Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

05.08.2021, 9:00 473

Өмірзая

Ақындығын әкімдігі жеп қойған…

Өтпелі  дүние

Басымен басталады, аяғымен аяқталады.

Кім  қожа?

Адамдар жер-әлемнің қожасы болғысы келеді. Алайда соған абыроймен қол жеткізген бірде-біреуі жоқ.

Уақыт  жетпейді

Кей адамға ақыл өте кеш кіретіндіктен, ақылды өмір сүруге уақыт өте аз қалады.

Көштен  қалған  тірлік

Алаяқтар ақыл айтып, ұрылар ұрандатып ұлы жолды көрсетіп, жемқорлар жұмаққа кіргізуге уәде етіп, жағымпаздар жыр жырлап, жылмағай өмір сүріп жатырмыз.

Біздің  бекемдік

Олар бізді ақымақ етуден шаршамаса, біздер ақымақ болудан шаршамайтын түріміз бар.

Реніш

Солай семірмесең болмай ма? Майың ішіңді толтырып, сыртыңа төгіле бастапты.

Кімдер  екен?

Кеуде керген көкіректер, сөз айта алмайтын сөлпектер, мықтының артын сауған елпектер, қорада ғана үретін иттей «тентектер»…

Шындықтың  ұясы

Ең шынайы айғақтар мен деректер, ойлар мен сезімдер – сандық түбінде жатқан күнделіктерде.

Бүтіні  жоқ

Шала маман, шала діндар, шала ғалым, шала саясаткер, шала белсенді, шала жансар… Бір бүтінін таппайсың…

Бастың  түрі

Көпті көрген көне бас…

Қорқыныш

Уағыз айтса айтсын, бірақ «Менің ғана ақылыммен жүріңдер» деп айтпаса екен.

Құрбандар

Ашаршылықтың құрбандарын күңірене отырып еске аламыз. Ал тоқшылықтың құрбандарын не істейміз?

«Жаңа  есімнің»  жайы

«Жаңа есімдер» деп жаңғыртқандарға қайырылып бір қарасаң, ылғи сүрленген, көне беттер тұрады…

Өз  әлемі

Есуастар ортасында есуастың сөзі есті боп көрінеді.

Үйреніп  қалды

Бізде біраздан бері мықты, жойқын ақындар болмағандықтан, қарапайым жұрт ортақол, жортақ ақындардың өлеңдеріне тамсануға әбден үйреніп-ақ қалды…

Бүлдіргіш  «күлдіргіштер»

Кей күлкі театрларының «күлдіргіштігі» сондай – күлкілі жайтты күте-күте өзіңнің толғағы келмеген жүкті әйелдей ыңыранып, дел-сал күйде қалғаныңды білмей қаласың…

Тыншыма

Тып-тыныш бір күйде жатсам деп армандайсың да жүресің. Алайда тыныш күй кешу адамның тіршілігіне жат нәрсе екен. Тыныштықтың өзі тынышыңды бұзады, тынысыңды тарылтады…

Осы  ғой

Айтпаймын десең де, айтып қаласың. Бармаймын десең де, барып қаласың. Көрмеймін десең де, көріп қаласың. Бермеймін десең де, беріп қаласың. Жазбаймын десең де, жазып қаласың…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

        (Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: