Табиғат байлығының бірі орман екені барлығымызға белгілі. Олардың қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы өте зор. Айта кетсек, олар су режимін бірқалыпты ұстап, топырақты түрлі эрозиялардан сақтап қана қоймай, ауаны улы газдардан тазартып, оттегі бөліп отырады. Табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрушының негізгі себепшісі – орман. Алайда орман қорындағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі өрт болып табылады. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен болатыны өз алдына, адамзат тарапынан себепші болуы басты мәселе болып қала береді.
Қызылорда облысындағы құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады. Өрт қауіпті кезеңінде орман және дала өрттерінің өсуі көбінесе аумақты қажет емес қалдықтардан тазарту және ауыл шаруашылығы жерлерінде қажет емес өсімдіктерді немесе қалдықтарды жағу жұмыстарын жүргізу барысында кездеседі. Ауыл шаруашылығы жерлерін және қалдықтарды жағу жұмыстарын жүргізу кезінде тиісті бақылау жүргізілмеуінен, минералданған жолақтарының болмауынан жақын орналасқан орман алқаптарына жалын тарап, артынша түзелмейтін шығынға әкеліп соқтырады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «2021 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қауіпті маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес республиканың оңтүстік аймақтарында өрт қауіпті маусым 2021 жылғы 26 наурыздан бастап белгіленді. Осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша орман қоры жерінде 23,5 га құрайтын 5 өрт оқиғасы тіркеліп, бұл көрсеткіш 2020 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 17 есеге төмендеп отыр (2020 жылы – 22 өрт, 87,71 га). Табиғатқа келтірілген шығын көлемі 58 700 теңгені құрайды (2020 ж. – 8 136 400 теңге).
Сонымен қатар, облыс бойынша тұрғындар тарапынан абаттандыру, жерді ашу үшін қураған шөптерді өртеу барысында, ашық отты қараусыз қалдыру салдарынан шабындық жерлерде, ашық алаңдарда, автожол бойы мен канал жағаларында қураған шөптердің, шеңгел, жыңғылдардың жануынан көлемі 3,1 гектарды құрайтын 3 жану оқиғасы тіркелді.
Облыс тұрғындары төменде көрсетілген ережелерді сақтауыңызды сұраймыз:
– шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртеуге және бақылаусыз қалдырмауға жол бермеуді;
– ауа райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде алау жақпауды;
– демалыс орнынан кетерде алауға су құйып, құм немесе топырақ сеуіп кетуді, жанып жатқан қалдықтар мен сіріңкені лақтырмауды;
– егер өрт аумағында болсаңыз, өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын және шығу бағдарын анықтап, құтқару қызметіне 101, 112 нөмірі арқылы хабарлауды.
Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінен мобильдік топтармен әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескертеміз. Қазіргі таңда мобильдік топтармен орман, тоғайлы, далалық және егістік алқаптарда рейдтік шаралар жүргізілуде.
Өрт – тілсіз жау. Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт оқиғаларын болдырмас үшін қарапайым өрт қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпайық!
Б.Ізбасаров,
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары,
азаматтық қорғау полковнигі
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!