HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласының тұсындағы Сырдария өзен мұзының қалыңдығы 5-15 см аралығына дейін жұқарды. Ал солтүстік аудандарда 20-55 см шамасында. Қазір өзендегі мұз Ақарық каналы тұсында. Яғни, Қызылорда су торабынан жоғары қарай 97 шақырымында тұр. Мамандар дария бойын жіті бақылауда ұстап отыр. Арнайы кезекшілік ұйымдастырылған.
– Облыстың барлық аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеті мен 4 су торабындағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізудеміз. Жалпы қазір өзенде су аз. Дегенмен әзір арқаны кеңге салуға болмайды. Сақтық шараларын жасап, барлық жайтқа дайын отыруымыз қажет, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Жақында облыста «Көктем – 2021» республикалық командалық штаб оқуы өткізілді. Оқу-жаттығуға барлық қала мен аудан әкімдері, облыстық Азаматтық қорғау қызметтері, департаменттің аумақтық және ведомстволық бағынысты мекемелері жұмылдырылды.
– Мұндай жаттығулар дайындығымызды пысықтауға мүмкіндік береді. Сол жиынға 50 жеке құрам, 13 техника, 3 мотопомпа, 3 генератор, 2 қайық қатысты. Ал облыс бойынша азаматтық қорғаудың 15 қызметінен оқу-жаттығуға 18 құрылым, 227 жеке құрам, 56 техникасы келді. Барлығының дайындығын қарадық. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында біз жергілікті атқарушы орган және су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, 7 рет тікұшақпен және күнделікті автокөліктермен Сырдария өзеніне мониторинг жұмыстарын жүргізудеміз, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақарев.
Жалпы, облыста 156 мыңға жуық адамды көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау және 101 қабылдау пункті дайындалған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!