Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыздар ұйымының төрайымы

04.03.2022, 9:00 1189

HALYQLINE.KZ

Динара отбасындағы көп еркелеткен кенже қыз болса да, басқа бауырлары сияқты мінезі салмақты әрі оқуға зерек болып өсті. Динараның ата-анасы Мақсұт пен Күмісбике теміржол саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан абзал жандар.

Жас қыз мектепте оқып жүгенде сынып жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақзира Шермахановаға ұқсап ұстаз болсам деп армандайтын. Динара мектеп бітірісімен Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, оны бітіргесін өзі оқыған Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке мамандығы бойынша қызметке тұрды. Оған да он жылдан асып кетіпті.

Мұғалімнің біліктілігі оқушылардың білім деңгейімен анықталатыны белгілі. Ол жағынан шәкірттері Динараны ұятқа қалдырған жері жоқ. Оқушысы Аманкелді Назымның «Абай шығармаларындағы орыс тілінен кірме сөздердің ерекшеліктері» атты зерттеу еңбегі және Дәуренбек Рамазан Халықаралық ғылыми жоба байқауында бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Оқушылары Пауадин Бақытжан, Жеткерген Жанел, Талғатұлы Нұрдаулет, Тасболат Дидар, Қамысбай Жұлдызай, Сағыныш Құттыбай, Панабаев Бекзат республикалық Ұлттық интернет олимпиадаларда бірінші дәрежелі дипломға ие болған.

2021 жылы сынып жеткшісі болып бітірткен 11 «б» сыныбындағы 21 оқушының 15-і ҰБТ-ға қатысып, 14-і жоғары оқу орнына грантпен (66 пайызы) оқуға түссе, қалған 8 оқушысы да жоғары оқу орнында оқып жатыр, оқушыларының барлығы жоғары оқу орнына түсуі (100 пайыз) бұл өте сирек кездесетін жағдай.

Ұстаздың өзі үнемі ізденісте, Динара республикалық «Педагогтің портфолиосы» атты шығармашылық байқауға қатысып, бірінші дәрежелі дипломға ие болды. «Білім-ғылыми-инновация» интеграциялық орталығы шығарған әдістемелік жинаққа Динараның «Орыс тілін оқыту ерекшеліктері» атты еңбегі енді. Аудан, облыс, республикалық деңгейдегі алған мараппаттары бар. Сайлау кезіндегі белсенділігі үшін сол кездегі «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың, партияның бірінші орынбасары Б.Байбектің «Алғыс хатына» ие болды.

Динара мектептегі «Сымбат» атты қыздар ұйымының төрайымы ретінде қоғамдық жұмыс атқарады. Қазақ халқында «ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Жасыратыны жоқ, қазір отбасы құндылықтары өзгеріске ұшырап, отбасындағы қарым-қатынастар бұзылғандықтан арамызда дөрекі ұл мен дарақы қыздар кездесіп қалады. Оны күнделікті «Қалаулым» бағдарламасынан көріп те жүрміз. Дегенмен құндылықтар құлдыраған заманда қол қусырып отыра беруге де болмайды. Сондықтан Динара Нұржанова жетекшілік ететін «Сымбат» қыздар ұйымының басты мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлерін, ғұрыптарын бойына сіңіре алатын, білімді де, инабатты, адамгершілік жағынан рухани бай, ізгі асыл қасиеттерді терең түсіне білетін сыпайы, биязы мінезді қазақ қыздарын тәрбиелеу. «Бой түземей, қыздар, әуелі ой түзейік» деген мақсатпен қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген  қыздар ұйымының төрайымы Динара Нұржанова нәтижеге жету үшін құлшыныспен жұмыс атқаруда.

Динара – отбасында бақыты ана, күйеуі Нұрсыланұлы Ислам екеуі 5 бала тәрбиелеуде, Жансая, Темірлан, Кәусары мектепте үздік оқушы болса, егіз ұлдары Нұриман мен Нұралы «Шұғыла» балалар бақшасында тәрбиеленуде.

Динара Мақсұтқызы мұғалімдік пен қоғамдық қызметін күнделікті күйбің тірлікпен қатар алып жүргендіктен, қазақтың барлық келіні осындай болса екен деуге лайық жан.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: