Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр спортшылары үздік үштікке ілікті

20.10.2021, 17:20 414

HALYQLINE.KZ Сыр спортшылары Маңғыстау және Ақтау қаласында өткен спартакиадада жүлделі 3-орынды иеленді. Аталған жарысқа облыстан 133 спортшы қатысқан. Сондай-ақ, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен қала күні қарсаңында республикалық ат бәйгесін өткізу жоспарлануда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов хабарлады.

«Күні кеше 10 күнге созылған Маңғыстау және Ақтау қаласында жетінші ауыл спортшыларының жарысы аяқталды. Бұл спартакиада спорттың 14 түрі бойынша өткізілді. Жалпыкомандалық есепте облыстың құрама командасы жүлделі 3-орынды иеленді. Бұл облыс спортшыларының үлкен жетістігі деп білеміз. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірқатар ауқымды спорттық шаралар жоспарлануда. Атап айтсақ, Қазалы ауданында грек-римнен жастар арасында халықаралық турнир ұйымдастырылмақ. Тағы бір көлемді шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қала күні мерекесі қарсаныңда республикалық ат бәйгесі жарысын өткізу жоспарлануда. Бұл бәйгенің барлық ережесі бекілді. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарына шақыру жіберілді. Жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры табысталады», – деді Жағыпар Айтбайұлы.

Одан әрі баспасөз конференцияда облыстық ат спорты федерациясының мүшесі Болат Арыстанұлы ат бәйгесінің өткізілу барысын баяндап өтті.

«Ат бәйгесі қазақ халқына өте жақын спорттың бірі. Аламан бәйгеге 80-100 ат қатысады деп жоспарлап отырмыз. Бас жүлдеге 2 млн теңге беріледі. Ал жүлделі 2-орынға – 1 млн 700 мың теңге, 3-орынға – 800 мың теңге қаржылай сыйлық қарастырылған. Еліміздегі барлық облыстарға ат бәйгесіне қатысуға шақыру жіберілді. Дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді Болат Арыстанұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: