Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерлі-зайыпты әрекет ету үшін биліктен қарекет қажет

10.03.2022, 11:40 636

Әлем шытынап тұр. Түртсең жетіп жатыр. Не жарылыс, не бүлініс. Бәрі жанталасып бағуда. Жағаласып жүріп өзінікін түгендеуге көшкен. Украинадағы жағдай соның сипаты. Айналып келгенде бейбіт елдің аспанын бұлт торлады. Бәрі Ресейдің қылығы. Бәрі АҚШ-тың былығы. Бірақ, мұны ескеріп жатқан да жоқпыз. Өйткені біздің уайым – Украина халқы. Онан соң өз басымызға да бір қараймыз, қарға саңғырығын тастамады ма деп. Өте орынды. Буынсыз жерге пышақ ұру ойда жоқ. Вьетнам, Ауғанстан, Сирия, Ливия, т.б. тәуелсіз елдерде  болған жайт бізде болмасына кім кепіл? Ұлан-ғайыр далаға қысық көз де, қырсық сөзді де емешегі үзіліп отыр. Өйтпегенде ше? Асты-үсті байлыққа толы атырапқа кім  іш  тартпасын.  Ресейдің  (орыс  халқы емес,  билігі)  сан  жылдан «ұлы арманы» – солтүстік  облыстарды «меншіктеу».  Соңғы уақытта  тіптен,  асқазаны шұрылдап жүр. Ал бізге қайтпек керек? Украина сияқты басқыншыға көрсетер қауқар бар ма? Бесіктегі баласынан еңкейген қариясына дейін қару алып, тулақтай жер үшін алысып  бағуда. Бар-жоғы 600 мың шаршы  шақырымнан  сәл  асатын  жерді  41 миллион халық  мекендейді. Бүгінде осы территорияны тең жартысы қорғап жүр. Кәрі-құртаң мен баланы есептемегенде. Қазақстанның 2,7 миллион шаршы шақырым жерін бар-жоғы 19 миллион ғана халық мекендейді. Ел басына күн туса, күн туды да. Қаңтарда болған лаңда билік айтқан 20 мың содырға шамамыз келмей қалды. Оның өзінде танк, бронотехника мен ұшақсыз, реактивті зымырандарсыз-ақ тірсегімізді тілмек болды. Тілді де. Егер ҰҚШҰ әскері (Ресей басым бөлігі) болмағанда кеңірдектен айрылар едік. Өз әскеріміздің шамасы да келмеді. Себебі жер көлемі үлкен, қалалардың арасы қашық, халқы аз елміз ғой. Көз алартқан Ресей сықылды алпауыттар келсе, көзімізге шыбын үймелетіп кетеді. Бұл анық. Ана жерден мына қалаға жетемін дегенше бір күн жетпейтіні себеп. Сондықтан қазір Қазақстан экономика мен жүйені өзгертуден, әскерді күшейтумен қатар көбею мәселесін қатар алып жүруі керек. Биліктің құлағына алтын емес, платинадан сырға. Демографиялық бум қажет. Адами капиталды молайту қажет.

Елімізде ағымдағы жылы бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге төленсе, төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК немесе 192 969 теңге жөргекпұл беріледі. Қымбатшылық алқымнан алғанда тоғыз ай һәм тоғыз күн бала көтеріп, оны тап­қан ананың «еңбегі» бір ауданның әкімінің (облыс әкімі, минстрлер мен депутаттарды айтпағанда) бір айлық жалақысына жетпейді. Сорлылық па? Халық саны мұнан соң қайдан көбеймек? Саралайық, тоғыз ай ішінде болашақ ана неше мәрте дәрігерге қаралады? Неше мәрте УЗИ-ге түседі? Баланы дүниеге әкелерде перзентханаға (роддом) апаратын керек-жара­ғының құны қанша? Мұны есептеген адам, адам болғанда мінбердегі кісі бар ма? 116 мың теңгенің қаншасы бала дүниеге келгенше көкке ұшады? Ата заңда Қазақстанның байлығы адам делінген. Ал адамнан «байлық» (бала туу) шығып жатқанда шошқаға бөлінетін субсидия­дан аз ақша бөлу есіргендік емес пе? Мәселен, бір аталық шошқа бір аналықты ұрықтандырса, 40 мың теңге төленді. Әлгі аталық шошқа «жүргіш» боп, 200 мегежінді ұрықтандырса, 8 млн теңге аспаннан жауады деген сөз. Бұл мәлімет  2021  жылы жұрттың әбден ызасын тудырғанын білеміз. Сонда талай жанның миында бала тапқаннан (М.Мағауин айтқандай әйел бала тумайды, бала табады), шошқа баққан артық болғаны ма? Оны қоялықшы, әжет­хана салу­ға да 10 миллион теңгелеп бюджеттен ақша бөлінді ғой. Уа, халайық, жердің де, елдің де, ондағы байлықтың да иесі – халық. Депутат та, министр де, әкім де, тіпті президент те халықтың иелігін меншіктей алмайды. Ата заңда солай делінген. Қазақстан – қазақстандықтардың иелігі. Сондықтан Президент пен Үкіметтен жөргекпұлды 1 миллион теңгеге көтеруді талап етейік. Бізге ұлан-ғайыр даланы қорғайтын ұрпақ керек. Көп болуымыз керек. Көп болу үшін қарекет керек. Ерлі-зайыпты әрекет ету үшін биліктен қарекет қажет. Миллион жөргекпұлды  алуға кім ынталы болмасын.

