Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ызадан туған күлкі

09.12.2021, 11:30 386

«Зейнетақы қорындағы «бейнетақымызды» биыл мың жырласақ та, мың жыласақ та пайдамызға жарата алмайтын сияқтымыз». Бұл – соңғы он күндіктегі ең көп айтылған сөйлемнің бірі. Елде болып жатқан осы жаңалыққа көпшілік жақтырмай қараған сыңайлы. Бірақ «Азаттықтың» сюжетінен Сенат депутаттарының мұндай мәліметті жылы қабылдағанын көрдік. Қазақстандағы ресми дерекке сүйенсек, 9 миллионнан астам еңбекке жарамды адам бар екен. 2020 жылғы үкімет таратқан ақпарат бойынша, БЖЗҚ-да 9,9 миллион есепшот тіркеліпті. Соның 84 пайызының жинаған қаржысы 2 миллион теңгеден аспайды. Бұл нені білдіреді?

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың зейнетақы есепшотындағы ақшаның белгілі бір мөлшерін тұрғын үй сатып алуға және басқа мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік  беру  туралы шешім қабылдады. Иә, әлгі 16 пайызы бұл қаражатқа аса мұқтаж болмауы да мүмкін. Немесе осыған дейін басым бөлігі қордағы ақшаны өз мақсатына жұмсап үлгеруі де ғажап емес.

Түсіндіре кетейік, өткен аптада зейнетақы қоры төңірегіндегі жаңалық ел-жұртты елең-алаң етті. Басты себеп, Қазақстанда зейнетақы жинағын алудың жеткілікті шектік деңгейі 2022 жылы екі есеге жуық өседі. Демек…

Мысалмен дерек келтірейік. 2020 жылдың қыркүйегінде Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын алудың жеткілікті деңгейі кестесін жариялады. Ол жерде, 20 жастағы салымшы үшін жинақ шегі 1 млн 720 мың, 30 жастағы салымшылар үшін шек 2 млн 518 мың теңге, 40 жастағы салымшылар үшін 3 млн 437 мың теңге  болған  еді.

– Жақында «Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қорындағы» қаражатының 2022 жыл­дан бастап бекітілген шекті мөлшері жайлы ақпарат шықты. Бұл ақпарат халықты алаң­датып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Айталық, сол заңдылыққа сәйкес 20 жас­тағы азаматтың зейнетақы қорында 3 140 000 теңге қаржы болуы қажет. Қалай десек те, бұл шешім ешқандай ақылға қонбайды. Есептеп көрсек, 17 жасында мектеп бітірген жасөспірім оқуға түспей, бірден жұмыс істеген күнде 3 жылда зейнетақы қорына 3 миллионнан астам қаражат жинау үшін ай сайын 187 мың теңгеден астам қаржы (10 пайызы) салуы қажет. Сонда осы уақыт аралығында ол азамат 800 мыңнан астам айлық алуы тиіс деген сөз. Бұл мүмкін емес жағдай. Себебі, 3 жыл түгілі, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар әріптестеріміздің еңбекақысы бүгінгі орташа жалақыға (260 мың) да жетпейді. Ал жаңа ережеге қарасақ, келесі жылы, яғни, 47 жаста зейнетақы қорымызда 6 920 000 теңге қаржы болуы  керек. Егер  осы еңбекақы көлемімен есептесек, енді 20 жылдан кейін де бұл қаражатты жинай алмаймыз…, – дейді ақын, журналист  Ғазиза  Әбілда.

Бұл өзгеріске қатысты БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов «Nege.kz» сайтында жауап беріп, түсіндіруге тырысыпты.

«Бекітілген ереже бойынша зейнетақы жинағын алудың жеткілікті мөлшері адамның жасына қарай және зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуіне қарай (индекстелу) есептеледі. Есептеу кезінде Республ­икалық бюджет туралы заңға сәйкес, ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшерін есептеу жыл сайын айтылған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып  жүргізіледі», – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде түрлі-түрлі пікір жазылып жатыр. Ызадан туған күлкі болғандықтан, бірнешеуін жария­лағанды  жөн  санадық.

20 жастағы адам үшін белгіленген шектік соманы жоғарыда жаздық. Соны меңзеген бір желі қолданушысы «Сүндетке отыра салып жұмысқа кіріп кету керек еді» деп әзілдейді. Әрине, әзіл артында зіл жатқаны айдан анық. Енді бірі «Халық пен үкімет екі басқа әлемде өмір сүреді ғой деймін» десе, екіншісі «Бұл – қазынада ақша жоқ деген сөз» деп дүрсе қояды. «Бұрынғы шекті сомаға жете алмай жүр едік, енді мүлдем жоқ…», «Мұның бәрі – өз ақшамызды өзімізге бермеудің амалы», «Депутат­тар өз жалақысымен есептеген бе?» деп  жарыса  жазуда  желідегі  жұрт.

– Қоғамды дүр сілкіндірген резонанс «Бір­ыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» салымшыларымен кері байланыс жоқтығын көрсетеді. Бұл қаражат зейнетақы қорының меншігі емес. Бұл – миллиондаған адамның маңдай тері. Екіншіден, жұрттың зейнетақы қорының табыстылығына қатысты сұрағы көп. Халық өз қаражаты құнсызданып бара жатқан соң, қордан алып, қажетіне жұмсап жатыр. Соған байланысты Қор қаражатты басқару жөнінде ашық жұмыс істеуі тиіс. Салымшы­лар оған сенуі керек. Өкінішке қарай, ондай әрекет көріп тұрған жоқпыз, – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Жаңа өзгеріс бойынша, келесі жылдан бастап 30 жастағы азаматтың зейнетақы қорын­да 4,37 миллион, 40 жастағыларда 5,79 миллион, 50 жастағыларда 7,43 миллион, 59 жастан асқандардың зейнетақы қорында 9,12 миллион теңге қалуы тиіс.

2021 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан билігі азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалануына рұқсат берген еді. Әр азаматтың жас ерекшелігіне қарай зейнетақы қорында қалуы тиіс шекті сома да белгіленген-ді. Одан асқан қаржыны баспана алуға, емделуге және инвестициялық қаржы ретінде пайдалануға рұқсат берген болатын. Бірақ, жыл өтпей-ақ шектік сома екі есеге ұлғайып, қаржы көз алдымызда сағымдай бұлдырап барады. «Күлемін де жылаймын» дегендей, бұл адамды мың құбылтатын, мұң құштыратын шешім болды. Қазақстан үкіметі ызадан күлкі тудырмай, ызаны жеңетін күлкіні халқына  қашан  сыйлайды  екен?

Рыскелді  ЖАХМАН

Сіз  не  дейсіз?

Айнұр ТҰҢҒЫШБАЕВА,  журналист:

Көп екен көргеніңнен көрмегенің…

– Ех, отандастар, ахуал от боп тұр ғой! Биыл зейнетақы қорын­дағы қаржының үстіндегі соманы алып, отаға барып қайтам ба деп жоспарладым да, оған бір себептермен мүмкіндігім болмай, келер жылға қалдырғам, сөйтсем…

Сұқ саусақ пен ортаң теректің арасынан бас бармақ шығып тұр ғой… «Мә, саған!» деп…

Зейнетақы қорындағы қаражат енді түсіңе де кірмейтін сияқты. Менің жасым 45-те. Мен үшін шекті сома – 6 580 000!!!

Ал, жасы  20-дағылар  үшін  3 140 000,  25-тегі  үшін  3 730 000, 30-дағы үшін 4 370 000, 35-тегі үшін 5 060 000, 40-тағы үшін 5 790 000,  50-дегілер үшін 7 430 000… деп кете береді.

Не деген масқара мынау?!

Мынадай қаржыны қалай, қашан, қайткенде жинаймыз?

Кімнің жалақысының негізінде жасалған есеп?

Әлде  елде  қаражат  таусылды ма? Не жағдай болды?  Сұмдық  қой  мынау!

Мақсат ХАЛЫҚ,  экономист:

Бұл – елде  қабылданған ең  нашар  шешімдердің  бірі

– Шынын айту керек, бұл ешқандай логикалық не экономикалық негізге сүйенбеген, саналы емес шешім. Мұны елде қабылданған ең нашар шешімдердің  бірі деп есептеймін. Менің ойымша, бұл жерде президенттің де сөзі ескерілмей қалып  отыр. Өйткені, Қасым-Жомарт То­қаев осы жылғы жолдауында «БЖЗҚ қорындағы шектен  артық жинаған қаражатты жастар «От­басы  банкіндегі» депозитіне аударуға мүм­кін­дік берілуі  қажет» деді. Бұл  жерде  жастар  деген әңгіме мүлдем келмей тұрғанын байқаймыз. Тек ғана табысы жоғары азаматтар ғана ілінуі мүмкін, әйтпесе  бұл  шекті мөлшерге кез келген  адам  жетпейді. Демек, халық­тың зейнет­ақы қорынан ақша шешіп алмауының амалын жасап жатыр. Бірақ, бұл әрекеті арқылы зейнетақы салымшыларын әбден қашырып жатқанын үкіметтегі азаматтар білмейтін, түсінбейтін сияқты. Өйткені, бұлай жалғаса берсе, зейнетақы жүйесіне сенім болмайды. Бұған дейін 1 триллион теңгеден астам қаражат шешіп алынған болатын, бұдан зейнетақы қоры ор­тайып қалған жоқ, керісінше осы сенімге бола көптеген ел тұрғыны зейнетақы қорына аударымдар жасай бастады, жаңа шоттар ашты. Тағы да айтамын, осы қадам арқылы  сенімнен  айырылып  отыр.

Министрліктің берген есебінде негізгі қарастырылған сандар, мәндер бұл – ең төменгі жалақының, айлық есептік көрсеткіштің, т.б. өсімі. Ең төменгі жалақы 40 пайызға өсті дегеннің өзінде, мұның соңғы үш жылда ешқандай қозғалыссыз болғанын айтуымыз керек. Соған қара­ған күннің өзінде зейнетақының шекті мөлшері 80 пайыздан асып жығылады. Екі  есеге  өсті деуге толық негіз бар. Демек, бұл – олардың арасында байланыс  жоқ  екенінінің  дәлелі.

Өткен жылдың өзінде біз қаншама талқылаудың нәтижесінде осы шекті мөлшерлемені түсірген болатынбыз. Сонда да 20 жастағы адам үшін  1 700 000 өте жоғары болып табылды. Қазіргі сома ақылға сыймайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: