Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсар Қанағат

30.09.2021, 14:30 387

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Маңғыстауда таэквондо федерациясының негізін қалаушы Қонысбай Бектілеуді еске алуға арналған балалар мен жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтті. Оған Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан 250-ге жуық қатысушы келіп, бақ сынады. Тартысты өткен турнирде Маңғыстау облысының командасы I орынға, Атырау облысының командасы II орынға, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан келген командалар III орынға ие болды. Карантин жағдайына байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Маңғыстау облыстық таэквондо федерациясының президенті Қанағат Сүйебаев «ұстазына арналған бұл шараны болашақта халықаралық деңгейде өткізіп, спортшыларының деңгейін көтеруді мақсат етіп отырғанын» айтты. Бәрекелді! Міне, ұстаз рухына құрмет көрсетудің үлгісі! Осы турнирге көрермен болып барып, әсерлі көңілмен, зор тебіреніспен оралдым. Оған парасатты педагог, патриот бапкер Қанағат ағамыздың азаматтық тұлғасына, қайраткерлік қызметіне деген құрметімнің арта түсуі себеп болды.

Маңғыстауда 1991 жылы таэквондо федерациясының негізін қалаушы Қонысбай Бектілеу – әйгілі Мұстафа Өзтүріктің шәкірті болатын. Өкініштісі, ұстазы сияқты 1999 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Бапкер Бектілеуовтің осы жылдар ішінде тәрбиелеп үлгерген үздік шәкірттерінің бірі Қанағат ағамыз амалсыздан, ұстазының орнын жоқтатпайын деп, жолын жалғап, жаттықтырушы болып бастайды. Өзінің айтуынша, 2000 жылғы Сидней олимпиадасына қатысуды армандап, дайындалып жүргенде, бір жыл бұрын бапкері бақилық болып, ұстазсыз қалады, сөйтіп бүкіл жоспары өзгеріпті. Бірақ тез арада ес жиып, өзінен кейінгі жас спортшыларды баулуға кіріседі.

Тоқсаныншы жылдардың соңы – әлі де криминалды кезеңнің, бандиттікті бедел көретіндердің ықпалы басылмаған уақыт. Олар көзге түскен спортшыларды қатарына тартуға тырысумен болады. Бірақ Қанекең өз шәкірттерін ондай жолға жібермеген, өзі де оң бағыттан адаспаған. Сол табандылығының арқасында таэквондодан алтыншы дан, қара белбеу иегері дәрежесіне дейін жетеді. «ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ең үздік бапкер», т.б. атақтарға ие болды.

Ұлы даланың ұлы тұлғалары – Ер Шотан Назарұлының даңқына лайық тікелей ұрпағы, Қонай батыр Кенжеұлының жиені Қанағат та – тегіне тартып туған ұл. Марқұм ұстазы үнемі шәкірттеріне олардың арғы ата-бабалары туралы айтып рухтандыратын, жігерлендіретін, қайрайтын болған. Бұл үлгіні шәкірті де өзінің әдісіне айналдырыпты. Спортшыларын республикалық, халықаралық жарыстарға тұрақты қатыстырып келеді. Әрине, олардың жетістіктері бапкерін де шабыттандырады, күш береді, алға қарай ұмтылдыра түседі.

«Әке көрген – оқ жонар» дегендей, Қанағаттың әкесі Қаби ата – әскери қызметкер, шекарашы болыпты. 1929 жылы үш жасында жетім қалып, Иран ауып, Түркменстанда балалар үйінде тәрбиеленіп, ержеткен соң 1959 жылы атақонысы Маңғыстауға оралады. Әуелде он бір ағайынды болып, содан үшеуі ғана аман қалған. Екінші дүниежүзілік соғысқа, Жапон соғысына қатысқан, соғыс және тыл ардагері екен. Зайыбы екеуі алты ұл, үш қыз сүйіп, тәрбиелеп өсірген. Қанағаттың ағаларының бәрі – еркін күреспен айналысқан спортшылар. Солардың өнегесін көріп өскен Қанағат та алты жасынан бастап дзюдо, каратэ, у-шу сияқты спорт түрлерімен айналысып, ақыры таэквондоны таңдаған. Өзі 1975 жылғы болса да, 73-термен бірге жаттығып бастапты. Тұңғыш тренері Еркін ағайы сияқты, кейінгі ұстазы Қонысбай ағайы сияқты бапкер болуды армандаған. Джеки Чанға еліктеп, түрлі трюктар жасап көретін болған. Содан айналасындағы достары, әріптестері арасында «Джеки Чан» атанып кеткен.

Қазір Маңғыстау облысында таэквондомен айналысатын екі мыңнан астам спортшы бар екен. Олардың барлығы дерлік – Қанағат Сүйебаевтың шәкірттері және шәкірттерінің шәкірттері.

Кейіпкеріміз атына сай азамат. Ол атақ-мансапқа, дәрежеге, дүниеге құмар емес, қарапайым тұрмысын қанағат тұтады. Бірақ білімде, өнерде, спортта жеткен жетістігіне қанағаттанып қалуға болмайтынын да жақсы біледі. Жоғары білімді, үш мамандықты меңгерген Қанағат – сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты қасиет иесі. Оның тағы бір қыры – атбегілік өнері.

Ұлттық спорт ойындарының басқа салаларының да жанашыры Қанекең Маңғыстау облысында ұлттық ат спортының бәйгеден басқа салалары дамымай қалғанына қынжылып жүретін. Соны сезген ел ағалары он жыл бұрын ұсыныс жасап, ауыл ақсақалдары батасын беріп, ұлттық ат спорты федерациясын басқаруды да қолға алады. Қазір ұлттық спорт түрлері – көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, асық ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, т.б. бағыттарды үздіксіз дамытып келеді. Қанағат Қабиұлы жасақтап, жаттықтырған маңғыстаулық көкпар командасы әлем чемпионаттарында жеңістерге жетіп жүр. Ал аймағымыздағы ат бәйгелері Қанағаттың қатысуынсыз өтпейді. Ол көтеріп жүрген көп мәселелердің бірі – арнайы атшабар (ипподром) салынса, бұдан да биік белестерді бағындырарына сенеміз.

Екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап келе жатқан Қанағат – аттың құлағында ойнайтын азамат екенін айттық. Оның белгілі байкер екенін де білеміз. Экстрималды спортқа бейімдігінен болар, әр жылдары байкерлердің конкурстарын да ұйымдастырып, өзі де қатысып тұрады. Мотоциклімен Еуропа елдеріне, Қытайға экспедицияларға шыққан.

Келіншегі де мұғалім екен. Екеуі бірге үш перзент тәрбиелеп келеді. Ұлы Қазыбек әкесінің жолын жалғастыруда.
Қанағаттың көп армандарының бірі – баһадүр бабасы Ер Шотан Назарұлына арнап Ақтау қаласында ескерткіш салу болыпты. Оның алғашқы жұмыстары өлке басшыларының, ел азаматтарының қолдауымен, «Шотан батыр» қоғамдық қоры арқылы биыл жүзеге асып бастапты. Марқұм әкесі Қаби ақсақалдың Шотан батыр рухына арнап атқарылған талай игі істердің басы-қасында болғанын білетін едік. Осы үлгіні ұрпақтар сабақтастығына айналдырып, Қанекеңнің де жалғап жүргеніне дән ризамыз.

Ата-баба, әке-шеше, ұстаз бен шәкірт алдындағы жауапкершілікке адал азамат, жастайынан халықтың ықыласына бөленіп үлгерген бүгінгінің батыры Қанағат Сүйебаевқа деген құрметімізден туған жазбамды ақ тілегіммен аяқтағым келеді: Халқыңыз «Ұлым!» дегей, атыңыз сүрінбегей, беделіңіз бүлінбегей, беліңіз бүгілмегей, даңқыңыз дүрілдегей, бағыңыз күлімдегей!

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: