Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық валюта еркін «жүзе» ала ма?

19.03.2020, 11:05 489

Сыртқы экономикалық саясат пен сыртқы нарықтағы жағдайға назар аудармау мүмкін емес. Соңғы уақыттары елімізде бірқатар маңызды мәселелер орын алуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп жариялады. Сауд Арабиясы мен Ресейдің ОПЕК мәмілесі шеңберінде келісімге келе алмауының салдарынан нарықтағы үлесі үшін күресу барысында мұнай өндірісін ұлғайту туралы жоспарын хабарлады. Осы мәселе көтерілгелі жаһандық экономикаға да тыныштық болмай тұр. Алдымен доллар бағамы асқақтады, ізінше теңгенің «температурасы» көтерілді. Анығын айтқанда, Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберіп, ұлттық валютаны бақылауды толықтай тоқтатты.

Ел арасында төл теңгенің құлдырайтыны туралы әңгіменің тарағаны кеше не бүгін емес. Ғасырлар тоғысы түйіскен жылдардан бері «теңге ауысады, ортақ валюта қолданысқа енгізіледі екен» деген сынды жорамалдар жиі айтылуда. Естеріңізде болса, қайбір жылы Ресей президенті Путин болашақта Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің ортақ валюта одағын құруды ұсынды.

 – Бүгінде ақша саясатын үйлестіріп отырған тиімді. Сондықтан болашақта валюта одағын құру мәселесін талқылайтын уақыт келді деп ойлаймыз. Қоян-қолтық жұмыс істеудің арқасында ортақ қаржы нарығын оңай қорғауға болады, – деді Владимир Путин Ақордада өткен кезекті үшжақты кездесуде.

Бұл ұсынысты әзірге қандай мақсатпен айтқаны белгісіз. Бірақ мұның астарында да бір ызғардың бар екені анық. Анығында Ұлттық банк жаһандық экономиканың даму перспективаларының айтарлықтай нашарлауын, сұраныстың төмендеуін және әлемдік тауар нарықтарында құбылмалылықтың күшеюін жаңа экономикалық шынайылық ретінде қарастырады. Қалыптасқан жағдайды талдау негізінде Ұлттық Банк «Brent» сұрыпты мұнай бағасының бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейінгі серпіні туралы пайымдауын қайта қарады. Инфляцияның 2020 жылы нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне шығу тәуекелін арттырды.

 – Қазіргі сәттен бастап жаңа іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр. Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет болған жағдайда сыртқы сектор тарапынан теріс салдарларды тежеу үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал. …Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұрақтылығын, елдің валюта нарығындағы және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін қосымша шаралардың қабылдануы мүмкін, – деп мәлімдеді Ұлттық банктің баспасөз орталығы.

Доллардың шарықтап, теңгенің құлдырауы дәл қазіргі күні сақтаған қаржысы жоқ жұртты да ойландырып тұр. Өйткені нарық талабына бас игеннен басқа амал таппай тұрған бұқара жанайқайын қалай жеткізерін білмей әлек.

 – Төтенше жағдай тәртібі медициналық сферадан аяқасты экономикалық сфераға ауысты. Ақша айырбастау пункттерінде курс 445 теңге/доллар көрсеткішінен бір-ақ шықты. Менің ойымша мұнай бағасы 30-40 доллар кезінде курс диапазоны 450-490 теңге/доллар аралығында жүреді. Егер Үкімет пен Ұлттық банк ешқандай ұзақмерзімді және түбегейлі реформалар қабылдамаса, экономикамыз құрдымға кетеді, – деп жазды қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай.

Ал, экономист Қасымхан Қаппаровтың айтары бар.

 – Менің ойымша, бас қаржылық қадағалаушы теңгені 450-500 курсында ұстап қалуға тырысады. Бірақ, алдағы бір ай көлемінде мұнайға байланысты ахуал өзгермейтін болса, яғни баға барреліне 40 доллардан төмен болса, онда Ұлттық банктің тұрақтылықты сақтап қалуы екіталай. Ондай жағдайда олар теңгені тағы да еркін айналымға жіберуге мәжбүр болады. Ондай жағдайда бір доллар 600 теңгеден сатылуы мүмкін. Өйткені Ұлттық банк өткен аптада курсты бақылап, миллиардтаған долларын жойып жіберді. Ал еркін айналым, бұл – мәжбүрлі қадам, – дейді.

Тиісінше, жылдық инфляция нарық бағасын өз көлеңкесіне қарай иіріп әкетіп тұр. ҚР Ұлттық банкінің Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарларының бағасы республика бойынша 9,2 пайызға, ал аймақ бойынша 9,7 пайызға өсті. Одан қалды өзге де тауарлар мен ақылы қызметтер Қызылорда облысы негізінде 5 және 0,6 пайызға жоғарылаған. Сондай-ақ, аймақ бойынша банктердің экономиканы несиелеу көлемі 227,2 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға артық.

Несие десе, тегін ақша таратып жатқандай көңілі алып-ұшып тұратын халық бұл қызметтен бас тартпайтын сыңайлы. Ағымдағы жылдың 1 ақпан деңгейіне жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 21,8 пайызға артып, 185,8 млрд теңгені құраған. Тұтынушылық мақсаттағы несиеге ұрынушылар да айылын жимай тұр. Аймақ тұрғындарының бұл тұрғыдағы қарызы 60 пайыздан асып түскен. Оған қарапайым жұрттың дәрі-дәрмек, киім-кешек, ем-дом, тұрмыстық техникалар мен тауарлар үшін несиеге белшесінен батуы себеп.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: