Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үлкен-кіші – интернеттің құлы

25.03.2022, 10:20 606

Белгілі публицист, қазіргі сена­тор Нұртөре Жүсіп бір мақаласында әлеуметтік желі қолданушыларына «Желіге байланған жұлын» деген тіркесті қолданған болатын. Расында да, қазіргі кезде жасы­мыз бен жасамысымыз ұялы телефоннан жұлыны жоғары көтерілмей, желіге жіпсіз байланған. Олай дейтініміз, пайдасымен қатар зияны бірге жүріп келе жатқан әлеуметтік желі бүгінде даму сатысында тұр. Қазіргі таңда бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желі қызық. Десе де, желіні түрліше өз қажетіне жаратып, тиімді жолын тауып жатқан адамдар бар. Интернеттің пайдасы десе, ойлайтынымыз адамдардың еш кедергісіз бір-бірімен тез байла­ныса алуымен қоса, барлық керек деректерді осы әлеуметтік желіден таба алады. Айта берсек, пайдалы тұсы өте көп. Дегенмен, артықшылық көзін оңай жолмен табамыз деп абыройына нұқсан келтіріп жүрген жандар қаншама. Сондай-ақ, желінің осалдығы ең алдымен адам баласының алтын­нан да қымбат уақытын алатыны белгілі. Оған қоса, ұялы телефонның адам ағзасына тигі­зер кесірі де бар. Белең алып, қолданыста жүрген әлеуметтік желілердің түрлері  – Instagram, Tik Tok, YouTube, Facebook, WhatsApp. Осы желілерді тиімсіз қолданып, абырой-атақ деп қазақ менталитетіне жат әрекеттер жасап жатқандар көп. Әрине, бұл қажетсіз істерге байланысты интернет желісіне қарсы келіп, жабылуы әсте мүмкін емес. Десек те, интернетті өз қамына асыра сілтеп қолданып жүрген адамдардың көзқарасын, іс-әрекеттерін жою үшін қоғамды жаңа бетбұрысқа  қарай  үгіттеуіміз  керек  емес  пе?

– Бүкіл әлемде әлеуметтік желі қолжетімді әрі цензурасыз, әркім өз ойын ашық айтатын алаңға айналып отыр. Дегенмен де, қазіргі кезде әлеуметтік желіні өз пайдасына асыра қолданып жүргендері адамды қынжылтады. Әрине, біз зайырлы мемлекетте тұратындықтан кез келген адам өзінің жеке парақшасында ой-пікірі мен видео, суреттерін бөлісе алады. Десе де, бұл жағдайға тоқтам қойылу керек сияқты, себебі, қоғамға ортақ құрылғы болғандықтан шектен тыс кеткеніміз жөн емес. Жеке тұлға ретінде «мен білемін»  дегендікке салынып, түзу жолынан тайып кетіп жатқандарға С.Торай­ғыровтың  «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп айт­қанындай өмірдің  әркез бумеранг екенін ескертуіміз керек. Сондықтан да, әлеуметтік желінің этикасын өте қатаң сақтауымыз қажет. Қазір желі пайдаланушыларын қарап отырғанда көп қателерді көріп, қатты қарнымыз ашады. Себебі, интернет қолданушыларының басым бөлігі кішігірім тыныс белгілерінен қате жіберіп жатқанын көріп отырмыз. Әдебиет – өмірдің айнасы деп білсек, әлеуметтік желіні де адамның айнасы ретінде қарауымыз керек. Сонымен қоса, әлеуметтік желінің қазіргі жағдайына заң аясында біршама шаралар жасап, мектеп, университет қабырғаларында түсіндірме сабақтарын жүргізуді нақты қолға алу қажет, – деп  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығының аға оқытушысы Асыл Оразова әлеуметтік желі жайында  өзінің  пікірімен  бөлісті.

«Ертексіз өскен бала  –  рухани мүгедек адам» демекші, қазіргі үлкен қарияларымыз немереге ертегі, әңгіме айтудан қалған. Ал, балалар баяғыша асыр салып далада ойнамайды. Керісінше, кішісіне үлкені қосылып интернет шарпыған заманда қатарласа желі белсенділеріне айнал­ғаны адамды жабырқатады екен. Шынтуайтына келгенде, арам  жолы мен адал жағы қатарласқан интернет құрылымы біздің қазақ­тың ұғымына мүлде бейтаныс екені анық. Иә, ғасырымыз осылай жалғасуда, бірақ бізден кейінгі ұрпақты елестетудің өзі қорқынышты. Интернеттен көрген зиянды ақпараттардан келешек жастар пайымды тағылым алмай, әдеп-ғұрпымыздан асып, салт-дәстүрімізді сақтамай, қазаққа жат тәлім-тәрбиелерді бойына сіңіруі әбден мүмкін. Сондықтан, «тәрбие  –  тал бе­сіктен» демекші, ең алдымен тәрбие жағын реттесек, ұлттық құндылығымызды жоғалтпаймыз. Әлеуметтік желінің жақсы жақтарын жиі-жиі айта отырып адамдардың аяқ басар бағыты өзгеретіні  айқын. Мысал үшін, интер­нет беті арқылы көптеген авторлардың түрлі шығармаларын электронды нұсқада оқуға болатыны және кітап оқуға арналған гаджеттер бар екенін бірі білсе,  бірі білмейді. Сонымен қатар, желіде  өз  бизнесін бастап, дамытып, жүргізіп жатқан жандар да өздерінің пайдалы тұстарын көрсетіп-ақ жүргенін білеміз. Тағы да, әлеуметтік желінің жаңа бастамаға, өзгеше талпыныс пен ой ұшқырын кеңейтетін әрқилы идеяларды тудыратын күш екеніне көз жеткізе аламыз. Осы төртбұрышты көгілдір экранға тәуелділік  жа­йында психолог маманның кеңе­сіне  жүгінгенді  жөн  көрдік.

– Қазір әлеуметтік желі өмі­ріміздің бір бөлшегіне айналды. Кей адамдар смартфон немесе планшет арқылы әлеуметтік желіге ғұмырының көбірек уақытын жұмсайды. Бұл құрылғы қызығу­шылықтары сәйкес келе­тін топтардың бірігуіне мүмкін­дік береді. Өлшемсіз пайдаланыл­ған әлеуметтік желіден бас тартып, уақытын үнемдей алмау тәуелділікке апарады. Әлем бо­йынша «номофобия» деген түсінік пайда болды. Бұл –  ұялы телефонның болмауынан қорқу. Қазіргі таңда, адамдар арасында басым көрсеткіштегі фобия түрі деп айтсақ болады. Кез келген жан интернет желісін коммуникация құралы ретінде, яғни  теледидар, радио және тағы да басқа нұсқада қарау керек. Оны білімімізді жетілдіруге, оқуға бағыттаушы құрал ретінде қажетімізге жаратуымыз абзалырақ. Интернеттің жетегінде 10-18 жастағы жаңа өсіп келе жатқан жандар басымырақ. Қазіргі жастар әлеуметтік желіге қарап бой түзейді, өзін қалыптастырады. Ол жаңа буын үшін осынысымен құнды. Ендеше, техниканың жақсы тұстарын қажетіне жарату әркімнің өз еркіндегі дүние екендігін көреміз. Жасөспірімдер үшін тек ересектер тарапынан қадағалау болса жеткілікті. Әлеуметтік желіні көп қолданатын адамдар техниканы қайта-қайта тексеріп, мезгілсіз қарай береді. Сондай-ақ, тамақ ішу уақытын, яғни күнделікті режи­мін бұзады. Өзіне ескертілген тәуелділіктің барын жоққа шы­ғарады. Және ашушаңдық көрсету, көңіл күйінің болмауы, шаршау белгілерінің болуы, жалқаулықтың көбеюі пайда болады. Әлеуметтік желіге бағыныштылық  –  басқа тәуелділік дертіне шалдыққан адамдар сияқты психологиялық тұрғыдан науқастық болып есептелінеді. Желіге басыбайлы мұқ­таж жандар ең алдымен интернетсіз бір немесе екі күн демалуы керек. Ал, балаларға ата-аналары көбірек сүйіспеншілігі мен уақытын  арнайтын  болса, бұл дерттен айығуы оңай. Себебі, отбасында әке-шешенің атқаратын рөлі өте зор, – деді «Bilim foundation» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігі басшысы, психолог маман  Жұмагүл   Баянова.

Қорытындылай келе, осы ғасырда бізге берілген интернет желісі басымызға бақ болып қонды емес пе? Бәсекеге қабі­лет­тілік артқан заманда әлеуметтік желінің барлық мүмкіншілігін жүзеге асыру  – ол біздің қолы­мызда. Ең бастысы, дұрыс жағынан пайдаға жаратып, бе­рілген мүмкіндікті  жіберіп  алмау.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: