Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тірегі «тығырыққа» тірелсе…

17.03.2022, 11:20 354

Ел тұрғындары бірте-бірте биліктің «Жаңа Қазақстан» құрамыз» деген ойына сеніп келе жатқан сыңайлы. Өйткені, жыл басынан бергі еліміздегі лауазымды тұлғалардың ауыс-түйісі, қызметтен босауы мен тағайындаулары сәл де болса көпшіліктің көңілінен шыққандай. Тіпті, үстінен іс қозғалып, қамауға алынған басшыларды көріп қуанышын жасыра алмай, әлеуметтік желіге жарыса жазып жатқандар болды. Әрине, өзгенің қайғысын қуанышқа айналдыру дұрыс емес. Бірақ, ебін тауып екі асағандар тірегі «тығырыққа» тірелгенде басқа қайтеді?!

Сонымен, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 13 наурызда «Қазақ­телеком» АҚ-ның қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыны ұстап, уақытша қамау изоляторына жеткізді. Ізінше, яғни 15 наурызда сот санкциясымен ол екі айға қамауға алынды. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық ауданаралық арнаулы тергеу соты таратты. Сот мамандарының айтуынша, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуге қатысты мәліметтерді жариялау­ға  болмайды.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр» деп хабарлаған. «Өзге де қылмыстарға» деген агенттіктің сөзін «Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға қатыс­ты» деп қабылдап жатқандар бар. Әлеуметтік желілерде бұл тақырып  өте  көп  талқылануда.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың немере інісі. Ол «Kaspi.kz» АҚ негізгі акцио­нерлерінің бірі болған (30%), Alatau Capital Invest арқылы «Қазақ­телекомда»  да  үлесі  бар. Әр жылдары  мемлекеттік  қызметте  істеген. 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан – ред.) әкімінің  орынбасары,  «KazakhOil»  компаниясының  вице-президенті, «Қазақстан темір  жолы»  компаниясының  бірінші  вице-прези­денті  болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Олжас Бектенов Қайрат Сатыбалдыұлын­ың Алматы әуежайында ұсталғанын, оның Дубай­ға  ұшпақ  болғанын  растап  отыр.

Бұған дейін, яғни 8 қаңтарда ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның экс-президенттің сенімді серігі болғанын атқарған қызметтері-ақ растайды. Ал, ҰҚК төрағасының  бірінші  орынбасары  Самат  Сатыбалдыұлы  президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 17 қаңтарда лауазымынан босатылған  еді.

15 қаңтарда «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі «Qazaq­Gaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қыз­меттен кетті» деп хабарлама таратты. Араға үш күн салып Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тимур Құлыбаевтың қызметіндегі өкілеттігі өз еркімен тоқтатылғанын жазды. Жоғарыда аты аталған үш кісі де Қазақстанның экс-президентінің күйеу баласы саналады.

Айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 25 ақ­панда мәжілістен кететінін мәлімдеді. 2 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы шығарды. Бір  қызы­ғы,  101  депутаттың 99-ы қаулыны жақтап дауыс берсе, біреуі  қалыс  қалған.

15  наурызда  «55 майнинг фермасы қызметін өз еркімен тоқтатты» деген ақпарат  шықты. Заңсыз   майнингпен  айналысқан  кәсіпкерлердің тізімінде  Болат  Назарбаев  пен  Қайрат  Шәріпбаевтың  аты  аталады.

Дәл осы күні кешке Н.Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевты қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ұстап, тергеу изоляторына қамады. Ол Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнес­меннің  қатарына  кіреді.

Боранбаев – Алматының «Қайрат» футбол клубының, Fitnation фитнес клубының, «Рахат Палас», Comfort Hotel Astana қонақүйлерінің иесі, Esentai Mall, Esentai Tower бизнес орталығын, «Алмалы» сауда орталығын, Латвия­дағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүйін серіктесімен бөлісіп басқарады. McDonalds тамақтану орнының  Қазақстандағы  және  Ресейдегі  франчайзинг  иесі.

Экс-президенттің туған-туыстарының жаппай өз еркімен қызметтен кетуін, лауазымнан босатылуын, қылмыстық іс қозғалуын сан-саққа жүгір­туге болады. Ал, Н.Назарбаевтың өзі «Қаңтар оқиғасынан» кейін ел  алдына  көп  шықпады.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: