Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Күлшелі бала сүймекке жақсы»

10.02.2022, 11:30 875

«Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер мемлекеттік қызметкерлер арасында әлі бар екен. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте аймақтағы мемқызметкерлердің өзара алыс-беріс фактілері талқыға салынды. Жаңа Қазақстанға қарай әне-міне ойысамыз ба деп отырғанда, мемлекеттік қызметте жүргендер өзінен жоғарыларға жағыну үшін жаза басуға да қорықпайтын сыңайлы. Асылында құлдық психологиядан қоғам тазармайынша, алысқа да ұзамайтынымыз  ап-анық.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті азамат Г.А.-ның арызына сәйкес ҚР ҚК-нің 28-бабы­мен тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Ол арызда Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің инспекторы Ж.А.-ға заң шеңберінде шара көруін сұрайды. Өйткені Ж.А Жаңақорған ауданы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен барлық ауылдық окургтердің заңгер маман­дарынан әр тоқсан сайын есептерді тапсыру кезінде Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы  Н.А.-ға беремін  деп әрбір заңгерден 2000-5000 теңге аралығында пара ретінде ақша жинап отырады деп  көрсеткен. Н.А.-ның әрекеттеріне қатыс­ты  жасы­рын тергеу әрекеттері жүргізілу барысында Қызыл­орда қаласында ұйымдастырылған жәрмеңке барысында  Шиелі  ауданы  әкімі  аппаратының мемлекеттік құқықтық  жұмыстар  бөлімінің  бас  инспекторы  М.Абитбаева Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы Н.А-ның үйіне азық-түліктер жібергендігі белгілі болған. Бұл жерде шығатын қорытынды жергілікті атқарушы органдар жұмыс барысында, оның ішінде есеп тапсыру бойынша Қызылорда облысы Әділет  департаментіне  тәуелді  болып  тұр.

Кеңеске  онлайн қатысқан Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі  Б.Мырзахметов  былай  деді.

– Н.А.-ға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Онда істің қылмыстық құрамы бар болуы дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылған, – деді  ол.

Түсінгеніміздей, Н.А.-ны «пара алды» деп айыптау үшін пара берудің сомасы жеткіліксіз болған. Ал Әділет департаменті маманына азық-түлік жіберген М.Абитбаева кеңес мүшелеріне берген түсініктемесінде мардымды ештеңе айта алмады. Кеңес мүшелерінің телефон тыңдалымында айтылған М.Абитбаеваның сөздерін өз алдына ұсынғанда, «есімде жоқ» деген жауап­пен  ғана  шектелді.

Осы  іске  қатысы  бар  тұлғалардың  бірі – Шиелі ауданы Ақмая ауылдық округінің әкімі Б.Сағындықов. Ол да Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы Н.А.-ның үйіне азық-түлік тасығандардың арасынан  табылып  отыр.

– Мемлекеттік қызметкерге сай іс-әрекетке жатпайтынын түсініп тұрмын. Кемшіліктер болды. Әділет департаментіне біз тікелей тәуелді емеспіз. Арнайы Н.А-ға деп жіберген жоқпыз, бізге мекенжайы берілді. Сол жерге апарып бердік. Онда екі қауын, екі асқабақ болған  еді, – деді Б.Сағындықов.

Кеңесте кезекті түсінікті Шиелі аудандық ауыл шаруаш­ылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков берді. Ол да аталған мекенжайға екі қап картоп, екі қап жуа жіберген. Алайда ол Әділет департаментінің маманы  екенін  білмеген.

– Біз қала орталығына жәрмеңкеге жиі келіп тұрамыз. Сол кезде М.Абитбаева хабарласып, берілген мекен­жайға азық-түлік жеткізіп салуды сұрады. Қарызға деді. Өтініш айтқаннан кейін мекенжайға салып жібердім. Мекенжай иесі кім екенін сұраған жоқпын. Кейіннен М.Абитбаева маған қарыз ақшасын қайтарып берді, – деді  М.Әшірбеков.

Әділет департаментінің есеп қабылдап отыратын маманына деген мұнша «құрмет, қошемет» оған деген қызметтік тәуелділіктен туындаған сияқты. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деп, күні түскенде күмілжіп қалмау үшін бұл мемлекеттік қызметкерлер жағымпазданудан аянып қалмаған. Өзінен жоғары отыр­ғанға жағу үшін азық-түлік тасымалдауға ықпал еткен­дердің арасында Шиелі аудандық мәслихатының құқықтық жұмыстар бөлімшесінің басшысы Ә.Көбегенова да бар. Және  Әділет департаментінің  маманына  хабар­ласып,  «пәленше  деген апарып  берді ме, түгенше деген   апарып берді ме?» деп  сұрап  отыр­ған. Сондай-ақ, телефон  жазбасында  «пәлен деген ауылдар менікі, түген ауылдар Абитбаеваныкі» деген секілді ауылдарды  бөліп алу әрекеттері бар екендігі белгілі болып қалған. Ә.Көбегенова мен Н.А. арасындағы теле­фондық жазбада Шиелі аудандық экономика және  бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеев те сөз болған. Онда олардың «бұрын Д.Жакеев жақсы апарып бере­тін еді,  қазір  ондай емес» деген сөздері басылған. «Д.Жакеев сонда осыған дейін де азық-түлік тасып берумен айналысып келген бе еді?» деген кеңес мүшелерінің сауалына Ә.Көбегенова «жоқ, мен Жакеевке хабарласып едім, телефонын көтермеді» деп жауап берді. Ал кеңеске қатысқан Д.Жакеев өзіне тағылған  айыпты  мойындамайтынын  жеткізді.

Кеңес мүшелері Шиелі аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеевке сөгіс, қалған мемлекеттік қызметкерлерге қызметіне толық  сәйкес еместігі туралы ескерту жазасын беру туралы  шешім  қабылдады.

ТҮЙІН. Алыс-берістің ауылынан алшақтайтын уақыт келді. Алайда дәл осындай іс-әрекет мемлекеттік қызметкерлердің арасынан табылып жатқандығы өкінішті. Есеп қабылдау үшін есеппен байланыс жасауды доғару қажет-ақ.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: