Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық мейрамхана иелері: «Бізді әбден футбол добына айналдырды»

29.04.2021, 12:40 603

HALYQLINE.KZ

         Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңына жиналған мейрамхана иелері әрі қарай кәсібін қалай сақтап қалатындықтарын білмей отыр.

         «Облыстың эпидахуалға орай «қызыл» аймаққа енуімен 22 сәуірде жаңа қаулы шығып, біздің жұмыс уақытымызды сағат 20.00-ге дейін қысқартып тастады. «Қызыл» аймаққа өтуіміздің негізгі себебі білім беру мекемелерінің офлайнға өтуі салдарынан екенін барлығы біледі. Ойланбай жасалған қадамның зардабын неге кәсіпкерлер тартуы керек?», – деген кәсіпкер Ақмарал Әбдіразақова бүгінде осы саладағы кәсіпкерлер кез келгеннің ыңғайына келетін футбол добына айналғанын жеткізді.

         Мейрамхана иелері жұмыс уақыты мен келетін тұтынушылар санын қысқартқанымен, оларға қызмет көрсететін қызметкерлер санын, олардың жалақысын қысқарта алмайтындығын айтуда.

         «Қоғамдық тамақтану орны қалай аспазсыз, техникалық қызметкерсіз, даяшы мен өзге де қызметкерлерсіз жұмыс жасамақ? Жұмысқа шыққаннан кейін қызметкерлер ақысының толық төленгенін қалайды. Оларды да түсінуге болады. Себебі азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің бағасы күн санап көтерілуде», – деді кәсіпкерлердің бірі.

         Коммуналдық қызмет ақысы кәсіпкерлерге де ауыртпалық тудырып тұр екен. Мейрамхана иелері мұнайлы өңір Атырау, Маңғыстауда табиғи газ бағасы 1 текше метрге метрге 8-9 теңгені, ал дәл осындай табиғи газы бар Қызылордада 18,6 теңгені құрайтынын ашына айтты. Электр энергиясының бағасы да өзге өңірлермен салыстырғанда Қызылордада жоғары деген шараға қатысушылар Кәсіпкерлер палатасы директорынан бұл мәселені құзырлы мекемелер арқылы шешуге көмек сұрады.

         Кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов көтерілген мәселелердің әрқайсысымен Палата мамандары тиісті органдармен бірге жұмыс істеп, шешу жолдары қарастырылатындығын, нәтижесі бойынша кәсіпкерлерді хабардар ететіндігін жеткізді.

         Мұнан өзге, отырыста «Ashyq» жобасы да талқыланды. Палата басшысы жобаның бизнес өкілдері үшін тиімділігін, ерекшеліктерін түсіндіріп өтті.

         Айта кету керек, «Ashyq» жобасы аясында жұмыс істеу үшін Қызылорда облысынан 28 кәсіпкер QR код алды. Оның 19-ы – қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік нысандары. Әзірге 19 нысан да жобада тесттік режимде жұмыс атқаруда.

Қызылорда облысы  кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: