Әдетте, жылдап көбеймей «жатып» қалатын жалақы қараша халыққа тиесілітұғын. Жұртшылықтың «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді» дегенді афоризмге айналдырғаны қашан? Республикалық айтыстардың бірінде ақын Еркебұлан Қайназаровтың Қазақстан жайлы «Байлығы жер мен көктің арасында, айлығы бар мен жоқтың арасында!» деп айтқаны бар еді. Бұған алып-қосарымыз жоқ. Иә, қара халықты қымбатшылық қысты, қай кезде қарасаң да қалтасының түбі көрінеді. Айтқандай, ел ішінде «депутаттар ұйықтап отырып көп ақша алады» деген пікір де қалыптасқан. Былтыр Қазақстандағы облыс әкімдерінің бірқатары жалақысын жария еткенде «Алатын айлықтары жоғары екен, олар соған лайық па?» деп сұрау салғандар да табылған-ды. Дәл осы мәселеге президент нүкте қойған секілді. Өйткені, жылдап қалатын жалақы тек жарлы-жақыбайға ғана тиесілі емес екен…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында билік өкілдерінің жалақысын өсіруге 5 жылдық мораторий жарияланатынын айтты.
Бұл не деген сөз? Демек, алдағы 5 жылда үкімет пен депутаттардың, әкімдердің еңбекақысы еш көбеймейді. Мемлекет басшысы әкімқаралардың айлығы жеткілікті екенін және бұл шешім олар үшін жақсы жаңалық емес екенін айта кетті.
– Үкімет пен депутаттар, әкімдердің еңбекақысы, шығыс туралы баптар мәселесі өткен жылдың соңында талқыланды. Менің ойымша, олардың жалақысы жеткілікті. Сондықтан олардың жалақысын көтеруге 5 жыл мораторий жариялауға болады деп санаймын. Мен бұл депутаттар үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіздер мұны түсінеді деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттегілерге жалақыны мүмкіндігінше көтеруді жалғастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Еске салайық, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда президент тапсырмасымен ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілген еді. Ең төменгі жалақының өсуі айлығы өте төмен жұмысшылардың табысына оң әсер етпек. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде жалақысы 60 мың теңгеден аз 1 миллион 650 мың адам бар. Демек, биыл олардың кірісі сәл де болса артады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Осылайша, жылдап сақталатын жалақы өз иесін тапқандай. «Мемлекет басшысының барлық шешімін қолдаймыз» деген және солай дейтін билік өкілдерінің 5 жылдық мораторий жайлы сөз болғанда іші қылп ете қалды ма екен, кім білсін!? Бірақ, бизнеспен айналыспайтын биліктегілер бұның да бір ыңғайын тауып қалар. Қалай десек те, бұл шешім өз нәтижесін беруі тиіс. Күтейік.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!