Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көпір құрылысы мерзімінде аяқталуы тиіс

18.01.2022, 9:00 385

HALYQLINE.KZ

Асыл дінімізде құдық қазған, жол салған, көпір салған сауапты іс саналады. Қазалы ауданындағы Басықара ауылында дәл осындай игілікті іс қолға алынғанын бұған дейін де айтқан болатынбыз.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Басықара ауылына арнайы барып, елді мекенге кіреберіс жолда салынып жатқан көпір құрылысымен танысты. Байырғы құрылысшы, білікті басшы, «Жылу – ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов аудан басшысы Мұхтар Әуесұлына қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстың барысын мәлімдеді.

Аудан тұрғындары үшін маңызы ерекше көпірді демонтаждау жұмысы өткен жылы басталғаны көпке аян. Нақты кезеңде «Жылу – ХХІ» ЖШС құрылысшылары тіреу бағаналарының бетондарын құйып бітіруге жақын қалды. Бұл жұмыс аяқталған соң «Т» әрпі тәріздес 33 метрлік балка салынатын болады. Бұл құрылыс материалдарына да тапсырыс берілген. Таяуда құрылыс басына жеткізіледі.

Серіктестік директорын мұқият тыңдаған аудан әкімі көпір құрылысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екендігін қадап айтты.

– Көктем мезгілінде бұл каналдың маңыздылығы өте жоғары. Себебі Әйтеке би кентінің Қарақұм беткейіндегі көлдер мен жайылымдықтарға су осы канал арқылы беріледі. Сырдария өзеніндегі мұз еріген уақытта суды жіберуіміз қажет. Сондықтан да құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысты жылдамдатыңыз, – деген Мұхтар Әуесұлы жұмыстың сапасына мән беруді де тапсырды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: