Биыл көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері Сыр диқандары аяқсу мәселесінде тапшылық көріп отыр. Әрине, бұл әп-сәтте басталған су апаты емес. Бұрын су тасқыны деп дабыра болатын едік, ал қазір керісінше су тапшылығы деп даурығып жүргеніміз қуанатын жайт емес. Сәуір айының соңында Сыр елінің салалық ахуалын білмекке келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың азаюы өңірдің ауылшаруашылық саласына айтарлықтай қиындық келтіруде. Облыстың негізгі шаруашылығы суды көп қажет ететін күріш егісі екенін жақсы білесіздер. Алайда біз жылдан-жылға күріш егісінің көлемін азайтып, ауылшаруашылық саласын әртараптандыруды бастадық. Осылайша суды үнемдеудің жолдарын қарастырып жатырмыз» деген еді. Облыстағы су тапшылығы мәселесі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары жан-жақты айтып берді.
– Жалпы алғанда, Сырдария өзені – трансшекаралық өзен болып табылады. Қазіргі уақытта вегетациялық қызметтер басталуына байланысты жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, Сырдария бассейнінде су тапшылығы болып отырғанын білесіздер. Сырдария арнасына ең алдымен әсер ететін «Тоқтағұл» су қоймасында қазіргі уақытта 9,3 млрд текше метр су бар. Ал «Шардара» су қоймасына бүгінде секундына 80,2 текше метр су түсіп жатыр, төменге тасталып жатқан су көлемі – секундына 250 текше метр. Қызылорда облысы шекарасына «Шардара» мен «Көксарай» су қоймасынан жалпы көлемі 495-496 шаршы метр су тасталуда. Егін науқанына байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ҚР АШМ Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы С.Нұрымбетов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен 2016-2025 жылдарға арналған егістікке берілетін судың лимиті 4,1 млрд текше метр болса, бүгінде бұл көлем су қоймаларындағы судың аздығына байланысты 3,7 млрд текше метрді құрап отыр.
– 79848 гектар күріш болу керек деп ұсыныс айтылды. 2020 жылы облыс бойынша берілген судың көлемін салыстырғанда 1 млрд текше метр су берген болсақ, биыл 830 млн текше метр су беріліп отыр. Салыстырмалы түрде аз екені көрініп тұр. Мамыр, маусым, шілде, тамыз айында «Шардара» су қоймасына 2500 млрд текше метр су кететін болса, су едәуір азаяды деген сөз. Қазір кейбір каналдардың бойында су мәселесі өте өзекті болып тұр, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Аймақтың негізгі бағыты күріш шаруашылығы болғандықтан суармалы су тапшылығының болуы қызылордалықтар үшін үлкен экологиялық апат саналады. Сондай-ақ, облыс аумағында егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін суармалы сумен қамтамасыз етілуі негізінен Сырдария өзенінің жоғарыдан келетін су көлеміне тікелей тәуелді.
– Сырдария өзені бойынша келіп түсетін судың 70%-ы – қысқы кезеңге, 30%-ы жаз мезгілінде келеді. Су деңгейінің төмендеуі мен вегетациялық кезеңде суармалы судың тапшылығын ескере отырып, егін шаруашылығын одан әрі әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында біз дәстүрлі суару түрлерін, сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жем-шөп, майлы бақша дақылдары мен көкөніс көлемдерін ұлғайтудамыз, – деп мәлімдеді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Айта кетейік, әртараптандыру аймақтың экологиялық тепе-теңдік жағдайын тұрақтандыруға септігін тигізеді. Осы бағыт негізінде алдағы уақытта сыртқа экспортталатын өнімдердің басқа түрлерінің өндірісін ұлғайтуға жұмыстар жүргізілетінін де атап өтті.
Бүгінде облыстағы суармалы жер көлемі 251 мың гектарды құрайды, соның 178 мың гектары жүйеге келтірілген. Суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша облыста үш жоба қолға алынған. Соның бірі – Жалағаш ауданында 2019 жылдан бастап ирригация және дренажды жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары.
– Қызылорда облысында төрт су торабы бар, олар – Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары. Өткен жылдан бастап Әйтек және Қызылорда су тораптарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыста 6 массив бар, Түгіскен, Жаңақорған-Шиелі, Қызылорданың оң жағасы, сол жағасы, Қазалы оң жаға және сол жаға массивтері. Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандығы қатты сезіледі. Биыл да су тапшылығы болады деген болжам бар. Айта кетейік, Сырдария өзеніне судың 70 пайызы қыс мезгілінде түседі, жаз мезгілінде төмен деңгейде келеді. Осы ретте облыста көлемі 2,3 млрд текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Серікұлы.
Соңғы бесжылдық бедерінде Сырдария өзенінің Қызылорда облысы аумағынан өтетін аймағында судың азаюы анық сезіліп келе жатыр. Ал биыл… биыл дарияның ұлтаны құм суырып тұр. Әлбетте, бұл – сүйіншілеп емес, экологиялық апат, экономикалық зардап ретінде жарияға жар салып, жаһандық көмек сұрайтын мәселе. Сырдың жағасына ел қондырып, алабына егін егіп күн көріп отырған облыс тұрғындары үшін өкініш болып тұрған жайы бар.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!