламентке неге жолатамыз? Депутат болғың келе ме, мемлекеттік қызметкер болғың келе ме, онда мемлекеттік тілді білу міндеттелуі тиіс» деп жазады. Бұл мәселеге парламент төрінде отырған депутат та бейжай қарай алмапты. «Мәжіліс депутаттарына мемлекеттік тілді меңгеруге бюджеттен қаражаттың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің басты символдарының бірі. Сондықтан, мемлекеттік тілде сөйлеу – әрбір Мәжіліс депутатының борышы. Бүгінде Мәжілістің басым отырыстары мемлекеттік тілде өтеді. Депутаттардың басым көпшілігі қазақ тілін еркін меңгерген. Геннадий Шиповских, Снежанна Имашева, Наталья Дементьева, Ильяс Буларов қазақша бізден артық сөйлемесе, кем сөйлемейді. Бұл әріптестеріміз мемлекеттік тілді басқаға кәсіби түрде үйрететін әлеуеті бар! Басқалары өздігінен үйренеді. Бюджеттен қаржы қажеті жоқ» дейді мәжілісмен Ерлан Саиров.
Біз не дейік? Тәуелсіз ел болғалы 30 жыл ішінде әлі де тілімізді «тірілте» алмай жүрсек, кімге өкпелейміз?
Н.КЕНЖЕТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!