Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰБТ: «үшеуін алсаң, біреуі тегін»

17.01.2020, 9:51 762

«Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу процесін арнайы мониторингтік топ қадағалайды» деген жер-жерден жылтыңдаған жаңалық шығып жатыр. Бұған дейін осы білім сынағы алаңсыз биліктегілердің бақылауынсыз өтіп келсе, жағдайды қабылдауға болар еді. Жылдар бойы тест тапсырған түлектердің тас төбесінде тұрып қадағалағанның өзінде олардан бес еліден биік шпаргалкалар табылып, талайы тәртіп бұзғаны үшін сынақ ортасында аудитория­дан шығарылған. Әлде биылғы бақылау бұрынғыдан өзгеше болғаны­  ма?

Бір-екі жыл бұрын  қызылордалық  түлектер ұлттық бірың­ғай тестілеу барысын тікелей эфирге түсіріп, видеожазба  желілерд­е желдей ескені бар. Осыған дейін «ҰБТ қатаң бақыланады» деген дабылды ескертудің осындайда елеусіз қалатыны жаман­. Әйтпесе аудиторияға кірер алдында оқушының қолындағы ғана емес, үсті-басын түгел тінтіп шығатын металліздегіштің «мінсіз» қызметі қайда қалды деген сауал туындайды. Бақылау Қазақстан бойынша бірдей болса, оқушылар арасында телефонмен тікелей эфир жүргізбек түгілі тырп етпестен тест тапсырып шыққандар әділетсіздік туралы арыз-шағымдарын айтпас еді.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығы мен объективтілігіне­ қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау­дың арнайы мониторингтік тобының өкілдері жұмылдырылмақ. Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамызда). Бұл ретте оқуға түсушілер білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, ҰБТ-ны тапсыру форматы өзгеріссіз. Бұл норма жоғары­ білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.

Иә, біздің елімізде барлығына қолжетімді. Бұрын білім-білігі барлар оқыса, қазір екінің біріне жоғары білім алу оңай. Бұл тұрғыда ешкімнің заңды құқығына шектеу қоя алмаймыз. Бірақ, биліктің бір жылда төрт рет ҰБТ сынағын ұйымдастыруы көңілге кірбің ұялатады. Неге? Өйткені ата-анасы ақылы негізде оқытуға қарсы емес оқушы алдыңғы үш кезектегі ҰБТ-ның біріне қатысып, шекті балл жинаса болғаны. Одан кейін өзінің де, ата-анасының да көңілдері тоқ. Алайда оқу жылының ортасында оқуға түсетініне сенімді болған оқушы сабаққа қатысып, мұғалім­нен мардымды білім алуға әсте талпынбасы анық. Керісінше, грантты­қ негізде оқуға ынталы бала оқу жылы аяқталған соң соңғы реттегі тестілеу сынағын тапсырады. Бұл қазіргі нарық саудасын­дағы өткізе алмаған дүниесін «үшеуін алсаң, біреуі тегін» деп жарнамалағанындай әсер қалдырады екен. Билік білім сапасын шын арттыруға кіріссе, гранттық негізде ғана нағыз білімділерді іріктер еді. Жекешелендіруге ыңғайланып жатқан жоғары  оқу орындарының қазынасын молайту мақсатында қолға алып  отырған оңтайлы әдіс пе екен деген ой тағы бар.

ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау өткен жылдың 1-15  желтоқсан  күндері  аралығында  бірыңғай  ақпараттық  жүйе арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ҰБТ-ға қатысуға 95 мыңнан аса  адам  өтініш  берген.

Осы ҰБТ-ға орта мектептердің 11-сынып оқушылары, бірінші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түрде қабылдау) жоғары оқу орнына қабылданған тұлғалар, сондай-ақ шығарм­ашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобында оқитын және басқасына ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады. Ал еліміздегі барлық өңірлерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жіберіліп, апелляциялық комиссиялар құрылмақ. Сондай-ақ тестілеу орындарында медициналық­ көмек көрсету пункттері ұйымдастырылып, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі-міс. Бұдан басқа қажет болған жағдайда, жеке көмекшілер, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар  үшін  сурдоаудармашылар  жұмыс  істейді  екен.

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын өткізу үшін жергілікті жерлерде­ 594 адамнан тұратын мемлекеттік комиссиялар құрылған­. Олардың құрамына облыстық немесе республикалық маңызы бар қала әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері кіріпті.  Сонымен қатар ҰБТ кезінде 820 аудитория пайдаланылып, олардың барлығында ұялы байланыс құралдарының жұмысын басатын құралдар және бейнебақылау камералары жұмыс істемек.

Бітіруші түлектің білімін әділ бағалауда бақылаудың болғаны құптарлық іс. Бірақ, тестілеуді төрт рет ұйымдастырудың жөнін білім саласына басшылық ететіндердің әлде де пысық­тағаны дұрыс. Жеке мүддесін күйттеуде алдына жан салмайтын білім қызметкерлерінің осындайда бас көтермей бұғып қалатыны көңілге күдік ұялатады. «Жалақы өсті, жан жайланды» деп жүйедегі олқылыққа қырын қарау қисынға келе ме?

Керім ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: