Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қаламызда құрылысшы қат»

18.02.2021, 11:00 353

Облыс орталығында өткен жылы атқарылған жұмыс көп. Бүкіл әлемді алқымынан алған пандемияға қарамастан шаһарымызда экономикалық тұрақтылық орнап, бірнеше сала бойынша жоспар артығымен орындалды. Қала орталығына ғана емес шеткі аудандарға да көңіл бөлініп, тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігі біраз оңалып қалды. Алайда әлі де алда атқарылатын шаруа шат етектен. Қиын уақытта қапыда қалмау үшін нәтижені одан әрі жақсартуымыз қажет. Осы тұрғыда, апта басында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралып, шаһар басшысы «қол астындағыларға» тұрғындар жағдайын жақсарту үшін бірнеше тапсырмалар берді.

Мәжілісте күн тәртібіндегі қос мәселе қаралмас бұрын, 1994-2007 жылдар аралығында 1-ші, 2-ші, 3-ші шақырылымдағы қалалық мәслихат хатшысы, 2010-2016 жылдар аралығында қала әкімінің аппарат жетекшісі, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы лауазымында болып, басқа да абыройлы қызметтерде жұмыс істеп, бүгінде зейнет жасына жеткен Қожахмет Ілиясовты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасын табыстады. Өз кезегінде Қожахмет Әбдіқайырұлы көр­сетілген құрметке алғысын білдіріп, жылы  лебізін  жеткізді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қаланың 2020 жылғы әлеуметтік-эко­номикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттерін талқылау болды. Бұл мәселе жайында толығырақ қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндады.

– Жалпы, экономикалық тұрғыда қалада тұрақты жағдай қалыптасуда. Өткен жылды табысты аяқтадық. Алай­да мұнай өнімдерін өндіруді азайтуға байланысты өндіріс саласы сәл баяулап қалып, жоспарды толық орындай алмадық. Қазіргі таңда қаламыздағы шағын және орта кәсіптердің саны 26 мыңнан асады. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны 22 мыңнан астам. Индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау үшін жалпы құны 67 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Жоба толықтай іске қосылғанда 1225 адам қосымша жұмысқа қабылданатын болады. Ендігі кезекте көрсеткіштердің орындалу тұрақтылығын ұстап тұру және қай салада болмасын 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу міндеті тұр, – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.

Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, қала бойынша өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бір қызметкердің орташа жалақысы 182 мың 840 теңге болыпты. Бұл 2019 жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 113%-ға өскен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құрап, негізгі капиталға 152 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Ал ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға кезек берсек, «Нұрлы жер» және  «Өңірлерді  дамыту»  бағдарламалары бойынша қалада тұрғын үй құрылысын салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, елді мекендерді ауыз­сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуге басымдық берілмек. Оған қоса, «Жол картасы» аясында 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Хабарламаны тыңдаған шаһар басшысы жұмыс тиімділігін одан әрі арттырып, ай сайын  әлеуметтік-экономикалық  көрсеткіштердің орындалуына алдын ала талдау жасау керектігін айтты. Өз кезегінде қала әкімі жоспарлау жұ­мыс­тарын жүйелеуді тапсырды. Оның ай­туынша, кейбір ауылдар жоспарды өзде­рінің әлеуетінен төмен етіп бекітеді. Сөйтіп  жыл соңында жұмысты жоспардан асырып бітіргенін айтады екен. Сол үшін бұған жол бермеу керектігін ескертті. Сондай-ақ, керісінше көтере алмайтын шоқпарды белге байламау керектігін де еске салды. Қала көрсеткіштерінің оң баға алуы үшін қазірден бастап жоспарлау жұмыстарын жүйелеу маңыздылығын ескеруді  талап  етті.

Күн   тәртібінде  тұрған   кезекті   мәсе­ле – 2021 жылы халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша атқарылатын жұмыстар. Бұл мәселе төңірегінде сөз тарқату үшін мінберге қалалық жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағдарламалар және аза­маттық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы  Индира  Ақжігітова  шықты.

– Бүгінде ағымдағы жылдың 1 ақ­па­нында алынған көрсеткіштерге сәйкес, қаламызда 5 мыңнан аса жұмыссыз жан тіркеліп отыр. Бұл 130 мыңға жуық бел­сенді  халықтың  4,2 пайызын құрайды. Биыл  жұмыспен  қамтудың  өткен  жылмен салыстырғанда біршама ерекшеліктері бар. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұ­мыспен қамту баса  на­зарға алынатын болады. 2020  жылы  28 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған болатын. Биылғы жылдан бас­тап, мекемелерде 2-4 пайыз аралығында мүгедектер жұмысқа  орналастырылуы тиіс. Яғни,  50-100  жұмысшылары бар  мекемеде 1 мүгедек азамат қабылдануы керек. Сонымен қатар, бас  бостандығынан айырылған   азаматтарды да  жұмыспен  қам­ту жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – деді бөлім басшысы Индира  Сан­сызбайқызы.

Бөлім басшысының айтуынша, қала­мызда құрылысқа жұмысшылар қажет. Өкінішке қарай, қаламыздағы құрылыс орындарының басым бөлігінде осы уа­қытқа дейін өзге елдің өкілдері жұмыс істеп келген. Карантин уақытында шекара жабылып, құрылыс біршама тоқтап қалғанын айтады. Бұл сөзді шаһар басшысы да растап отыр. Оның айтуынша, тұрғындар қара  жұмыс істе­гісі келмейді  екен.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Индира Сансызбайқызына жұмыспен қамтудағы межені толық орындап, апта сайын қала әкімдігіне есеп беруді тапсырды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға қолайлы жағдай жа­сауды жүктеді. Әкім­нің айтуынша, мүм­кіндігі шектеулі аза­маттардың көпшілігі арнайы порталмен жұмыс істей алмайды екен. Соның әсерінен өздеріне қажетті қызметті ала алмай отыр­ған көрінеді. Осыған байланысты бұл жұмыс­ты оң­тайландырудың шешімін табу да маңыз­ды екенін айтып өтті.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: