«Халықтың» коллажы
Қазалы ауданы орталығындағы бір балабақшаның қызметкері үйге келіп, мұңын шақты. Өзінің ұзақ жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істейтінін, жалақысымен отбасын асырап жүргенін, өткен жылы қатты қысылып банктен несие алғанын, жалақысының тең жартысын кредитіне төлеп, қалған мардымсыз ақшасын келесі жалақыға дейін отбасының ішім-жемі, коммуналдық төлемдер, дәрі-дәрмек тағы басқа қажеттілікке үнемдеп жұмсап, келесі жалақыға дейін зорға жететінін мұңды үнмен жеткізді.
Адал тірлік кешкен, қарапайым отбасының екінің бірінде кездесетін жайт. Бірақ… келесі мезетте естіген сөзім мені де бейжай қалдырмады. Айтуынша, қаңтар айының жалақысы тым кешіктіріліп, яғни күні кеше (22.02.2021 ж) беріліпті. Оның үстіне көбейеді деген жалақы көлемі әзірше қосылмаған тәрізді.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» кері. Уақытылы төлемегендіктен банктен алған несиесінің үстемақысы (пеня) өсіп кетіпті. «Жалақымнан қайтарам» деп қарызға алған ақшасын сұрап танысы басына әңгіртаяқ ойнатып жатыр. Атың өшкір, несиенің, қарыздың кесірінен үйінде береке жоқ. Ұрыс-керіс, жанжал…
Көзінен жасы сорғалаған ақ шашты ананы жұбатуға сөз таппадым. Не айтарсың?!…
Ал жаңа ғана «Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 16 бөбекжай-балабақша» КМҚК мен санаториялық балабақша МКК балабақша меңгерушілері атынан «Халық» газеті редакциясының Қазалы ауданындағы қосынына хат түсті. Онда не жазылды, қандай мәселе көтерілді деген сауалдың жауабын өздеріңіз таныса келе ұғынады деп ойлаймыз.
Біз болсақ аталған хатта көрсетілген әрбір ұжымдағы әр адамның жанайқайы дерлік маңызды мәселе құзырлы орындар тарапынан аяқсыз қалмайды, қабырғалы қауымның тілегі ескеріледі, оң шешімін табады деп сенеміз.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданының «Құрметті азаматы»
Құрметті «Халық» газеті!
Сізге төмендегі жағдайларды білдіре отырып, балабақшада қызмет атқаратын 900-ге жуық аудан халқының жанайқайын білдіреміз.
2021 жылғы қаңтар айынан білім саласындағы мекемелер вертикалды басқару жүйесіне көшірілгендігі өзіңізге мәлім. Осыған орай «Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 16 бөбекжай-балабақша» КМҚК-дары мен 1 санаториялық балабақша 2021 жылғы қаңтар айынан «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын есепке алғандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 2020 жылғы 20 қазандағы №452 бұйрығы бойынша «жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне» көшірілді.
Бұл норматив бойынша бөлінген қаржы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлеміне байланысты шешіледі.
Қызылорда облысы бойынша жан басына шаққанда нормативі ауылдық жерлерге белгіленіп тұрғаны – 50433 теңге, қалаға – 46907 теңге. Алайда қаңтар айына жан басына шаққандағы қаржы нормативі бойынша бөлінген қаржы балабақша қызметкерлерінің тек еңбекақысының өзіне жетпейді. Ал ғимаратты ұстап-тұру қызметіне, коммуналдық қызметтерге, банк, салыққа, жанар-жағармайға, дәрі-дәрмек, СЭС-тің өндірістік бақылауына, канализацияға, тағы да басқа түрлі қызметтерге мүлде ақша қаралмаған.
Айталық, қаңтар айына бір балабақшаға жан басына шаққан бойынша бөлініп тұрған қаржыдан 75% педагогтер мен қызметкерлердің жалақысына, 25% банк, салық, т.б. шығындарға жұмсалды. Жалақыға 25% қарызбен кірді.
Осы жағдайлардың барысын егжей-тегжейлі баяндай келе, біздің ауданға бөлініп белгіленген жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне ауыл бойынша 50433 теңге және қала бойынша 46907 теңге сәйкес келмейтіндігін, экологиялық аймақ ретіндегі көбейтілген ақшаның бұл жерде есепке алынбай отырғандығын (Қазалы, Арал аудандары 50%, Қармақшы 30%) айта келіп, әр балабақшаның ұстап-тұру шығындарын есептей келіп, облыс көлемінде әр ауданның ерекшелігін, қаржы көлемін зерделеу қажеттілігі, сол кезде ғана бұл мәселенің күрмеуі шешілетіндігін білдіре отырып, тиісті орындардан осы мәселенің оң шешімін табуға ықпал етеді деп сенеміз.
«Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 16 бөбекжай-балабақша» КМҚК мен санаториялық балабақша МКК балабақша меңгерушілері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!