Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кеспетаспен көркейген…

14.06.2021, 16:35 588

HALYQLINE.KZ

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас». Қолдан келгенді ұршыққа иіріп, кәсіпке айналдыру оңай шаруа емес. Қандай іс бастасаң да қиыншылықтары кейіннен шығып, әбігерге түсіреді. Бастапқы уақытта қаржылық қиындықтар да алқымнан алатыны бар. Десе де, мемлекет кәсіп ашып, шаруамды дөңгелетемін дегендерге мүмкіндік беріп отыр. Тек өз ісіңнің нақты маманы болып, қолыңнан келетін шаруадан пайда көзін таба алсаң болғаны…

Қала көшелерінің бойында, жаяу жүргіншілер жолында төселген кеспетастарды көріп жүрміз. Орталық көшелердің көркін келтіріп тұрған сол кескінді тастар Қызылорда қаласында да өндіріледі. Қиындығы мол кәсіпке сұраныс көп. Бұл туралы «Брусчатка KZO» ЖК мамандары айтып отыр. Кәсіпкер Назым Анарбекқызы 2019 жылы осы жобаны «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 10 млн теңге қаражат алып істеуде. Өндірісте 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Бұл кәсіпті жеті жыл бұрын өзім бастап едім. Біршама айналысқаннан кейін қаржылық қиыншылықтарға тап болып, жалғастыруға шамам келмеді. Сол күйі бұл кәсіпті қойып кеткен едім. Араға уақыт салып қызым осы кәсіпті жалғастырғысы келетінін айтты. Қос қолдап құптадым. Қаржылық қиындықтардың ауыр болатынын айттым, десе де мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бұл қиындықты оңай еңсеріп келеміз. Әкімдікке барып, кәсіпкерлер бөлімінен он миллион теңге несие алды. Осылайша, өндіріс орнын салып, заманауи техникалармен жабдықтады. Бұрынғы өз тәжірибеммен бөлісіп, жаңа технологиялармен ұштастырып жұмыс істеп келеміз. Қаржы көзі болмаса, мұндай жетістікке жете алмайды екенбіз. Сұраныс жоғары. Алыс-жақын ауылдар мен қаладағы бірнеше орындарға өнімімізді ұсынып келеміз. Мәселен, түрік лицейінің алдында жайылып тұрған – біздің кеспетастарымыз. Алдымен өңірімізді еңсеріп алсақ, кейіннен басқа облыстарға да шығармыз, – деді кәсіпкердің әкесі Анарбек Күнтуаров.

Күнтуар аға бұл саламен айналысып жатқанына бірнеше жыл болған. Тәжірибелі мамандардың бірі болып саналады. Сол үшін де өндірістің басында өзі жүріп, кеспетастардың сапасын бақылап отырады. Өзі «әкең зейнетке шықса, құлдың қажеті жоқ» деп әзілдегенімен, өндірістегі өзінің қажеттілігін жақсы түсінеді. Мекемеде кеспетастарды әртүрлі түсте жасай береді. Тұтынушының талғамына қарай түрлендіріп ұсынуға барлық мүмкіндік бар. Шикізатты Шиелі, Жаңақорған аудандарынан алса, бояу мен пигменттерді Алматыдан әкеледі. Қай істе болмасын өнімнің атына кір келтірмей, ар мен адалдықты биік ұстау маңызды. «Брусчатка KZO» ЖК да жұмыс барысында өнімнің сапасына баса назар аударады. Өмір сүрудің мәні – өзіңе берілген жұмысты адал атқару деп түсінеді кәсіпкер. Қолының икемі барларға мемлекет қашанда көмек көрсетуге дайын. Қуантатыны сол, бүгінде кәсіп ашып, нәсіп қыламын дегендердің қарасы көп. Атап айтсақ, Қызылорда қаласында 2021 жылдың 1 мамырына 26 мың 358 шағын кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 22 518 нысанды құрайды екен. Бұл көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ аздап өсім болғаны байқалады. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың осы уақытында 21 729 кәсіпкер жұмыс істеп тұрған. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 45,5%-ы Қызылорда қаласының үлесінде. Бұл қалалық кәсіпкерлер бөлімінің жеңісі деп білеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: