Көпшілікке вакцинаның айналасындағы тақырып қазір қорқынышты. Бір жағынан қызық та. Басында «салмаймынға» басып, байбаламға барғандар бәрібір вакцина алуға мәжбүр. Оның көңілге күдік ұялататын да реті бар. Өйткені халық вакцина туралы толық ақпарат алған жоқ. Бізге белгілісі тек: «вакцина алу – коронавирусты ауыздықтаудың бірден-бір жолы». Ал еліміз бойынша салынып жатқан вакцинаның түрлері, олар қалай жасалады, оның адам ағзасына әсері қандай және осы сынды сан мың сауалдар үтір, нүктесіне дейін халыққа түсіндірілген жоқ. Вакциналар туралы ақпарат аз болғандықтан ел арасында «пәлен вакцина жаман екен», «пәлен вакцинаны салғандар қайтыс болыпты» деген секілді естіген адам денесі тітіркенетін қаңқу сөздер тарай бастады. Мұның барлығы – жоғары жақтағылардың өрескел қателігі.
ВАКЦИНАЛАР КЛАССИФИКАЦИЯСЫ
Қазіргідей кезеңде қоғамды бір арнаға тоғыстыру өте қиын шаруа. Оған үлкен саясат, еп керек. Пандемия елге көп шығын әкеліп ғана қоймай, азғантай ғана халықты қайғылы жағдайға салып қойды. Қаншама адам дүниеден өтті, қаншама отбасы жақындары мен туған-туыстарынан көз жазып қалды. Вакцина – (vacca – сиыр, vaccіnus – сиырдікі) микроорганизмдерден (бактерия, вирус, т.б.) алынып, адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препараттар. Азиялық көшпелілер ежелгі дәуірден-ақ адам мен малға шешекті, ешкіге кебенекті, сиырға алаөкпені егу арқылы оларды қатерлі аурулардан сақтандырып отырған. 1796 жылы ағылшын дәрігері Э.Дженнер алғаш рет сиыр шешегін адамға егу арқылы алды. Вакцина тірі, өлтірілген, химиялық, анатоксиндер, ассоциацияланған болып бөлінеді.
Тірі вакцина – микробтардың уыттылығын әлсіретіп, ауру тудырғыш қабілетін жою, иммунитет қалыптастыру үшін алынады. Алғаш рет француз микробиологы тірі вакцинаны түйнемеге (1881) және құтыру ауруына (1885) қарсы қолданды. Ал 1926 жылы француз ғалымдары А.Кальмет пен К.Гереннің ашқан тірі туберкулез (БЦЖ) вакцинасы ғылымдағы үлкен жаңалық болды. Тірі вакциналар шешек, құтыру, оба, туляремия, т.б. ауруларға қарсы пайдаланылады.
Өлтірілген вакцина – микроорганизмдерді физикалық (қыздыру арқылы) және химиялық жолмен (ацетон және спиртпен өңдеу) өлтіру әдістері арқылы алынады. Бұлардың қорғаныштық қабілеті тірі вакцинаға қарағанда төмендеу болғандықтан бірнеше рет егіледі. Химиялық вакцина микроорганизмдерден бөлінетін активті антигендерден алынады. Бұл вакциналар паратиф, іш сүзегі, т.б. ауруларға қарсы пайдаланылады.
Анатоксиндер – улы токсиндерді формалинмен өңдеу арқылы алынған усыз вакциналар. Бұларды алғаш рет (1923-1926) француз ғалымы Г.Рамон алды. Анатоксиндер дифтерия (күл), ботулизм, сіреспе, т.б ауруларға қарсы қолданылады.
Ассоциацияланған вакцина – 2-3 ауруға бірден қолданылатын вакциналар. Мысалы, сиырларды қараталақ пен қарасан (эмкар) ауруына қарсы бір вакцинамен егіп тастау өте тиімді. Вакциналарды организмге әртүрлі әдіспен енгізеді. Мысалы, шешек, туберкулез вакцинасын тері үстіне, полиомиелитке қарсы ауыздан, тұмаудың алдын алу үшін танау қуысынан құяды. Сүзек, тырысқақ, топалаң, құтыру вакцинасын тері астына, қызылша мен қарасан вакцинасын бұлшықетке егеді. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жылдар бойы сақталады.
БІЗДЕРДЕ МЫНАДАЙ БАР…
Қазір біздің аймақта бас-аяғы 4 вакцина жаппай егіліп жатыр. Жуырда Қазақстанға америкалық «Pfizer» вакцинасы да жететіні белгілі болды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ол балалар мен жүкті әйелдерге егілмек. Енді қазіргі қолжетімді вакциналар туралы аз-кем мәліметтермен бөліссек.
1. «QazVac» – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жасаған COVID-19-ға қарсы инактивтелген вакцина. Денеге енгенде, ол қорғаныш антиденелерін шығару арқылы жауап береді. Сыртқы ортада таралатын жабайы вируспен кездескен жағдайда дене көптеген антиденелермен шабуыл жасауға дайын болады. Вакцина 21 күн аралықпен екі дозада енгізіледі. Қазақстандағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «QazVac» вакцинасы +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада сақталуы мүмкін, оның шетелдік вакциналардан айырмашылығы оны тасымалдауға және сақтауға қарапайым етеді. Мысалы, оған арнайы қатаң температуралық режим қажет емес. Бұл оны еліміздің аймақтарына жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді. Дәл осындай нәтижелерге ғалымдар вакцинаны жасаудың бастапқы кезеңінде таңдаған тәсілдің арқасында қол жеткізді. 2020 жылдың 5 желтоқсанында вакцинаның клиникалық сынағы басталды. Аталмыш вакцина алдағы уақытта айына 500 мың дозаға дейін өнеркәсіптік көлемдегі вакцина арнайы салынған фармацевтикалық зауытта шығарылмақ.
2. Hayat-Vax – бұл «Жұлпар» фармацевтикалық компаниясында (Рас-аль-Хайма, БАӘ) шығарылған вакцина. «Hayat-Vax» вакцинасы БАӘ Денсаулық сақтау және алдын алу министрлігінде 2020 жылдың 9 желтоқсанында, содан кейін Қытайдың дәрі-дәрмектерді бағалау орталығында (CDE) 2020 жылдың 30 желтоқсанында тіркелген. Бүгінгі таңда вакцинаны Қытайдан басқа БАӘ-де өндіруге рұқсат етілген.
Ресми мәліметтер бойынша вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы әлемнің 34 еліне қолдануға жіберілген. «Hayat-Vax» вакцинасын өндіру үшін ескі, бірақ дәлелденген вакцина технологиясы қолданылады. Бұл технологияның көмегімен организмде қорғаныш антиденелерді индукциялау қабілетін сақтай отырып, вирус өледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инактивтелген вакциналарда адъюванттардың зияны жоқ екенін дәлелдеді. Адъюванттар инактивирленген вакцинаның қосалқы заттары ретінде олар иммундық жүйені ынталандырады және ағзадағы иммунитеттің ұзақтығына ықпал етеді. Вакцинаның құрамында консерванттар жоқ. Ұқсас «Sinopharm» вакцинасын сынақтан өткізудің үшінші кезеңі Аргентина, Бахрейн, Египет, Марокко, Пәкістан, Перу және Біріккен Араб Әмірліктерінде 68000-нан астам адамның қатысуымен жүргізілді. Иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер (AEFI), оның ішінде вакциналанған ауыр аллергиялық реакциялар тіркелмеген.
3. «Sputnik-V» – біріктірілген векторлық вакцина. Бұл генетикалық материалды адам жасушасына беретін басқа вирустың өзгертілген нұсқасын қолданатынын білдіреді. «Sputnik-V» әдетте адамдарда ЖРВИ, конъюктивит және тіпті гастроэнтерит тудырады. Адам вакцинаны қабылдаған кезде, вектор жасушаға еніп, ақуыз шығарады. Иммундық жүйе бұл ақуызды байқаған бойда антидене шығара бастайды және денеде басқа реакцияларды белсенді етеді. Егер дене кейіннен коронавируспен ауырса, ол оны қалай жеңуге болатынын біледі. «Sputnik-V» – адамның аденовирустық векторлық платформасына негізделген әлемдегі бірінші тіркелген вакцина. Дене жасушаны коронавирус жұқтырды деп ойлайды. Бірақ коронавирустық ақуыз жасушалардың барлығына вирус ретінде шабуыл жасайды және антиденелер шығарады. Жалған шабуыл барысында «жұқтырған» жасушалар, сондай-ақ, көбейту мүмкіндігінен айырылған аденовирус толығымен жойылады. Нәтижесінде тек антиденелер қалады. «Sputnik V» осылай жұмыс істейді. Жалпы саны 4 миллиард адам болатын 70 елде мақұлданған. Вакцина бірінші кеңестік ғарыш спутнигінің атымен аталған. 1957 жылы Sputnik 1-дің іске қосылуы бүкіл әлемде ғарышты игеруге жаңа серпін берді. Бұл әлемдік қоғамдастық үшін «Спутниктік сәт» деп аталады.
4. «Pfizer» вакцинасы американдық «Pfizer» мен қытайлық «Fosun Pharma» компаниясы бірлесіп жасаған. «Pfizer» вакцинасы деп аталатын пандемияның алғашқы кезеңінде «Comirnaty» сауда белгісімен таратылды. «Tozinameran» – халықаралық патенттелмеген атауы. Бұлшықет ішіне енгізіледі. Вакцинация үшін үш апта аралықпен екі дозаны енгізу керек. Вакцина мыңдаған адамға 2020 жылдың тамызы мен қыркүйегінде сыналды, ешқандай елеулі жанама әсерлері байқалмады. 2020 жылдың қарашасында сынақтардың аралық талдауы «COVID-19» диагнозы қойылған және кандидаттық вакцинаны алған зерттеуге қатысушыларды зерттеді. Екінші дозаны қабылдағаннан кейін жеті күн ішінде инфекцияның алдын алудың 90% жоғары тиімділігін көрсеткен. Ұлыбритания бұл вакцинаны төтенше жағдай хаттамасы бойынша пайдалануға рұқсат берген бірінші ел болды. Содан кейін Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Америка Құрама Штаттары, Канада вакцинаны пайдалана бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың аталмыш вакцина турасында айтқан сөзін қаз-қалпында берсек:
– Бастапқы кезеңде қазан айында «Pfizer» вакцинасы тек балалар мен жүкті әйелдерге қолжетімді болады. Сондықтан бұл вакцинаны көп күтудің керегі жоқ, қазір барып екпе жасата берген жөн. Бір апта ішінде бізде тағы бір вакцина болады, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Осы орайда бұл вакцинаны да салдыру мүмкіндігі болады, – деді Алексей Цой.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронавирустан вакцинаны қайталап егудің мерзімін атады.
«Қазіргі кезде біз мерзімді пысықтап жатырмыз, себебі Қазақстанда вакциналау ақпан айынан бастап жүргізілді. Адамдардың басым бөлігі маусым-шілде кезеңінде екпе алды. Осы орайда олардың ағзасындағы антиденелер әлі де бар, оның деңгейі де жоғары. Сондықтан екінші дозаны алғаннан соң шамамен 9 айдан кейін күнтізбеге енгізіледі. Қазіргі кезде әріптестермен осы мәселені қарастырып отырмыз, – деді ол.
Демек, алдағы уақытта жүкті әйелдер мен балалар да осы вакцинаны алатын болады.
ВАКЦИНАДАН КЕЙІН ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР БАР
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой вакцина алғаннан кейін 115 адам қайтыс болғандығын ресми түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, екпеден кейін қайтыс болғандардың созылмалы аурулары болған. Мәселен, қант диабеті, семіздік, жүрек-қантамырлары және тыныс алу аурулары бар адамдар вакцинаны көтере алмайтынға ұқсайды.
– Біз биыл ақпан мен шілде аралығындағы кезеңді талдап шықтық. Барлығы коронавирустан 4 969 адам қайтыс болды. Олардың ішінде 115 адам вакцина алған. Барлық өлім-жітімнің 2,3 проценті деген сөз, басым бөлігі – 97,7 проценті вакцина алмаған адамдар, – деді ол.
Қалай десек те, вакцинадан кейінгі адамның жағдайын бірден бақылау қиын. Өйткені оның соңын ғалымдар, медицина мамандарының өзі терең зерделеген жоқ және өте тығыз уақытта адамдарға егілуде. Қазақта «Құдайдың көзі түзу болсын» деген тәуекел сөзі бар еді. Бүгінде ел осы тәуекелге барып, вакцина қабылдауға мәжбүр.
Ә.АЛДАБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!