HALYQLINE.KZ Бүгін «Қайсардың» таңертеңгілік жаттығуына команданың жанкүйерлері қатысып, алдағы ойындарға сәттілік тіледі. «Қасқырларды» 1968 жылдан бері қолдап келе жатқан Қоныс Әбікен Сыр жанкүйерлерінің сәлемін жеткізді.
– Командаға да, жанкүйерлерге де оңай болып жатқан жоқ. Бір ойыннан кейін бірінші айналым аяқталады. Алдағы «Жетісу» және «Қайрат» командаларына қарсы нық ойнауымыз керек. Екінші айналымда жеңістеріміз көбейіп, турнирлік кестеде жоғары орындарға талпынуымыз тиіс. Биыл «Қайсарда» жергілікті мамандар мен футболшылардың көбейгені қуантады әрине. Бірақ намысты қолдан жібермей, аймақ абыройын асқақтатуымыз керек. Біз қандай жағдайда болмасын команда жанынан табыламыз. Талдықорған мен Алматы қаласында жақсы ойнауларыңызға тілекшіміз, – деді Қоныс Әбікен.
Сапар алдында сәттілік тілеген жанкүйерлерге клуб директоры Серік Досманбетов алғысын жеткізді.
– Жанкүйерсіз футболды елестету қиын. 50 жылдан аса тарихы бар команданың қолдаушысы көп екені қуантады. «Қайсардың» жанкүйерлерінің сенімін ақтау үшін команданың футболшылары да, бапкерлері де толассыз дайындықтарын жүргізуде. Біз «Қайсар» жанкүйерлерімен әрдайым мақтанамыз! Ел бірінішілігінде алғы шепте қолдау көрсететін жанкүйерлердің белсенді тобы Қызылордада қалыптасқан. Сырт алаңда ойнасақ та қолдауларын үзген емес. Клуб ұжымы жанкүйерлердің сеніміне селкеу түсірмейді, – деді Серік Құттыбайұлы.
Айта кетейік, бүгін «Қайсар» түзде «Жетісу» және «Қайратқа» қарсы өтетін кездесуге соңғы дайындығын пысықтап, Алматы қаласына аттанады.
«ҚАЙСАР» ФК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!