Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші туры өтті. Алғашқы ойында «Тараз» футбол клубына есе жіберген «қасқырлар» бұл жолы жанкүйерлеріне жақсы нәтиже сыйлауы керек еді. Алайда қызылордалық клубтың бұл жолғы қарсыласы азулы алматылық «Қайрат» болды. Өткен турдағы сәтсіз ойын «қасқырларды» жігерлендіреді деп ойлағанбыз. Дегенмен, алматылық клуб жерлестерімізге бірде-бір мүмкіндік қалдырмады.
Ойын басталар алдында бас жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаев құрамға бірнеше өзгертулер енгізген екен. Өткен ойында қақпада нашар ойнаған Марсель Исламқұловтың орнына бұл жолы Нұрымжан Салайдын шықты. Нұрымжанға осы уақытқа дейін көп мүмкіндік беріле бермейтін. Сол себепті де ол өз қақпасын кірпік қақпай қорғауға міндетті еді. Ойын басталысымен-ақ, «Қайрат» клубы шабуылдауға көшті. Қыспаққа алу кезінде команда капитаны Думан Нәрзілдаев ысқырықтан соң допты тебемін деп ойынның 6-минутында сары қағазбен жазаланды. «Қайраттың» қарымы мықты болғанымен қызылордалықтар да тасада қалмай, жылдам шабуылдар жасап отырды. «Қайсардың» жүйелі ойынына қарап «Қайраттан» аса қатты фаворит екені байқалмады. Алайда ойынның 38-минутында команда капитаны Думан Нәрзілдаев матчтың бар интригасын жоқ қылды. Допқа талас кезінде қарсыласын шынтақпен ұрып, сол үшін екінші сары қағазын алды. Тиісінше ол қызыл қағазға айналып, алаңнан қуылды. Думанның алаңнан қуылғаны ойынға өз әсерін тигізбей қоймады. Көп ұзатпай бірінші таймның соңында Вагнер Лав есеп ашып, «Қайратты» алға шығарды.
Екінші таймда да ойын сценарийі өзгермеді. Алматыдан келген қонақтар жергілікті клубты өз қақпасына тықсыра берді. Нәтижесінде, 62-минутта Камо Оганесян есепті еселесе, 77-минутта Данияр Үсенов «Қайраттың» үшінші голын соқты. Жергілікті клуб бүкіл ойында қақпаға тура бір ғана соққы жасаған. Жалпы, қызылордалық команда маусымды өте сәтсіз бастады десек те болады. Сұлтан Әбілдаев бастаған команда екі ойын қатарынан жеңіліп, турнирлік кестенің аяғына орналасқан. Клуб ойыншыларының тәртібі де кәсіби спортшыға сай емес екенін осы матч анық көрсетті. Кей сарапшылардың пікірінше, бұл жұмыстар Сұлтан Әбілдаевты орнынан түсіру үшін жасалып жатыр. Спорт журналисі Владимир Жарковтың мәліметіне сенсек, «Қайсардың» ішкі ахуалы тым нашар. Бас бапкерлікке деген талас-тартыс ушығуда. Сәтсіз басталған маусымнан соң, «бүлікшілер» одан сайын күш алған. Ал бас бапкер Сұлтан Әбілдаев мұндай қозғалысқа ешқандай шағым айта алмайды. Себебі, команда көрсетіп жатқан нәтиже тым төмен. Қазақстан футболының басты инсайдерлерінің бірі осылай дейді. Одан қалды спорт комментаторы Ербол Қайыров та дәл осы тұжырымға келіседі. Оның айтуынша, бұл – бас бапкерлікке Қанат Шерімбетовты отырғызу үшін әдейі жасалған сценарий.
Дегенмен, бұлар – жай ғана бейресми ақпараттар. Десе де команданың қазіргі жағдайына қарап, сенбеске амалың қалмайды. Ұлттық құрамалардың ойындарына байланысты берілген үзілісте «қасқырлар» ойын жүйесін тауып, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!