Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

12.03.2020, 10:30 862

Алдажар  ӘБІЛОВ

8.  МАЗАСЫЗ  ТҮН

101-шімен хабарласқан Орынбектің өз ойын мәлімдегені сол еді, ол бірден іліп әкетті: «Өзім де осының арты үлкенге соқпаса болар еді деп отыр­ғанмын. Ойың дұрыс. Қыдырбаев пен Ертаевқа айт: Абайлап  қимылдасын, көзге түспеңдер. Ананы ИВС-қа дүйсенбіде апару керек. Оған дейін бір жағына­ бұрыла алмайтындай етіп материал дайындай  беріңдер. Мен понедельникте 10:00-де басталатын Шымкенттегі республиканский совещаниеге қатысуым керек, воскресение күні түнде сендердің тұстарыңнан өтемін. Шамамен 1 мен 2 арасында. Мені постгаиға жетпей күтерсіңдер. Қалғанын сол жерде  айтарсың».

Ертаев «штабымыз» деп отырған сарайға Асқар Сейітов келді, оны Нұрлан ауыстырған екен.

– Күні бойы анаумен боламын деп тіпті шаршап кеттім, Ореке, әңгімесі де таусылмайды екен, ызыңдап миымды ашытты. Өзі бір араққа тоймайтын құдық қой… Біраз бөтелкені құлатты…

– Ештеңе етпес… Ісіміз нәтиже берсе болды да. Қазыбек келгенше көз іліндіріп алғаның дұрыс болар,­ мынаумен таң атқанша сөйлесу керек болатын сияқты­. Сондықтан сендердің шаршамағандарың  керек.

Бұл келгенде Сағадат қызыңқырап алған екен, арақтың буы қойсын ба, ана бір жылы Созақта өткен көкпар туралы майын тамыза әңгімелеп отыр екен. Бұл кіргеннен дауысы бәсеңдей бастады, көзінің астыме­н бір қарағаны болмаса Нұрланға көп назар аудара қоймайды, байқатпаған сияқты болып отырған­мен, мұны тінте қарайды, бейтаныс жігіттің келуі тегін емес екенін сезетін болса керек, мұның бар қимылын  бағып отыр.

Мана әңгіме кезінде көзінің алды сәл тершіп отырған болатын, ол әп-сәтте жоқ болыпты, суы кеткен­ күріш атызын еске салғандай, көгістене қалған.­ Оның  бейтаныс  жігіттен сескене бастағанын  сезсе  керек, Нұрлан манағы уәде бойынша іске кірісті.

– Мына жігіт осы үйдің иесі, менен үш жас үлкен, қысылмай әңгімеңді айта бер.

– Бұл жігітті бұрын Жаңақорғанда көрмеген сияқтым­ын. Қайдан келгенсің? Қай рудансың?

Сағадат лезде жиырыла қалыпты. Бұған күдікпен қарайды.

– Қоңыратпыз. Мұнда кәсіп іздеп келіп қалдық.

– Өй, өзің де бір… Жаңақорған толы Қоңырат емес пе, оның ішінде қайсысы боласың? Мен қалай білмеймін сені, бір шикілік жоқ па бұл жерде?

– А…? Біз Өзбекстаннан, Жиделі Байсыннан келдік. Қарашамыз. Ел тәуелсіздік алғасын Жетісайға  көшіп  келгенбіз. Енді жол осында түсті.

– Е-е-е… Әй… Сендер өлмейтін бәлесіңдер ғой… Жапырақ, гүл сатсаңдар да күн көресіңдер. Сорлаған­ бізді айтсайшы мал баққаннан басқаны білмейтін… Қарашамыз  дейсің бе, е-е-е… ағайынбыз ғой… Мен Нұрланмен  құрдаспын, нешауа, бәріміз қарайласпыз ғой. Ау, аналарыңнан құйып қойсаңдаршы, тамақ құрғап  қалды ғой…

–  Айтулы көкпаршы, көп әңгіме біледі, – деп естіге­сін тыңдағым келіп отырғаным ғой, әйтпесе, шаруа  көп…

– Шаруа өмірі бітпейді, бауырым! Бітірем деп жүргеніңде бір күні шиқ ете қаласың да ана дүниеден бір шығасың. Дұрысы – өмірде шайқап қалған. Ана жақта сені құдашаң күтіп отыр дейсің бе құшағын  жайып?!

Сағадат қайтадан манағы қалпына түсті. Тер шыққан сайын әңгіме айту қалпы да құбыла түскен. Саясаттан бастап көкпарға дейінгі талай әңгіме айтылд­ы. Бір кезде ол өзі туралы айта бастады.

– Ой, жігіттер! Сендер қайдан білейін деп едіңдер, менің обалыма қалған әкем болды ғой. Әйтпесе басымның істеуі деген сұмдық қой, сұмдық. Небір ойлар келеді, кейде осы шынымен өзім бе деп те қорқып­ кетем. «Тақымың мықты, тақымың мықты, өзім сияқты нағыз шабандоз боласың» – деп әкем құртпағанда менен президент шығуы да мүмкін еді. Әттең… сол сөзге малданып сегізден кейін оқымай қойдым ғой… Өтті – кетті енді… Бірақ, бастың істеуін­е өкпе жоқ… құдды кампютер ғой…

Ал мен аттың үстінде келе жатқанда бар ғой талай­ сұлу қыздарың ғана емес, небір кемпірлерің мен қатындарың да аузын ашып отыра қалатын…

Әңгімені Орынбек бұзды:

– Сәке, әлгілердің отыра қалатынын түсінбей қалдық  қой.

– Өй… Өзің де бір… Жігіт емесің бе… Соны біл­мей… Аттың үстіндегі мені көріп, қозып кеткесін отыра қалады да шыдай алмай…

Бұл кезде көрші бөлмеде дыбыс жазу жұмысы жүріп жатты. Есіктен арнайы жасалған тесік те видеок­амераға ыңғайланып қойылғанмен, видео­таспаға түсіру тек негізгі оқиғаға қатысты ғана жүреді деп келісілгендіктен әзірге диктофон ғана қосылып, бұған жауапты бөлім қызметкері бірнеше аудио­таспаны толтырып тастаған еді.

Сағадат қысыр әңгіменің талайын қайырып тастады, көкпар, шабандоздық, ат бабы жайына келгенде тіпті көсіліп кетеді, бірақ кісі өліміне қатысты жайтқа­ жолар емес. Енді не істеу керек? Уақыт болса­ өтіп барады, Орынбек күдіктіге байқатпай Нұрланға ымдады. Ол түсіне қойды.

– Сәке! Қызық әңгімелеріңнің бірі – Ордабекпен айқасыңыз емес пе, біз әлденеше есіттік қой, енді мына туысың да есітсін айта отырсаңшы.

Сағадат бір уақ үнсіз қалды, оқыс самай тұсы жыбырлап қоя берді, тіпті мынаның уақалағанына да қояр емес. Жоспарды бүлдіріп алмау үшін әңгімеге Орынбек араласты.

– Ол кім еді?

Сағадат бұған тағы да тесіле қарады:

– Бұл жақтағы Қарашалармен байланысың қалай, кімдерді танисың?

– Ешкімді танымаймын. Шиелілік Шаймерден деген жігіт бензин, солярка сатып біздер жаққа бараты­н, танысып, араласып кеттік, осында орналасуыма сол себеп, екеулеп бизнес жасамақпыз. Бірте-бірте бұл жақтағы туыстарды да табамыз ғой.

– Е…е-е… Сендер жақтағылар кәсіптің майын ішкендер ғой… Дұ-р-е-с…

Күдігі аздап сейілсе керек, ол тамағын бір қырнап­ алып әңгімеге кірісті. Әуелі кібіртіктеп бастағанмен, үстемелете тамақтан өтіп кеткен екі стақан арақ күдікті ойдың қамалын быт-шыт қылып, бүге-шігесіне дейін қалдырмай сонау жылғы оқиғаны баяндауға жетелеген болатын. Бір сағаттан астам уақыт алған бұл әңгіме толық видеотаспаға жазылды.

Біраздан соң Сағадат әр нәрсені бір айтып былдырлай бастады да, өтірігі-шынын бір Алла білсін, отырған жерінде қисая қалғуға кірісті. Бөлмеге Асқар­ кірді, бес сағат ұйқыдан біраз тынығып қалғаны байқал­ады. Нұрлан мен Орынбектің таза ауаға шыққа­ны сол еді, аулада тұрған «Москвичті» және бұларға беттеген Қазыбекті көрді.

«Штабтағы» әңгіме Орынбектің болжамын растаға­ндай болды.

– Ореке, сен болжағандай болды. Құдалармен сөйлестім, ешкімге тіс жармайтын болды. Шындығында да олар айлық жалақыны малмен, күрішпен, ұнмен, қосалқы бөлшектермен алыпты. Бухгалтер болып істеген құда біраз мағлұмат берді. Ведомостьке­ бұлар ай сайын әлгі ақша орнына бергенін алған тұста қол қойдырып алған екен. Ал соңғы айдың жалақы­сы үшін мал, ұн және т.с.с. кассир аудан орталы­ғына кетерден үш күн бұрын таратыла бастаған, ведомостьке бұрынғы ай сайын ақша беріліп жүрген дата қойыла салған сыңайлы. Мен құдаларыма ескерте, мұның барлығын диктофонға запись жасад­ым, керегі болуы мүмкін. Ана қыруар қаржы қолды болған сияқты. Кассир әлгі ақшаны банктен алған тұста бәлеге тап болып тұрған тәрізді. Мен шофер мен кассирді таныс адамдар әдейі араққа той­дыр­ып, ақшаны алып, өздерін машинаға отырғызып, дарияға ағызып жіберген шығар деген ойдамын.

– Неге таныс адамдар?

– Нұрлан-ау, таныс адамдар болмаса бұлар қарсыла­сар еді ғой, ол уақытта бұлардың денелеріне таңба­ түсер еді, оның үстіне кассирге бекітілген аңшы мылтығы да бар. Сараптама оның да артқы орындыққа сүйеулі қалпында жатқанын, қосауыздың оқпанында екі оқ болғанын, бірақ құлағы қайыры­лмағанын көрсетіп берді емес пе?

– Жігіттер, бұл ұйымдасқан және үлкен лауазымдағы адамдардың қатысы бар қылмыс сияқты.

– Неге олай дейсің?

– Себебі, Сағадаттың бірнеше рет заң құрығынан құтылып кетуі, аудан бойынша тек қана «Өскенге» ғана қыруар қаржы бөлінуі, оны банктің бөліп босатп­ай, келген кассир мен шоферға бірден бере салған­дары, кохоздың айлық жалақыны мал, ұн және т.с.с. беріп қойғандарын біле тұра жоғарыдағы­лардың көп сомадағы қаржы босатуы, біздің аңдуда болуымыз, міне, осының бәрі – менің әлгіндей топшы­лау жасауыма негіз болып отыр. Иә, жігіттер, үлкен бір іске тап болдық, сәтін берсін, қырсығынан сақтасын.

–  Ендігі бағыт қалай?

–  Екі-үш сағаттан соң Нұрлан екеуіміз трассадан 101-ді күтеміз. Манағы өзің айтқандай ғой, Қазеке. Ертең дабыра қылмай куә болған екі оқушы Серікхан­ мен Жолбарыс Мәтеновтерді, Тұрғанбайды, Кенжебаев пен Сыздықовты сөйлетіп, видеозапись жасау керек. Бұған қашатын жер қалдырмауымыз керек қой. Сосын, Қазеке, өзіңдегі барлық құжатты алып шығып, бірнеше дана ғып көшіріп қою керек сияқты­. Сағадаттың Ордабекті қалай жазым қылғаны түгел бейнетаспаға жазылды, бірақ талайды көрген сұм ғой, «Мас болып отырып, бөсіп кеткен шығармын» деп тайқып шығуы мүмкін. Міне, біз соған жол бер­меуі­міз керек. 101 оны дүйсенбіде ИВС-ке жабыңдар деді. Оған дейін барлық жұмысты тас қылып дайынд­ап қою керек.

– Иә, Алла, сәтін сала гөр та. Вот-вот, міне енді ғана жұмыс бола бастады. – Қазыбек орнынан шалт көтеріліп, аулаға беттеді. – Мен мынаның ертеңгі арағы мен тамағын ұйымдастырайын. 101-шімен жолыққасын осы штабта ақылдасып алармыз. Ал, кеттік.

Бұлар жақындаған кезде күре жол шетінде тұрған автокөлік шамын өшіріп-сөндіріп белгі берді. Күтіп тұрған 101 екен. «Көп күтіп қалмады ма екен?». Жігіттердің осы ойдан қысыла бастағанын сезді ме, Ахметов: «Біздің де келгеніміз жаңа. Кәні, іске көшейік», – деп оларды өз көлігіне шақырды. Бұлар жүргізушінің шығуын күтті, ондағылары іске қатысты құпияны сақтау еді. Полковник: «Тездетіңдер! Бұл сенімді жігіт», – деген соң барып, машинаға отырды, сөйтсе, машина тізгінін ұстаған ертеңгісін Орынбекті әкеп салған сержант екен. Ол болса мәз, жағдай  сұрап  жатыр.

– Ал, баянда! Көп созба, нақты ойыңды айт!

Орынбек іске қатысты барлық жайтты баяндап шықты, өздерінің атқарған жұмыстары да, енді жүзеге­ асырылмақ істер де қамтылды. Полковник біраз үнсіз қалды да, кесімді шешімін айтты.

– Жігіттер, жарадыңдар… Осы күдіктіге қатысты ой басымнан шықпай қойған: әуелі мойындайды, соңынан бас тартады… Неге? Бұл жердегі жұмбақ не екен дейтінмін. Ім… да… Топшылауларың дұрыс сияқты­. Олай болса, бұған талай дөкейдің қатысы бар болуы керек. Кезінде ГСК-ның жігіттеріне де тоқтау­ салынған боп тұр ғой. Егер ашық кіріссек, барлығымызға да қауіп төнуі мүмкін. Қазір ең құқықтық қорғал­маған сала – құқық қорғаушылар болып тұрған жоқ па… Қанша ақша?… Үш адамның өлімі?.. Вот сволочи… а? Біз былай істейік. Күдіктіні дүйсенбіде емес, ертең, то есть, бүгін түнге қарай ИВС-ке қамаңдар. Оған дейін анаған бақташының өлімі туралы­ ғана емес, ақша туралы да айта беру керек, барлық видеоларды көрсетіңдер. Түнімен ойлансын. Мүмкіндігінше дежурныйлар сенімді жігіттер бол­ғаны дұрыс. Қажет деп тапсаңдар оларға қызметтік міндеттерін түсіндіре қайталап, құпияны сақтау туралы­ ескерткендерің жайлы менің атыма баянат жазыңдар, оларға қол қойдырып алыңдар. Күдіктінің кісі өлтіргенін мойындатып, сотқа баратын қыл­саңдар болды. Бізге керегі сол. Бұл саған, сенің мықтылығыңа байланысты Асылбаев. Ананың крышалары да осымен құтылдық деп ойлар, ал бізге оның түрмеге қамалғаны дұрыс, ақшаға қатысты істі тергеу­ге ол жақта ешкім кедергі келтірмейді, әйтпесе­ қиын болатын тәрізді.

Осы кезде теріскейден еттен өтіп, сүйекке жете бір ызғырық есті, тағы да аспанды қақырата күн күркіреді.

(Басы  өткен  сандарда. 

Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: