Футболдан «Еуро-2020» сайысы өтіп жатыр. «Еуро» десе елеңдемейтін футбол жанкүйерлері кемде-кем. Кәрі құрлықтың басты додасына айналған, Еуропаның үздік ұлттық құрамалары бақ сынасатын сайыста түрлі қызықтар мен күтпеген жайттардың көп болуы – бұлжымайтын заңдылық. Биылғы турнир де дәстүрден жаңылмай түрлі қызықтармен басталды. Өткен жылғы жоспарланған сайыс карантиндік шектеулер әсерінен биыл өтіп жатқаны баршаға белгілі. Дәстүрден жаңылмайық деп атын да өзгертпей, «2020» санын сақтап қалғаны да белгілі. Бірақ, бұл турнирге өз кедергісін келтірмеуі керек. Десе де, карантиндік шектеулер көптеген қиындықтар тудыратыны сөзсіз…
ИТАЛИЯ КӨШ БАСТАДЫ
Доп додасының тұсаукесерін А тобында өнер көрсететін Италия мен Түркия кесіп берді. Бұл екі команда өз топтарының қос жұлдызы іспетті. Көп мамандардың пікірінше, турнирдің келесі кезеңіне дәл осы екеуі шығуы бек мүмкін. Ықылым заманнан қорғанысы мығым италиялықтар мен іріктеу кезеңінде талайды таңғалдырған Түркия құрамасы расымен фаворит болып көрінеді. Десе де, Олимпико стадионында көрген көрінісіміз көңілге күдік ұялатты. Түркия құрамасы маңызды матчта айбынынан айырылып, ойсырай жеңілді. 90 минутта қарсылас қақпасына мүлдем тура соққы бағыттай алмаған. Ойынды Италия құрамасы толығымен қолында ұстады десек те болады. Тиісінше, қорытынды есеп 0:3 есебімен италиялықтар пайдасына шешілді. Осылайша, Түркия турнирлік кестенің соңына жайғасуға мәжбүр болды.
Жоғарыдағыларды көпшілік фаворит қатарынан көрсе де, Швейцария мен Уэльсті ешкім есептен сызып тастаған жоқ. Бұл екі команда да білікті ойыншылардан құралған құрамаларға жатады. Бұл топтағы тартыс қызықты өтетіні белгілі. Себебі, плей-офф кезеңінен төртеуі де үміттеніп отыр. Турнирдің келесі ойыны дәл осы екі команда арасында өтті. Ойын барысында Швейцария басымдығы байқалса да, қорытынды есеп 1:1 болып аяқталып, екі команда тең түсті.
ЭРИКСЕН АМАН ҚАЛДЫ
Шыны керек, Еуроның алғашқы аптасында қоғамда үлкен резонанс тудырған B тобының командалары. Мұнда да азуын айға білеген төрт команда бір топқа түсіп қалған. Десе де, кей сарапшылардың ойынша Финляндияның плей-офф кезеңіне таласатын мүмкіндігі жоқ-ты. Бірақ, дүбірлі додада кездейсоқтық қалыпты жағдай екенін естен шығармау қажет.
Дания мен Финляндия арасында өткен матч тарихта қалуы мүмкін. Себебі, команданың басты жұлдызы Кристиан Эриксеннің бұдан кейін алаңға оралуы екіталай. Ойынның 43-минутында даниялық аяқдопшы шабуыл кезінде өзінен-өзі есінен танып қалды. Алаңдағы төреші де есі шығып, дәрігерлерді дереу көмекке шақырды. Алғашқы көмектен хабардар футболшылар да Кристианды аман алып қалу үшін барын салды. Дереу жеткен дәрігерлер Кристианның жүрек тұсын сырттай уқалап, ойыншының әзер дегенде есін жидырды. Қос команда да алаңды босатып, ойынды кейінге қалдыруы мүмкін еді. Десе де, біршама уақыттан соң, Кристиан Эриксен жағдайы жақсы екенін жеткізіп, ойынды жалғастыруды сұраған. Әрине, өзі алаңға шықпай, дәрігерлердің қарауында қалды. Ал матч басында фаворит болған Дания құрамасы есеңгіреп, 0:1 есебімен есе жіберді. Өз кезегінде дәрігерлер Эриксен алаңға қайта оралмауы мүмкін екенін жеткізді. Қазіргі таңда әлі де медициналық талдау жүріп жатыр.
Дәл осы топта өнер көрсететін Бельгия мен Ресей арасындағы матч тартымдырақ болды. Есеп біз күткендей белгиялықтар пайдасына шешілді. Ойынды толықтай қолдарында ұстаған Мартинес шәкірттері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал ресейліктер үшін ендігі кезекте қателесуге болмайды.
АУСТРИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ
С тобында әзіргі барлығы қалыпты өтуде. Нидерланды құрамасы Украинаны тартысты ойында 3:2 есебімен жеңсе, Аустрия мен Солтүстік Македония матчында 3:1 есебі тіркелді. Айта кететін жайт, бұл – Солтүстік Македония тарихындағы ең алғашқы Еуро додасы. Ал Аустриялықтар үшін мұндай үлкен турнирдегі ең алғашқы жеңіс. D тобында кесте басына Чехия мен Англия құрамалары көтерілді. Ал Хорватия мен Шотландия 0 ұпаймен көш соңында қалып отыр.
Е тобында Словакия күтпеген жерден Польшаны жеңіп, бірінші орынға шықты. Ал Испания болса, Швециямен ойында ұпай жоғалтып, тең нәтижеге көнуден басқа амалдары қалмады. Осылайша, топ аутсайдері саналған Словакия жеке-дара көш басында тұр.
«ӨЛІМ ТОБЫНДАҒЫ» ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?
Шыны керек, футбол жағалап жүрген жандардың назары дәл осы F тобына ауып жүр. Көпшілік бұл топты «өлім тобына» жатқызса, енді біреу турнир жеңімпазы осы төрттіктің бірі болады деп болжайды. Мұнда азуын айға білеген әлем чемпиондары Франция, мығым команда Германия, Криштиану Роналду бастаған Португалия және ортаңқол құрама Венгрия бар. Жоғарыдағы үш команданың да жеңістен үміті бар. Ал Венгрия үшін топтық кезеңнен ары асу үлкен жетістік болмақ. Расында, мұндай азулы командалармен бір топқа түскенде одан әріні ойлауға шамаң келмейді.
Бұл топтың алғашқы ойыны Португалия мен Венгрия арасында өтті. Құрамын кіл үздіктерге толтырған Фернанду Сантуш тұсаукесер ойынды айқын басымдықпен жеңеді деп күтілген. Оның үстіне команда лидері Криштиану Роналду мансабының соңында Еуроны тағы да жеңіп алуға ниетті. Ысқырық шалынып, ойын басталғалы көпшілік күткендей, доп португалдықтардың қолында болды. Десе де, Венгрия құрамасы қорғаныстың кілтін тауып, қақпасына доп өткізбеді. Толассыз шабуылдар өз пайдасын тигізбеді. Десе де, 85-минутта Геррейеро Гулачи қақпасынан саңылау тауып есеп ашты. Матч соңында гол жіберіп алған венгриялықтар есеңгіреп, кездесу біткенше тағы екі гол жіберді. Осылайша, есеп 0:3 есебімен Португалия құрамасының пайдасына шешілді.
Бұл ойынның ізін жалғап алаңға француздар мен немістер шықты. Бірінші турдың соңғы әрі басты матчы осы ойын еді. Себебі, алаңда жүрген футболшылардың әрқайсысының деңгейі жоғары. Бұл ойын барысында анық байқалды. Жылдам шабуылдар мен тактиканың шебер үйлесімі ойынға көрік сыйлады. Ойында бірнеше гол соғылды, десе де төреші бір голды ғана есепке алды. 20-минутта Хуммельстің өз қақпасына салып алған голы ойындағы жалғыз доп болып тіркелді. Осылайша, тартыс пен тайталасқа айналған ойында Франция 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Міне, «Еуро-2020» турнирінің алғашқы туры осындай қызықтармен есте қалды. Бұл турнир алда әлі бір ай бойы футбол тойымен қуантатын болады. Бірінші турда сүрінген фавориттер ендігі жолда олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Ал келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар командалар жолдаманы оңайлықпен беріп қоймасы анық. Не де болса, бұл жолғы турнирдің қызығы көп болмақ. Айтпақшы, стадионға жанкүйерлерді кіргізуге рұқсат беріліп отыр. Трибуналарды түрлі-түске бояған жанкүйерлерді тамашалаудың да өзіндік қызығы бар. Чемпиондық атаққа келгенде әр сарапшының ойы сан алуан болып тұр. Бұл да сайыстың қызығушылығын арттырары сөзсіз. Ал біз бақылауды жалғастырамыз. Кіл мықтыдан шын мықты жеңімпаз атансын…
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!