Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімінің орынбасары БАҚ өкілдерімен кездесті

23.06.2021, 10:45 686

HALYQLINE.KZ Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға жергілікті БАҚ басшылары, республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері, тәуелсіз журналистер, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Кездесудің күн тәртібінде өңіріміздің күретамыры, негізі тіршілік көзі – Сырдария өзенінің су тапшылығы мен егін шаруашылығындағы су, ауылшаруашылық саласындағы субсидия мәселелері болды. Жиынды Серік Ахмет су мәселесіне қатысты бірқатар мәселелер мен атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, Алаштың анасы саналатын өңіріміздің күретамыры, негізі тіршілік көзі – Сырдария өзенінде су тапшылығы сезілуде. Бұл Арал аймағындағы мал өлімі, күріштікке судың жетіспеуі, қысқа мал-азығына қажетті жем-шөп әзірлеу мен ауыл шаруашылығын субсидияландыруда кездесіп жатқан күрделі мәселелерге тікелей әкеліп тіреуде. Жылдан-жылға судың азаю қаупін сезінгендіктен әртараптандыруға басымдық бердік, – деді Серік Ахмет.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірдің егін шаруашылығындағы су мәселесі бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы және ауылшаруашылық саласын субсидияландыруда кездесетін түйткілді мәселелер туралы баяндаса, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов пен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу бойынша жұмыстар туралы хабарлады.

Жыл сайын көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдері ұлғайып келеді. Атап айтқанда, ағымдағы жылы облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Облыс бойынша 187,6 мың га ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артық егілді.Жалпыға мәлім, биылғы жылғы өңірдегі су тапшылығы мәселесі салдарынан күріш егісінің межеленген 84,4 мың гектар көлемі 1,5 мың гектарға дейін қысқартылып, 82,9 мың гектарға орналастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдан 6,6 мың гектарға азайған.

Жыл сайын саланы дамыту және ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін қолдау үшін мемлекет тарапынан 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Биылғы жылға 11,4 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат егіншілік саласы өнімнің шығымдылығы мен сапасын, экспорттық әлеуетін арттыратын болады.

Сондай-ақ, мал шаруашылығы бағытына биылғы жылы 2,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Осы бағытта жүргізілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өткен жылдың өзінде селекциялық және асыл тұқымды жұмыспен қамтылған МІҚ саны 12,4%, қойлар 6%, сатып алынған асыл тұқымды МІҚ 14,5 %, асыл тұқымды жылқы саны 1,1% ұлғайды.

Осы орайда, ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру барысында қысқартылған күріш егісінің орнына рентабельдігі және экспорттық әлеуеті жоғары дақылдардың көлемін арттыра отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынды. Нақты айтқанда, көкөніс, бақша, майлы және мал азықтық дақылдарын өткен жылмен салыстырғанда 11,1 мың гектарға артық орналастырылды.

Сырдарияның 93% суы Қырғызстан, Тәжікістан және Өзбекстан аймақтарында қалыптасады. Сырдария өзені – «Тоқтағұл» су қоймасында жиналған су көлеміне тікелей тәуелді. Мәселен, аталған қоймада жылына 15 млрд текше метр су жиналу керек болса, қазір бар болғаны 7-8 млрд текше метрді құрап тұр.

Су тапшылығын алдын алу үшін облыстық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғыларын сатып алу және 92 шақырым болатын 18 каналға тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, шаруашылық құрылымдары 47 насос қондырғыларын дайындады. Айта кету керек, қосымша 41 дана насос алынатын болады.

Өткен жылы басталған Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта жаңғырту жұмыстары бүгінгі күні жалғасуда. Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша 161 млрд теңгеге 3 жоба әзірленген.

Басқосуда БАҚ өкілдері ойларын ортаға салып, келелі ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, Сырдария өзеніндегі судың тартылуы, дария арнасын тазартуы, Арал ауданындағы малдардың қырылуы, шаруаларға субсидия беру, азық-түлік, жанар-жағармай бағаларын тұрақтандыру мәселелерін қозғады. Өзекті сұрақтарға салалық басқарма басшылары жауап берді.Облыс әкімінің орынбасары шараны қорытындылай келе, ақпарат кеңістігінің аясын кеңейтіп ауқымды шараларды бірге атқаруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, тұрғындарға вакцина алудың маңыздылығын насихаттап, алдағы ауыл әкімдерінің сайлауы мен халық санағы науқанына ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: