Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балаларға екпе салмайды

16.09.2021, 11:30 280

Елдің бәрін шулатқан Жалағаш аудандық білім бөлімінің хаты өте жылдам тарап үлгерген. Қалай дейсіз ғой? Сынып жетекшілері  қолдарына тиген хат үлгісін ата-аналардың  чатына  салған. Осылайша «атышулы» хат барлығына тарап үлгерген. Әлеуметтік желіге салынғалы бері Қызылорда облысының білім басқармасы қамсыз қалмаған. Дереу аудандық білім бөлімінің басшылығымен мән-жайды анықтаған. Өйткені  ондағы  жазылған  ақпарат – теріс. Басқарма  басшысы А.Қасымова мен облыстық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары  Әлия  Әбдіқайымова  оқиғаның  өрбу  мақсатын  баяндап  берді.

Хат мазмұнында «Аудандық білім бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық орталығының 07.09.2021 жылғы №2216 санды хатына сәйкес 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы екпе жұмыстарын жүргізу жұмысы жоспарлан­ғандығын хабарлайды. Осыған орай Сізден екпе жұмыс­тарына байланысты төмендегі кестеге сәйкес толық мәліметті а 6 қыркүйегіне дейін  білім бөліміне жолдауды  тапсырады»  делінген.

Вакцина тақырыбы ви­рустан да қорқынышты болып тұрған заматта жаңадан босанған келіншектер, ата-аналар дүниеге келген балаға міндетті түрде салы­натын (туберкулезге қарсы, БЦЖ, вирусты гепатит) екпелерді де салдыруға қарсылық танытып жатқанға ұқсайды.

– Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде оқу­шыларға вакцина егу туралы Жалағаш аудандық білім бөлімінің хаты шығып, халық арасында резонанс туындаған. Бұл хатта Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес егі­летін вакциналар (БЦЖ, қызылша, қызамыққа қарсы, АбКДС+ХиБ+ИПВ) туралы мектептердегі ата-аналар комитеті өкілдеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыс­тарын жүргізу мақсатында мәлімет жинақтау үшін жібе­рілген. Қазіргі таңда рес­публика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылуда. Дегенмен бұл түпкілікті шешілмеген және балаларға арналған вакцина біздің елге жеткізілген жоқ, – деді Ә.Әбдіқайымова.

«Хаттың әлеуметтік же­лілерді «аралап» жүргеніне бір аптадай уақыт өтті. Шұғыл жиынды тілшілерге неге дер кезінде ұйым­дастырмады?» деген сауалға Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымова былай деп жа­уап  берді.

– Жалған мазмұнды хат тараған уақыт жұмыс кес­темізге сай келген жоқ, яғни алдымыз сенбі, жексенбі  күндеріне сәйкес келіп қалды. Алайда соған қарамастан, біз дереу мән-жайды анық­тауға кірістік. БАҚ қауы­мына апыл-ғұпыл брифинг бере ал­маймыз, өйткені мұндай ақ­параттың тарауын дұрыс тексеру қажет. Ал оған бірнеше күн кетті. Содан кейін өзім арнайы фейсбук желісінде де мұның теріс ақпарат екендігін айтып, арнайы жазба қалдырдым. Заңға сәйкес, ҚР Үкіметінің  24.09.2020 ж. №612 Қаулысына орай 18 жасқа дейінгі балаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге мәлім, епке жасайтын алдында әр ата-ана­ға келісім парағы беріледі. Арнайы келісімсіз балаға екпе жасалмайды. Аталған жағдайға байланысты Білім және ғылым министрілігі, білім басқармасы тарапынан балаларға екпе жұмыстарын жүргізу туралы қандай да бір құжат қабылдаған емес, – деді облыстық білім басқармасының басшысы  А.Бақтыбайқызы.

Ал Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысына шындыққа жанаспайтын хат таратқаны үшін тәртіптік жаза қолданған. Аймақтың бас ұстазы осы мазмұндас хаттар облыстың басқа аймақтарында да таралғандығын растады. Алайда қай аудандар екенін айтқан жоқ. «Дер кезінде тоқтатуға тапсырма бердім» деді ол. Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір сауал бар. «Pfizer» келсе, балаларға салы­на ма?» деген сұраққа алға екі мекеме басшысы да «тек ата-анасы рұқсат берген балаларға ғана» деп жауап берді. Жел сөз тек жүрмейді, демек, бұл да іске асыры­лады  деген  сөз.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: