Ежелгі грек аңызында Дедал атты ұста баласы Икарға қанат салып беріп «…өте жоғары ұшпа, күннің ыстығы қанатыңды күйдіреді, өте төмен ұшпа, теңіздің толқындары қанатыңның қауырсындарын су қылады» деп ақылын айтыпты делінеді. Нәтижесінде көкке ұшқанына масайраған жасөспірім күнге ұмтылып қанаты күйіп, теңізге құлап мерт болыпты.
Бұл енді адамзаттың аспан әлеміне деген ұмтылысының аянышты болса да әдемі мысалы болса керек.
Кім қалай айтса да бүгінгі күні аспан әлемінде екі қанаты бар ұшақпен ұшу жердегі төрт дөңгелекті көлікпен жүруден әлдеқайда қауіпсіз деп саналады. Әрине техникалық көрсеткіштері сайма-сай ұшақтың штурвалын кәсіби деңгейі жоғары ұшқыш ұстаған жағдайда.
Өткен жылғы желтоқсан айында қазақстандық «Bek Air» компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы құлағаннан кейін аталған әуе компаниясының жұмысына жасалған тексеру қорытындысы жалпақ тілмен айтқанда келесідей. Ұшақтардың бірқатар детальдарынан май ағып жүрсе де жамап-жасқап ұшуды жалғастыра берген, ұшақтарға техникалық қызмет көрсетілді деп атқарылмаған жұмыстарға құжаттар толтыру, ұшқыштардың ұшуға рұқсат беретін сертификаттарын өздері болмаса да бере салу әрекеттері орын алған, т.б.
Бәрін айт та бірін айт, бұл ұшақтарды шығаратын Нидерландиялық кәсіпорын 1997 жылы банкрот болған екен. Сонда бұл сериядағы ұшақтардың ең жасының мерзімі 23 жылдан кем емес. Қазіргі нарықтағы бағасына келер болсақ салондағы «навороченный» Мерседес-Бенц көлігінің бағасымен шамаласып қалады екен.
Негізі қазір жұмысы тоқтап тұрған «Bek Air» болсын, жаңадан құрылып жұмысын енді бастап жатқан алғашқы отандық лоукостер «Fly Arystan» болсын, бұлардың баға саясаты халыққа қолайлы, қолжетімділік негізіне құрылған.
Жалпы, «лоукостер» деген ұғымға келер болсақ, «бюджеттік» дегенді білдіреді, яғни қолжетімді. Қолжетімділікке қалай қол жеткізеді десеңіз, «барлығынан барынша үнемдеу» арқылы. Отыратын орындықтарды артқа шалқаймайтын ету, олардың араларын барынша жақындату, мүмкіндігінше салмағы аз жүк салдыру, сапар барысында сусын, тамақ бермеу, әуежайларға қолайлы болғанымен жолаушыға қолайсыз мезгілде, мысалы: таң атпай немесе түн ауа ұшу, қаладан алыс аэропорттардан ұшып-қону деп кете береді…
«Жол мақсаты – жету» деген, ешкім бұл шектеулерден көштен қалып жатқан жоқ, әлемде ондаған әуе компаниялары осы бағытта шылқып байып кетпегенмен кірісі мен шығысын үйлестіріп жұмыс жасауда.
Бәрі дұрыс-ау, дегенмен Алдаркөсенің көзі тоймас қомағай байдың бір тақия шығатын матасынан алты-жеті тақия пішкені сияқты бірыңғай үнемнің соңында кетіп, жанар-жағармайдан, уақытылы жөндеуден өткізуден, мұз қатуға қарсы арнайы сұйықтықтан, ұшқыштың білім-білігінен «экономдай» бастамауын құзырлы құрылымдардың қадағалауына қалдырайық. «Арыстан айға шауып, мерт болыптының» кері келіп жүрмесін. Өз тарапымнан жаңа отандық әуе компаниясына ұшақтарының көкке көтерілуі мен жерге қонуының сандары біп-бірдей болсын деп тілеймін.
Сәбит КӨШЕРБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!