Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қысқы олимпиададан не күтеміз?

27.01.2022, 11:00 475

Міне, тағы бір олимпиадалық циклдің аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Тек «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, жүзден аса жүйріктің ішінен оза шапқан дүлдүлдерге өз жүлдесін беру ғана қалды. Ең маңызды 4 жылда бір келетін қысқы олимпиада ойындары жоспарланған уақытта Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өтетін болады. Бұл қала жазғы және қысқы олимпиада ойындарын қабылдайтын әлемдегі жалғыз қала болады. Ашылу салтанаты 4 ақпанда басталғанымен, оған дейін бірқатар жарыстар өтеді. Дегенмен спорттың негізгі бөлігі және финалдар 5 ақпанда басталып, жабылу салтанаты 20 ақпанда өткізіледі.

Төрт жылдықтың басты бәйгесінде спорттың 15 түрінен 109 жүлде сарапқа  салынады. Ал, Қазақстаннан олимпиадаға спорттың 8 түрінен 33 спортшы қатыспақшы. Жалпы ел құрамасының қоржынында 83 лицензия бар. Бүгінде спортшыларымыз 30 жолдаманы шаңғы жарысынан, фристайлдан 9 жолдама, оның ішінде могулдан 5, акробатика түрінен 4 жолдама, конькимен жүгіруден 12, биатлоннан 12 олим­пиадалық жолдама, шорт-тректен 9 жолдама, тау шаңғысынан 4 және тұғырдан секіру спортынан 4 жолдамаға ие болды. Ұлттың үкілеген үмітін ақтауға спортшыларымыз 27 қаңтар күні Нұр-Сұлтаннан Алматы қаласы арқылы чартерлік рейспен Бейжіңге аттанады. Сол себепті, Президентіміз  спортшыларға  қолдау  білдірді.

– Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиаданың маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардың қайғылы күндерімен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің арқасында біздің халқымыз мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты тойтарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді  білемін, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц Президенттің қолынан ту алып, ант берді. Сондай-ақ, шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова көк туымызды көкке көтеріп, байрақты бәсекеде туды ұстаушылар болып бекітілді. Бұл жандарға екі есе ауыр жүк түскені даусыз. Десе де бүкіл елдің алдында туды көтеріп, сыннан сүрінбей өтіп, әнұранымызды да шырқататынына сеніміміз мол.

Жалпы, Қазақстанның өз алдына қысқы олимпиадаға қатысуы 1994 жылы Норвегия елінің Лиллехаммер қаласын­да тұсауы кесіліп, содан бері тек бір рет қана алтынды қанжығамыз­ға байладық. Қоржында бір олимпиа­дада бір жүлде, болмаса ол да жоқ деп қайтқан кездер де бастан өтті. «Спортқа қаншама қаржы құйыл­ғанымен нәтижесі болмай тұр» деп жекіп те жатқан жұртшылық аз емес. Бәлкім, бөлінген қаражат өз иесіне жетпей, былықтары белуар­дан асып жатыр ма? Кім білсін? Бұлай деуіміздің себе­бі де бар. Көбі елі үшін жанын беріп, барын салса да, спортшыларымыз осал деп айып тағып жатады. Бұл сынға спортшы­ларымыз  қаншалықты лайық?

Қысқы олимпиададан дәмеленген жанкүйерлердің көңілі күпті. Дегенмен жаңа буынның жалындаған кеудесінде жаңа серпілістің бары анық. Қазіргі күні солардың есімін алты Алаштың білуі хақ. Олар шорт-трек­тің жарық жұлдыздары Әділ, Абзал, Ники­та, Яна және Ольга сынды спортшыларымыздың алысқа шаба­тынына сенімдіміз. Араларындағы Абзал үшін алдағы олимпиада үшінші рет болмақшы. Ол өзінің қайт­пас қайсарлығын дәлелдеп, біршама жүлдені иеленген. Тек қоржынын­да олимпиада жүлдесі жетіспей тұр. Сонымен қатар, Қазақстанның тари­хында болмаған көрсеткіштерді көрсетіп жүрген спортшы – Әділ  Ғалиах­метов. Ол ерлер арасында 1500 метрге жарысудан әлем ку­богында күміс жүлдегер атанды. Ол аталған қашықтықты 2 минут 18,680 секундта жүгіріп өткен. Сарапшылар елімізде мұндай спортшы болған емес деген пікірде. Иә, 1500 метр оның «стихиясы» болса да, басқа қашықтықтарда да қарсыластарына есе жібермейтіні сөзсіз. Спортшының өзімен тілдесіп, қазіргі дайындығы жайында сұрадық.

– Олимпиадаға барымызды салып, дайындалу үстіндеміз. Қазір «Алау» мұз айдынында эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантиндеміз. Осында жаттығып, қонақүйде тұрамыз. Сондай-ақ күн са­йын  ПТР тест тапсырып, маскамен жүру керек. Әзірге енгізілген ереже­лер легі осылай. Жалпы, шорт-трек спортына 10 жасымнан бастап келдім. Достарыммен жай коньки тебуден басталып, үлкен спортқа  да  аяқ  басып  жатқан  жайым  бар.

– Әділ, осы мемлекет тарапынан спортшыларға қандай көмек көрсетілу­де?

– Шыны керек, жағдай жасалынбады. Жарысқа 3 ай қалғанда көмектескендей әрекеттер жасауда. Бірақ 3 айлық көмек ешнәрсені өзгерте алмайды. Тіпті миллиард берсе де, алтынға біртабан жақындауымызға ықпал етпейді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!» деп Абай атамыз айтпақшы тек өзімізге сенудеміз. Әрбір спортшы өзінің қалтасынан шығарып жатыр. Себебі, әрине, бұл өзімізге керек. Өз күшімізбен жасалынған еңбек зая кетпейді деп үміттенеміз, – деді  спортшы.

Қош, сонымен не дейміз. «Басталса басталсын» дегендей оған алаңдап отырған билікті көре алмай әлекпіз. Бәрі көзбояушылыққа айнал­ғаны қалай? Әне-міне көмектесем деп отырғандарында айлар өтіп, жылдар жылжып кеткенін жемқорлар байқамай қалған-ау. Жақындағанда алдынан жүгіріп, сайқымазақ болғанды ерсі көрмейді екен. Жемқорлыққа қарсы қандай пәрменді күрес жүргізілсе де мұндай сұмдық ылаң бой берер емес. Бұл кеселдің емі де табылмай тұр. Мұның да  бір  екпесі жақын арада табылып қалар. Десе де жанға бататыны – елдің  имиджін  қалыптастыратын  додаға  немқұрайды қарауы.

–  2020 жылы  пандемияға  байланысты 10,9 млрд теңге бөлінді. Биыл жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына дайындалу үшін қаржы 15,6 млрд теңгеге дейін көбейді. Бұған спортшылардың жалақы­сы, құрал-жабдықтар, медициналық қажеттіліктер, оқу-жаттығу жиын­дары мен лицензиялық жарыстарға кететін жол шығын­дары кіреді, – деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекция­сының  дирек­торы  Елсияр  Қанағатов.

Жауаптылардың айтуынша, қаржы бөлініп, тиісті жерлерге жеткілікті жеткізіліп, жұмыс қарқынды жүруде. Бірақ неге спортшыларға уақытылы көмек берілмеді? Спортшылар жүлдеден қағылса, «олардың физикалық дайындығы өте жақсы еді, тек психологиялық дайындық аздап жетіспей қалды» деп ақпарат береміз. Бірақ ол сыныққа сылтау іздеу ғана есебінде. Өйткені жоғарыда жауапты маманның сөзінше, бүкіл керекті көмек көрсетілуде. Сол себептен спортшыларға барлық көмек көрсетілді деп айтуға негіз бар. Дегенмен қазақтың көк туы желбірегенін көрмей, олай болмай тұрғаны опындырады. Тақалғанда ғана тұра жүгіргеннің қажеттілігі жоқ. Биыл тек спортшылардың жігері­не сеніп, көгілдір экран артында дем беріп қана отыруға ғана шамамыз жетеді.

Өзге елдер Қазақстанның Олимпиададағы жалғыз үміті Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионы Юлия Галышова деп есептейді. Биыл мәнерлеп сырғанауға баратын спортшы да жоқ. Қазақтың басына қонған бағы Денис Теннен айырылып, еңсеміз түсті. Және басты бәйгеден көп үміт күттірген Элизабет Тұрсын­баева да спорттық мансабын аяқтады. Егер, Элизабет спорттық жолын жалғас­тырса, жүлде орнынан көрінуі әбден мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда қыз­дар арасындағы мәнерлеп сырғанауда аламан шайқас болуда. Ресей­лік қыздар ешкімге дес бермей келеді. Әлем чемпионы Анна Щербакова, Еуропа чемпионы Камила Валиева және «Русская рулетка» деген атаумен жанкүйерлер арасында танымал Александра Трусова. Осы үш бірдей аруды Олимпиадада бүкіл әлем асыға күтуде. Сол себепті біздің өр мінезді қызымызға жарақатына байланысты жеңіл болмас  еді.

Жүлде жайлы сараптама жасауға шамамыз жоқ. Әзірге ешнәрсе белгісіз. Тек үміт пен сенім ғана қалды. Оған қоса әлемдегі пандемия­ға байланысты  аман-есен қатысса екен деп те алаңдаулымыз. Бұған себеп, Қытайда Олимпиадаға барған шетелдіктердің 72-сінен коро­навирус табылды. Қаңтардың 4-і мен 24-і аралығында олардың ПТР тесті «оң» нәтиже көрсеткен. Вирус табылғандардың барлығы спорттық  команда­лардың өкілі екен. Ал Олимпиадаға қатысатын спортшылардың  бірде-бірінен  індет  табылған  жоқ.

Сондай-ақ, бұл бәйге де дау мен жанжалдан кем емес. Көптеген елдер дипломатиялық бойкот жариялауда. АҚШ мемлекеті бастап, қалғаны қоштап Ақ ойындарға делегат жібермейміз деп келісті. Айтуларынша, бұған Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жүргізіп отырған геноциді мен адам құқықтарының бұзылуы түрткі болған. Дегенмен ұйымдастырушылар бұл бойкотқа пысқырып та қарамау­да. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың лауазымды тұлғаларының қатыспауы ойындардың сәтті өтуіне кедергі болмайды деп мәлімдеп, керісінше тағылған негізсіз кінәлар үшін «құн төлейтінін»  және  оған  қарымта  жауап  қайтаратынын  ескертті.

Жүлдеге таласқа тиісінше қолдау көрсетілмесе де, атаққұмарлыққа қолдау  көрсетіліпті.  Ұлттық  Олимпиадалық комитет 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасына ел атауы алғаш рет латын қарпінде «Qazaqstan» болып жазылып, осы киім дайындығына бір жылдан аса уақыт жұмсапты. Токио Олимпиадасында да көкірегімізді керіп, шүберекпен мақтанып едік. Бұл жолы да дәл солай, өзгеріс жоқ. Тек еліміздің намысты азамат пен азаматшаларының тілеуін тілеп, тақымымызды қысып, сенім артқан саңлақ­тарымыз  жеңіспен  оралады  деп  үміттенеміз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: