Қазақстан егеменді ел болғалы 30-шы жыл. «Ә» дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң орындады.
Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр, т.б. Халық оны ұмытпайды!
Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтап тұрғаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы премьер-министр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері, т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтардың да дер кезінде осыған тоқтау жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай басып айтатын баяғы Бұхар, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы Кеңес дәуірінің қылышының астында болғандығымыздан арыла алмай жатқандығымызды көрсетеді.
Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ оны көршілерден де көрдік емес пе?!
Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық интернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар, т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың отанына келмеу себебін несіне жасырамыз? Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр?
Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсыбірін айтасың? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін.
Не істеу керек?
Мәселені түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған Қазақтың менталитетін қосып, мемлекетімізге түбегейлі модернизация жасау керек: саяси модернизация, рухани-әлеуметтік модернизация, экономикалық модернизация.
a) Саяси реформа
Біз енді әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бетпердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек, біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгерудеміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі реформалар жасауымыз керек, Конституциялық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар…
Қандай Конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та, ең абзалы халықтың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеу керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек, қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті дамыған қоғам орнатуға салуымыз өте қажет. ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал енді ХХІ ғасыр – ол жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл, ой-санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.
Қазақстан 30 жыл бойы президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек! Парламенттің рөлін күшейту қажет. Бұл мемлекетімізді басқаруды «Парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни Президенттің құзырын күрт шектеу. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде, заң, сот жүйесінде әділеттілік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді.
Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық Парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50%-ы партиялардан, 50%-ы бір мандатты мажоритарлық округтерден елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі, қазір «партия» деп халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал олар шешілмесе, қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың Парламентке өту межесі 3-5%-дан аспауы керек. Бұл ұсыныстарды мен Парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын.
Мұның ең өзектілігі – көппартиялы Парламент жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені парламентаризм – «қалталы депутат емес», көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демократиялық жолмен өткізуге тиістіміз. Халық өз дауысын қандай партияларға қанша пайызбен бергендігін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей дауыс ұрламай, Парламентке сайлау өткізу керек.
Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. «Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың» демекші осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен соң ұсынудамын.
Реформа билік басындағылардың мүддесі үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға белсенді түрде араласуында.
б) Экономикалық реформа
Негізгі мақсат біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып (диверсификациялап), инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау) болып табылады. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ тез алға басамыз. Бұл – жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономиканың дамуының жаңа моделіне өту деген сөз. Қазақстан осыған даяр ма?
Бұл жерде «кімнің соңынан жүреміз, әлемде алатын тәжірибе бар ма, жоқ әлде өз жолымызды таңдаумыз керек пе?» деген сұрақ туындайды. Біз әлемнің дамыған елдерінен ХХІ ғасырда керек деп ең тиімді тәжірибелерін тек алып қана қоймай, оларды біздің менталитетімізге, қазақ халқының ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне лайықтап өңдеп пайдалану қажет. Біз Қазақстанның ең білімді, білікті азаматтарының ұсыныстарын сараптан өткізіп, Қазақстанның ХХІ ғасырда өз дамуының сара жолын жасауымыз керек. Шетелде жүрген білімді қандастарымызды шақыру қажет.
Алысқа бармай-ақ қояйық, бір-ақ мысал, кешегі біздің Советтер одағында болған, бірге дамыған Эстония халқы шетел, Европа ақылшыларын ашық тыңдамай өз жолын тауып, қазір 30 жылда ең инновациялық, интернеттік жылдам ел болып тез дамуда. Жан басына шаққандағы табысы 25 000 АҚШ долларынан асқан. Бұл ел орта білімге ең көп қаржы салатын мемлекет болып тұр. Біздегі сияқты шарықтап тұрған сыбайлас жемқорлыққа олар тұсау салып тастаған.
Жаңа заман, жаңа талапқа байланысты барлық шығынды күрт азайтып, Мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол кезде жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын болады. Мен «Мемлекетті 5-тік спиральмен (мемлекет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информатизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Сонымен қатар бұл жоба «Жас Алаш», «Дат», «Халық» газеттері мен «Abai.kz», «qamshy.kz» т.б. интернет сайттарында да жарияланды.
Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн, өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана, осындай өркениетті ісі арқылы билік, шынында да, қоғамның саналы әрі салауатты күшіне арқа сүйей алады.
Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – мемлекетті тиімді басқару жолы және кәсіби біліктілік болмақ.
в) Әлеуметтік инновация
Жаһандық дағдарыс рухани жаңғыру,әлеуметтік-мәдени өркениет, атап айтқанда, ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгілерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық саласында белгілі кәсіби қабілетсіздік болып тұр. Бұл әсіресе дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде тіпті дамыған елдердің өзінде тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді.
Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы білімді қоғам, тұлға пайда болады. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдің бүкіл жүйесінің негізіне айналады. Идеяның пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру.
Сондықтан бізге мынадай адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, қалыпты өмірге байланысты минималды қалыптар құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту керек:
– денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6%-дан кем болмауы керек, ал бізде – 3,2%);
– ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5% болуы керек, ал бізде – 0,13%);
– білім (ЖІӨ-нің кем дегенде 6%, ал бізде – 3,2%);
– мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5%, ал бізде – 3%).
Зерттеу көрсеткендей, біз экономиканың өте маңызды бағыттарына қалдықтық негізде ұстағанымыз көрсеткіштерден көрініп тұр, нәтижесінде олардың артта қалғандығын айқын көрсетеді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде, кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады?
Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады, өйткені уақыт өте келе ол жасампаздық белсенділік арқылы үкіметтің әлеуметтік сенімінде үлкен үлесті алады. Әлеуметтік капиталды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және нарық пен үкімет инвестицияланады.
Осыған сүйене отырып, адами капитал саласындағы осындай минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (өмір сүрудің белгілі бір стандарттарын) орнату арқылы біз шынымен де жайлы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл – Үкіметтің айналысатын мәселесі.
Әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, сонымен бірге халқы аз болғандықтан, біз осы бай мұраны сақтай аламыз ба? Біздің еліміздің адами әлеуетін әр адамның «кодталуынан» жеке тұлғаның биометриялық өсуіне дейін бағалауымыз керек. Басқаша айтқанда, барлық тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсету және өзін-өзі қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасау, желілік экономикамен, интернет желісімен және цифрландырумен елді «қамту». Мұнда ең бастысы, ұлттық қауіпсіздікті, адамгершілік аспектіні қамтамасыз ету – адамды бақылау емес, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруда көмектесу керек.
Мемлекет жүйелі түрде өзгеру үшін тез арада 4 ұлттық жобаның шешу тетіктерін жасау қажет:
– ҚР ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет.
– Қоғам рухани жаңаруы қажет. Негізгі назар мәдени, тарихи және моральдық – адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек.
– Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз және жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз керек.
– Жаңа өндіріс құрылым саясатына, индустриялы-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гуманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.
Мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттан сақтап қалар! Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып шешім қабылдайтын сәт туды. Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен Сіздерді революциялық емес, эволюциялық жолға, дана халқымыздың көрегенділігін ұстанып, бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы қалмауға шақырамын!
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан ғалымдар Одағының президенті,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР ҰИА академигі, э.ғ.д., профессор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!