Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тиімділігі мол тәсіл

28.07.2021, 11:40 547

HALYQLINE.KZ

«Егінші жылда арманда». Десе де, тәсілін тапсаң, арманың алдамайтын көрінеді. Оған мына оқиға дәлел болады. Қазалылық тұрғын Нұрлыбек Нұрқожаев тамшылатып суару арқылы 3,5 гектар жерге қарбыз егіп, өнімдерін аудан тұрғындарына қолжетімді бағада сатып отыр. Айта кетерлігі, қарбыздың алғашқы өнімдері шілде айының басында піскен екен.

Нұрлыбек Нұрқожаевтың айтуынша, қарбыздың «Бомбикс F1» аталатын бұл түрі 55 күнде толық пісіп-жетіледі. Дақылды тамшылатып суару дәл осындай судың тапшылығы қатты сезіліп тұрған сәтте аса тиімді көрінеді. Суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқыш та арнайы түтік бойымен жіберіледі екен.

Нұрлыбек Нұрқожаевтың тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарының жалпы құны 3,7 млн теңгені құрайды. Оның 2 млн теңгесіне «Бизнестің жол картасы 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Бағдарлама аясында өзінің инновациялық идеясын қорғап, 2 млн теңге грант қаражатын ұтып алған.

Ерте піскен қарбызды аудан тұрғындарымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарынан да келіп сатып алуда. Қарбыздың «Бомбикс F1» деп аталатын сорты бүгінгі таңда екінші рет өнім беріп жатса, «Продюсер» деп аталатын сорты жақында піседі деп күтілуде.

Нұрлыбек қарбыздан бөлек, 1 гектар жерге асқабақ пен қияр да егіпті.

Бақшалық басына арнайы іздеп барып, бағбанмен тілдескен Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевқа Нұрлыбек топырақтың сор болуына байланысты бақша егетін шағын шаруаларға жер тегістейтін техниканың аса қажет екендігін жеткізді. Аудан әкімі болса бұл мәселені зерттеп алу қажеттігін, қолынан іс келетін азаматтарды қолдайтынын айтты. 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: