HALYQLINE.KZ Кеше қас қарайған уақытта Қызылорда қаласы мен облыстың бес ауданы жарықсыз қалды. Сол-ақ, әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат тарап, тұрғындар мазасыз күй кешті. Сонымен, 140 мыңға жуық халықтың жарықсыз, сусыз, 33700 абоненттің жылусыз қалуының себебі қандай? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– 2021 жылдың 16 наурызы, сағат 20:42-де «KEGOC» АҚ-ға қарасты энергожүйедегі 220 кВ кернеудің күрт төмендеуінен облыс көлемінде электр энергиясының ажыратылуы болды. Соның кесірінен «Қызылорда жылу электр орталығында» бу қазандығының қорғаныс жүйелері іске қосылып, артық бу ауаға шығарылды, дегенмен істен шыққан жоқ. Салдарынан Қызылорда қаласы және Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары электр энергиясынан ажыратылды. Сонымен бірге, ҚЖЭО-ның жылу беру қызметі уақытша тоқтатылды. Тұтынушыларға электр энергиясы кезең-кезеңімен беріліп, 17 наурыз 02:21-де аймағымыз электр энергиясымен толық қамтамасыз етілді, – деп мәлімдеді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев.
«ҚЭТТ» АҚ басшысының орынбасары Дінмұханбет Сейдуллаұлының айтуынша, Жамбыл облысында «KEGOC» мекемесіне қарасты 220 кВ электр желісінде апатты жағдай болған. Соның салдарынан Қызылорда облысы жарықсыз қалған.
– Жарық өшкен уақытта тараған ақпараттар жалған, ешқандай жарылыс, өрт болған жоқ. Қаланың 15 пайызы ғана жылудан ағытылып, бір сағаттың ішінде қайтадан қосылды. Орталықтағы будың сыртқа шығарылу процесін тұрғындар жарылыспен шатастыруы мүмкін. Бүгінде қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, – деді ҚЖЭО МКК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженері Бақытжан Молдиманов.
Бұған дейін апатты жағдайларда ғана жарықтың өшкені болмаса, дәл мұндай күрделі жағдай кездеспеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!