Екінші жайт. Ана саулығын қалыптастыру. Әр баланы босанғаннан кейін ананың денсау­лығы сыр бере бастайды. Сыр бермегенде ше? «Адамнан адам шығу оңай ма?» деуші еді дана қазақ. Бірақ ана денсаулығын қалыптастыру үшін де биліктен қарекет қажет-ақ. Елімізде бір-екі баламен шектелу белең алып бара­ды. Өйткені, ана денсаулығы жарамайды. Бала бірер жасқа толғанша дәрігерлер аянып қалмайды. Одан кейін «тірлік бітті». Ал қазір дәрігерге қаралу – қияметтің қияметі. Оны мойындау керек. Мемлекеттік медициналық нысанға (амбулатория, емхана) қаралғанша, жеке клиника жағалаған оңтайлы. Біздегі мемлекеттік медициналық нысандар жүйкені тоздырады. Оған сіз де, біз де куәміз. Жеке клиниканы талайдың ниеті көтергенмен, қалтасы көтермейді. Демек, әйел капиталына ден қойған абзал. Мәселен, менен ұсыныс әр анаға баласы 18 жасқа толғанша жәрдемақы тағайындау қажет. Жұмыс істесін не істемесін бірдей көлемде. Шошқаға қиғанды, адамға қимаймыз ба? Сол баланы босанғаннан кейін жоғалтқан денсаулығын қалпына келтіру үшін, сол баланы аяққа тұрғанша аялау үшін, сол бала сыр­қаттанып қалғанда дәрі-дәрмек алу үшін, сол баланың киімі мен тамағын бүтіндеу үшін, сол баланы дүниеге әкелген соң бет-әлпетін қа­лыпқа келтіру үшін (бір байлықты дүниеге әкелгені үшін әйелдерді сұлу ете түсу үшін нені аяп  қалмақпыз) жәрдемақы берейік. Беруді талап етейік. Әрі бұл жәрдемақы бала саны көбей­ген  сайын  ұлғайып  тұрсын.

Үшінші жайт. Елде ажырасуға, түсік тас­тауға жол бермейтін заң керек. Айтпақшы, бойдақ салығын енгізу де қажет. Шыны керек, әдетте мамандар (әлеуметтанушылар), ажырасу мен түсік тастауға себепкер жайт тұрмыстық тапшылықтан екенін алға тартады. Ал бірінші ұсыныс пен екінші ұсыныс жүзеге асса, кім ажырасып, кім түсік тастамақ? Әйелдер аяқты көтеріп қойып, баласын тауып жатпай ма?  Масыл­дық  сипат байқап тұрғандайсыз ба? Шыны  керек, бала  табудан  асқан  ұлы жұмыс бар ма?  Жоқ.  Ажырасу  мен  түсік  тас­тау – демографияның жауы. Ал демография­ның төмен  болуы – ұлт болашағының жауы. Қанша жерден зайырлы, демократиялық ел болсақ та, ажырасуды доғаратын, түсік тас­тауды болдырмайтын (денсаулық сыр берген жайды айтпағанда) заң-қарар қажет. Үйленді ме ұя бұзбасын, ұрпақ үшін, мемлекет үшін, елдің қауіпсіздігі  үшін. Ал  үйленбей, мансап пен дүние қуғандарды үйленіп, көбеюге итермелейтін бойдақ салығын енгізу – кезек күттірмес мәселе. Егер әр бала дүниеге келгенде миллион­дап, олар он сегізге толғанша жүз мыңдап жәрдемақы төленсе, кім бойдақ салығын төлеуге ниетті болсын. Жетіп тұрса көбеюге  қам  қылады,  қарекет  етеді.

Жаңа Қазақстанның жаңа саясаты демографияны күн тәртібіне көтерсін. Бізге миллиондаған байлық керек, миллиондаған ұрпақ керек. Даланы адамға, ұрпаққа толтыру қажет. Қауіпсіздік  үшін, ұлт  болашағы  үшін.

Құрметті мінбердегі «сақа» саясаткерлер, депутаттар, министрлер мен үкімет басы, қадірлі президент, қауіпсіздік үшін танкі мен ұшақ, бронотехника қажет емес, патриот ұрпақ керек! Қазақстанда мемлекетшіл, ұлтжанды, елшіл адам жетеді. Бірақ мына 2,7 мил­лион шаршы шақырымға бұл аздық етеді. Төрт Украина сыйып кететін аймаққа кемі 100 миллион  халық қажет. Ал ол үшін көбею керек, көбейту  керек!

Дастанбек  САДЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: