Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім белесін бағындырған

08.11.2021, 15:30 986

HALYQLINE.KZ

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

Ахмет  Байтұрсынов

Жоғарыда айтылғандай, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты білім ордасының бірі де бірегейі теңіз төскейіндегі №220 орта мектеп десек, асыра дәріптегеніміз емес. Биыл киелі білім ошағының ашылғанына тура жарты ғасыр толып отыр. Осынау аралықта №220 мектеп қабырғасынан елімізге танымал небір тұлғалар түлеп ұшқаны мектеп тарихында жазулы тұр. Мұнан тура 50 жыл бұрын білім ошағының табалдырығын имене аттаған алғашқы түлектер енді өздері де немерелерін бір кездегі өздері сияқты қолдарынан жетектеп, қасиетті шаңыраққа әкелуде.

«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын?! Арада өткен жылдарда №220 мектеп ұжымы көптеген өмір баспалдақтарынан өтті. Түрлі деңгейдегі сайыстарда мектеп шәкірттері мен мұғалімдері қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап, жеңістің балдай шырынын татты. Тоқырау тұсындағы тосқауылдар мектеп ұжымын айналып өтпеді. Десе де, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған асыл жандар өздері жан-тәнімен беріле сүйген «Мұғалім» деген жоғары атаққа қылау түсірмеді.

Іргелі білім ошағының жарты ғасырлық мерейтойы аудандық мәдениет үйінде кең тұрғыда аталып өтті. «Білімнің шамшырағына – 50 жыл» деген тақырыбының өзінен кеудеңе жылу құйылғандай әсер ететін шараға Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов бастаған ел ағаларының қатысуы кештің маңыздылығын арттыра түскендей. Шара қонақтары алдымен пән бірлестіктері бойынша ұйымдастырылған көрмемен танысып, мектеп шәкірттерінің шығармашылығын тамашалады. Мұнан соң №220 мектептің жарты ғасырлық белесіне орай шығарылған «Білімнің шамшырағы» атты кітаптың тұсаукесері той ажарын аша түсті.

Көрерменнің көңілін баурап, балалық шаққа саяхат жасатқан қойылыммен шымылдығын түрген шарада Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов:

– Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі де бірегейі №220 білім ошағына 50 жыл толып отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аталып жатқан білім ошағының осынау айтулы жарты ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң өз ортасынан орын алуға, білімнің шыңына шығуға, елінің тұғырын биіктетуге үлес қосуға кімнің де таласы бар емес пе?! Ұлы Абай: «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, әр кірпіштің дұрыс әрі орынды қалануында білім ордасының алар орны ұшаң-теңіз. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» дегендей 50 жылдық мерейлі мерейтойда мектеп тарихына үлесі бар барлық ұжым мүшелеріне зерек те алғыр ойлы, ХХІ ғасырдың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, – деп ізгі лебізін білдіре келе, мектеп директоры Әліби Әбілбаевқа аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың арнайы құттықтау хатын табыстады.

Салтанатты шара барысында бірқатар ардагер мұғалімдер мен мектеп түлектеріне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ №220 орта мектебінің мұғалімі Дархан Аманжолұлының сөзіне жазылған «Қазанғап» ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі, сазгер Октябрь Ізбановтың «Алтын ұям» әнінің тұсауы кесілді.

Шара мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: