Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр суының сыңғыры тағы сылбыр тарта ма?

17.03.2022, 11:03 294

Сырдария суының проблемасы мемлекетаралық деңгейде шешілмейінше, нәтиже  болмайды. Ол үшін  елімізде  су саясатын  күшейтіп, өз  мүддемізде  табандылық  таныту – үкіметтің  таби­ғат,  ел-халық  алдындағы  парызы.

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА,

сарапшы  журналист

Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тәмсіл бар. Иә, су – тіршілік көзі. Ол кез келген жерде, кез келген уақытта керек. Осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен қазіргіні салыстыра алмаймыз. Мамандар алдағы уақытта әлемде «Су үшін соғыс басталар күн алыс емес» деп болжайды. Сыр өзеніндегі судың аздығынан ірілі-ұсақты көлдер жүйесінің жоғалып кету қаупі жоғары. Тіпті, ұлтаны құрғап, аппақ шаңы аспанға ұшып жатқанын айтып дабыл қағып жатқандар да бар. Су тапшылығы ауыл шаруашылығына да айтарлықтай зиянын келтіреді. Ал, Сырдарияның суы сарқылса, экологиялық аймақтың, апаттың «көкесі»  болғалы  тұр.

«…Уақыт өтіп, су тапшылығы сезіліп келеді. Суды әзірге сатып алып отырмыз. Қырғыздан, тәжіктен, өзбектен. Тапшылық бар, бірақ қатты емес. Алдағы 5-10 жылда ол тапшылық артады. Сонда біздің қазіргі айтып жүрген «доспыз, түркіміз, көршіміз» сөздері екінші «планға» сырғып, су мәселесін өткір  шешіп  алу  қажеттілігі туындайтын  сияқты. Өйткені су – өмір, су – экономика, су – ауыл шаруашылығы, су – мал, су – егін, су – өсу. Еріксіз сол сәтте майда дипломатия жүрмесе, шекара жабу, қысым көрсету әрекеттері алға шығып кете ме деп сескенемін. Мәжбүрліктен» дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали «Су үшін соғысқа санаулы жылдар қалды»  атты  мақаласында.

«Қызылордада су тапшылығын болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» деген сұраққа Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берілгендей болды.

Өңірде су тапшылығының алдын алу мақсатында 65 жоба іске асырылмақ. Биыл облыстық бюджеттен 157,1 шақырым болатын 20 каналды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал, елді мекендерге 23 дана насос қондырғысы  сатып  алынады.

– Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі су ағынының азаюы өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын едәуір қиындатуда. Су тапшылығына байланысты «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында, бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленуде. Аталған жоба аясында 2022-2025 жылдар аралығындағы 20 жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде облыстық коммуналдық меншікке 224 су шаруашылығы нысанына тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай  Айтжанова.

Брифинг барысында су қоймаларына түсіп жатқан су көлемі айтылды. Алдағы уақытта суды көп қажет ететін өнімдердің көлемі бірнеше есеге азайтылмақ. Бұған дейін де мұндай шаралар жүзеге асып, өз нәтижесін берген болатын.

– Қазіргі таңда «Тоқтағұл» су қоймасына 7,9 млрд текше метр су жиналды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 млрд текше метрге кем. «Шардара» су қоймасында жиналған су көлемі – 4,8 млрд текше метр. Түсіп жатқан су секундына 495 текше метрді құрайды. Өткен жылы «Көксарай» су қоймасына 1,3 млрд текше метр су жиналды. Қазіргі таңда бұл су қоймасына су жинақтау жұмыстары жүргізілмеді. Себебі, Сырдария өзеніндегі су көлемі аз, – деді  Арал-Сырдария  бассейндік инспекциясының  бөлім  басшысы  Сейітхан  Абуов.

Сыр өңірі трансшекаралық Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғарыдан келетін судың көлеміне тікелей тәуелді. Өткен жылы облыста болған суармалы су тапшылығы салдарынан қажетті су көлемі жеткілікті деңгейде болмай бірқатар қиындықтар туындады. Дегенмен, биыл да судың деңгейі төмендейді. Оны мамандар ашық айтып отыр.

– Биылғы су тапшылығы мәселесі аса күрделі болатыны белгілі. Осыған сәйкес, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемі азайтылады. Басты дақыл күріштің көлемі  64 мың гектарға дейін қысқарады. Сондай-ақ, қаңтар айынан бастап, Жаңадария, Жаңарық, Айнакөл, Қаракөл, Қараөзек көлдер жүйесіне су толтыру жұмыстары басталды, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы  директорының  орынбасары  Жорабек  Ерназаров.

Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқанын бастар алдында егісті суармалы сумен қамтамасыз етудің жағдайын пысықтады. Кеңейтілген жиында Сырдариядағы су тапшылығы талқыланған еді. Аймақ басшысы вегетациялық кезеңде суды үнемдеу жолдарын қарап, жедел түрде кешенді шара қабылдау қажеттігін тапсырды.

– Сырдария өзеніндегі су тапшылығы мәселесі тек облыс ғана емес, республика үшін өзекті. Бұл ретте  ахуалға  қарай  әрекет  етіп, су арналарын  реттеу,  каналдарды тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бүгінгі күні Сырдария  өзенінің ағысын  реттейтін  Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі  17 млрд 771 млн текше метрді құрап, өткен жылдан 1 млрд 954 млн текше метрге кем болып отыр. Сондықтан биылғы жылғы суармалы судың жағдайы өткен жылдан да күрделі болмақ. Оның ішінде Жаңақорған ауданы егісін сумен қамтамасыз ету мақсатында Келінтөбе магистралды каналына су деңгейін көтеру және «Қазсушар» кәсіпорны арқылы қажетті насос қондырғыларын сатып алу мәселесін ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп шешу мәселесін жеделдетуіміз қажет, – деді аймақ басшысы.

Қанша  ғасыр  сақталған  қазынам  боп,

Суымнан  нәр,  түбімнен  азық  ал деп…

Сыр сарқылды.

Үзілді өмір-өзен,

Неге мұнша о, тағдыр, базынаң көп?… деп ақын Елена Әбдіқалықова «Сырдарияны жоқтау» атты өлеңінде жоқтайды. Иә, елімізде су саясатына саяси-адамзаттық проблема деңгейінде маңыз берілмесе, қауіп көп. «Су саясатын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей бақылауға алуы, назарда ұстауы керек» дейтіндер көп.

Биыл Сырдария суының сыңғыры тағы сылбыр тартатынын бәрі біліп отыр. Басшылық та қолдан келгенше қам-қарекет жасап жатқандай. Облыс әкімінің су саласына қатысты тұлғалармен онлайн, офлайн форматтарда кездесуі, су тапшылығын талқылауы, «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында, бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасының әзірленуі, бәрі-бәрі – «Сыр-ана сарқылмасын!» деген ниетпен, тілекпен істеліп жатқан жұмыстар. Бір өкініштісі, мұның бәрі осыдан кемі 10 жыл бұрын қолға алынуы тиіс еді. Бір кездері арнасына сыймай ағып жатқан асау өзен еді. Дарияның демі үзілмесін, Сыр-ана сарқылмасын!

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: