Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Токио Паралимпиадасында қызылордалық қыз бақ сынайды

18.08.2021, 16:00 385

HALYQLINE.KZ  Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токиода өтетін ХVI Паралимпиада ойындарына қатысатын қызылордалық парадзюдошы Даяна Федосовамен онлайн форматта кездесті.

Аймақ басшысы Даянаға алдағы спорт бәсекесіне сәттілік тілеп, Сыр елінің жанашыр жерлестері оған жанкүйер болатынын жеткізді.

Сізді Токио ойындарына қатысуға құқық беретін лицензияны ұтып алуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз Сыр өңірінің спорт тарихында тұңғыш Паралимпиадаға қатысушысыз, сондықтан мұның өзі зор жетістік деп білеміз. Токиода бар күш-жігеріңізді сарқа жұмсап, үздік болатыныңызға сенеміз», – деді облыс әкімі.

Онлайн форматтағы жүздесуде облыс әкімі Сыр елі жұртшылығының атынан еліміздің абыройын қорғайтын спортшы қызға көрсетілетін сый-сияпат ретінде 500 мың теңгенің сертификатын ұсынды.

Өз кезегінде, Даяна спорт бәсекесі алдында өзіне қолдау білдіріп, пікірлескен аймақ басшысына және барша спорт жанашырларына алғыс білдіріп, жерлестерінің үмітін ақтайтынын айтты.

Еске салайық, коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген ХVI Паралимпиада ойындары биыл 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

Федосова Даяна Владимировна 2001 жылдың 13 шілдесінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатын, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» колледжін аяқтаған.

Парадзюдомен 2019 жылдан бастап айналысады. Бапкері – дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанарбек Сансызбаев.

Парадзюдодан ҚР спорт шебері, ҚР чемпионатының жеңімпазы (2020 ж.), ҚР Кубогінің жеңімпазы (2021 ж.), Гран-при турнирінің қола жүлдегері, Уорик қаласы (Англия, 2021 ж.).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: