– Оу, Әлеке, түн жамылып жүргеніңізге жол болсын.
– Қайбір жетіскендік дейсің. Үйдегің қайда?
– Жаңа ғана қисайған.
– Тәуір болған. Кухняға енейік. Есік-терезеңді бекітші, менде бірнәрсе бар еді.
– Әп бәрекелді, дегенмен… себеп?..
– Күйініш… Е, сен тыңда, мен айтайын. Бір шаруалармен қалжырап шаршап үйге енгенім сол, үйдегі «көрші…» деп көсілгелі бара жатыр екен, бәтеңкемді қайта бекітіп, есігін серпи жауып шығып кеттім. Қылығыма сәл-пәл түсінбей отырған боларсың, түсінікті етейін… Үй ауыстырып басқа жерге көшіп барғанымызға көп болмаған. Бұрынғы жақсы еді. Құлақ тыныш, күйбің тірлік, асып-тасып жатқан бірі жоқ, әркім өзімен-өзі… мұнда пәле… Пәле, болғанда, есікпе-есік көршіден көрдім көресемді…
– Не, қиқар біреу ме?
– Жоқ-а! Адамға жұғымы жоқ ұсқынсыз неме.
– Тиісе ме?
– Қайдағы!
– Енді не? Тынымсыз біреу болар?
– Жорамалдадың. Тыным жоқ! Неғып шаршамайтын пенде екенін. Қимылдағанда құмырсқадан әрмен.
– Оның саған нендей зияны тиіп жүр-ей!?
– Е, мәселе осында. Оның жеке басының титтей де қиянаты жоқ. Мәселе мынада. Барғанымызға көп өтпей, бір кеште үйдегі Бозым мынандай әңгіме айтады: «Көршіні көріп жүрмін… нағыз еркек. Еркек болса сондай-ақ болсын. Күні кеше бір өзі бел шешіп кірісіп сарайының астынан погріп қазып алды… Ондай погріп бізге де керек. Жаз шықты, көкөніс өседі, алма ағыл-тегіл болады, ауылдан кәртөшкі келеді… сақтайтын орын керек» деп бір тоқтаған. Әрі ойлап, бері ойлап, құтыла алмасымды білген соң, бір-екі қызметтесті шақырып, сенбі, жексенбі тынбай қимылдап біз де погрепті болдық…
Е, көп өтпей үйдегі: «Елдің еркегі іс істесе жалғыз істейді, біздікі біреусіз білек сыбанбайды…» деп тістеніп біраз отырды да: «Елдің еркегі погріп қазған сарайын бір-екі метрге кеңейтіп, іші-сыртын әктеп адам тұруға болатын етіп алды…» деп, сөзіне екпін тастағаны бар. Не қылайын, қолға алмасам күнім қараң екенін, күлкі-ойынның ауылы алыс екенін сезе қоятын басым – бір-екі балдыз-малдызды алып іске кірістім…
Е, көп өтпей, үйдегі тағы да үндейді. Үндегенде бүй дейді: «Елдің еркегі бір өзі іс қылса, біздің еркексымақ әбизательні жанына бір-екеуді ертіп әрекет істейді…» деп менен жауап күтпей-ақ әңгіменің негізгі бөлігіне көшті: «Өзі бір балажанды екен (Көрші екенін айтпаса да сезіп отырмын). Қашан көрсең асты-үстілеріне шығып бәйек болып жүргені. Үйретуден жалықпайды. Жандарынан шықпайды. Кеше паркке апарған екен, бүгін циркке әкетіпті…» деп мен тұсқа салмақ сала қараған соң, сөзге келмей тұрып кеттім. Тұрып кетуім ерлік болғанмен, ертеңімді ойлап, балалардың болашағын болжап мен де икемге келдім…
Көп өтпей үйдегі үзілді-кесілді айтты: «Үйді ремонттаймыз. Крәскі-мрәскіні таба алмасаң көршіден сұрайсың. Солардан қалмаймыз, біз де бір жетіде бітіреміз. Көрші бір өзі тындырған істі, неужели екеулеп әукемдей алмасқа…». Не дейін, еңкіш тартып еңбектей бердім.
…Не керек, қысқарта айтсам, үйдегі күн өткізіп «көрші дача алыпты… көрші светной телевизор кіргізді… көрші полын паркеттеп жатыр… көрші өйтіпті, көрші бүйтіпті, көрші өйтейін деп жатыр екен» деп құлақ етімді жеп болмаған соң, шамам жеткенін жасап мен де көршіммен қалмай тірлік етіп жүрдім де, бүйте берсем азып-тозып кететінімді біліп, азды-көпті творчество сымағым айдалада қалатынын сезіп, көршіден құтылудың жөнін қарастырдым. Көшіп кетейін десем, расширениенің реті жоқ. Былай қарастырайын десем, осы ауданнан аттап баспаймын деп анауым болмайды. Басым қатты, әрнәрсені ойладым. Ақыры таптым. Тауып, көршіммен «жекпе-жекке» шықтым. Жекпе-жегім – оған мен былай деп өтініш жасадым: «Сен нағыз азамат екенсің. Көрші боп «көзімізді аштың…». Сенің арқаңда… «шын көңілден» рақметімді айтып бөтелкені бөліп ішіп тұмсық тіресіп отырып өтінішімді айттым: «Айналайын көрші, ісіңе титімдей қарсылығым жоқ… Тек, бұдан былай не істесең де істегеніңді, істейтініңді біздің үйдегіге білдіре көрмеші… тек, жасырып әрекет қылшы…» деп өз басымның «мұңын» айтып, осы уәдеңде тұруың үшін деп қолына кесек теңге, қалтасына килодан аса қызыл икра салып, қолтығына армян коньягын қыстырып, төс қағыстырып, уәде байласып, құшақ ажырасып қоштасқан болатынбыз…
– Содан?!
Содан күні кеше әлгіден екі-үш күн өткен соң үйдегі: «Көрші қайдан алғанын айтпапты, екі-үш күн бұрын үйіне армян коньягін, килодан аса қызыл икра, кесек теңге табыс әкеліпті…» дейді. Үн-түнсіз ас ішпей ары қарап жатып қалғанмын. Содан, жаңа үйге кірсем тағы да әңгімесін көршіден бастап келе жатыр екен, шығып кетіп тапқаным өзің…
– Иә, Әлеке, мәселе қайда жатыр. Мына біздің үйдегі күн құрғатпай «Әлекең погріп қазыпты, Әлекең сарайын кеңейтіпті… Әлекең дача алыпты…» деп құлақ етімді жеп мазамды алып істетпей тынбай әбден титықтатып бітіп еді… Иә, мәселе қайда жатыр?
Берік САДЫР,
Нұр-Сұлтан қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!