Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі мол

28.02.2022, 12:00 596

HALYQLINE.KZ

Қоғамның кемтар жандарға аяушылықпен қарайтыны жасырын емес. Алайда, «мүгедекпін» деп қол-аяғына тұсау салып қойып отыратын адамдар қазіргі кезде жоқтың қасы. Олай дейтініміз, өткен сенбіде «Aray city mall» сауда-ойын-сауық орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ мүшелері қолдарынан шыққан өнімдерін сатылымға шығарды. Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев жәрмеңкені аралап, жергілікті тауар өндірушілерімен сөйлесіп, өнімдеріне сауда жасады.

Жәрмеңкеде халыққа кондитерлік тәттілер, сүт өнімдері, қолдан жасалған әшекей бұйымдар мен моншақтан тізілген суреттер, құрақ көрпелер мен орамалдар, сөмкелер, ет пен ұн өнімдерінен жасалған тағамдар ұсынылды. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің сатылымға қойған заттарының бағасы тиімді болғандықтан, саудалары да қарқынды жүрді десек болады. Жәрмеңке сатушылары өнім тұтынушыларына жақсы қарым-қатынаспен қызмет көрсетті. Таңғы уақытта өткен жәрмеңкеде адамдарға ыстық леп сыйлау үшін әсем әуен қойылды. Дәл осындай көңілді орталықта адамдардың бір-біріне деген ықыласы артты деп айтсақ артық емес. Тауар иелері өздерінің сапалы әрі пайдалы өнімдерін қалай және немен жасап шығарғандарын көпке түсіндіру арқылы ұсынып жатты.

– Қалалық мүгедектер қоғамы 2019 жылдан бастап ашылып, қала әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарға бизнес бастауға грант бөліп, жол ашты. Әрбір мүмкіндігі шектеулі жан осы грант негізінде өз бастамасын бастап, бір-бір кәсіптің иегері болып отыр. Сондай-ақ, біз сияқты кемтар жандарды қатарымызға қосып, бар білген білімімізбен бөлісіп, қөмектесуге асығып тұрамыз. Сонымен қатар, біздей топтағы адамдардың жүйке жүйесі әлсіз болады. Сондықтан, жеке бір іспен айналысса жаны тынышталады деп ойлаймын. Осы жасап жатқан кішігірім бизнесімізді әрі қарай дамытып, бұдан да үлкен көлемде жәрмеңке ұйымдастырғымыз келеді. Сонымен бірге, әртүрлі жобалар ашып, соның аясында қызмет етіп, оны үлкейту алдағы жоспарымыз болып отыр. Бүгінгі алып келген өндірістік заттарымыз жақсы өтімін беріп жатыр. Осындай іс-шараны ұйымдастырып, біздің өтінішімізді жерге қалдырмай орындап  жатқан қалалық әкімдікке алығысымызды білдіреміз, – деп үшінші топ мүгедегі, мүгедектер қоғамының қолөнер бұйымдарының үйлестірушісі әрі жетекшісі Әсия Саркулова өзінің ризашылығын білдірді.

Атаулы жәрмеңке қала тұрғындарының қызығушылығын оятқаны анық байқалды. Себебі, бұндай ерекшелігі бар адамдардың шаруашылық іс-шаралары әрдайым бола бермейді. Таңмен таласа басталған қолөнер бұйымдарының көрмесі түскі сағат екіге дейін жалғасты. Осы секілді жарым жандардың қызығушылығын оятып, өмірге құлшынысын арттыратын іс-шаралардың жиі болуы көңілге қуаныш сыйлайды.

Оразкүл  Бақытжанқызы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: