Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанып, үшінші онжылдыққа қадам басты. Тәуелсіздік – биік әрі мағыналы сөз, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Адамзат баласы жер шарын мекен еткеннен бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелең, тартыс көп болған. Осындай кескілескен толқындардан кейін, әлем картасының бетіне түзетулер енетіні белгілі. Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы бақыт, ұлы арман. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылып, алпауып мемлекеттермен терезесі теңелді. Еліміз өзінің ежелгі жерінде сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан өтіп, қилы кезеңді бастап кешіріп, өз мемлекетінің іргетасын қалап, кемелденудің биік сатысына көтерілді. Ал тәуелсіздіктің басты қағидасы өз жеріне иелік ету.
Қазақ жері халқымыздың ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деп жазған болатын. Ежелгі қазақ даласында сақ, ғұн, түркі, қыпшақ тайпалары мекен еткен. Керей мен Жәнібек хан қазіргі Шу өңірінде Қозыбасы жерінде Қазақ хандығын құрды және Қазақ этнос болып қалыптасты. Керей мен Жәнібек сұлтандар құрған тұңғыш қазақ мемлекеті «Қазақ Ордасы» деп аталып, тарих сахнасына жаңа мемлекетпен бірге жаңа ұлт – қазақ ұлты енді. ХХ ғасырдың соңында әлем сұлбасы өзгерді. Жер шарының алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, алыс-жақын шекараластарын бәрін ықтырып келген алып империяның ыдырауы себеп болды және соның нәтижесінде 1991 жылы қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Саяси тұрғыдан алғанда ол еркін қоғам, адамдарға лайықты өмір қамтамасыз ететін еркін әлем.
Тәуелсіздік – ұлттың, халықтың өз мүдделері мен мүмкіндігіне сай әрекет етіп, өз қалауын жүзеге асырушы тетік іспеттес. Қазақ елі дербестікке қол жеткізген аз ғана уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге жетті. Қазақстан жас мемлекет бола тұра, аяғынан нық тұрған көптеген елдерден көші ілгері және бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел ретінде әлемге танылды.
Айгүл ӘБДІРАМАНОВА,
философия ғылымдарының кандидаты
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!