Алғашында түсiм бе деген. Жоқ өңi сияқты. «Мен қайда жатырмын?». Асты жұп-жұмсақ, былқылдаған жөкенiң үстiнде жатқан тәрiздi. Жоқ, анықтап көрейiншi деп жердi қолымен сипалап едi, шошып кеттi, кәдiмгi борпылдаған бос топырақтың үстiнде жатыр екен. Мұрнына сордың иiсi келдi. Аузы кермек татиды. Арақтың иiсi мүңкiп тұр. Төңiрек тас қараңғы. Басы мең-зең. Бейне бiр соғыста ауыр контузия алып, көз алдын қап-қара тұман тұмшалап тастағандай есеңгiреп қалыпты. Есi кiресiлi-шығасылы күйде қорғасын құйып тастағандай ап-ауыр басын қос қолдап ұстап алып, недәуiр уақыт отырды.
«Менi мұнда кiм әкелiп тастаған?» деп бiраз басын қатырды. Болмады. Кiм әкелiп тастағанын есiне түсiре алмады.
Бiрте-бiрте есiн жия бастады. Қалтырап дiр-дiр еткен тарамыс қолдар жан қалтаға жүгiрiп, темекi алып тұтатты. Ащы түтiндi бiр-екi рет қақалып-шашала жұтып алып, шырпы шағып, қалта сағатына көз салды. Мәссаған, қалта сағаты бiр жарымды көрсетiп тұр. Осы кезге дейiн қайда жүрген?
Ерсайын ақсақал есiне бiрдеңе түскендей, дереу жан қалтасын қарманды. Төс қалтасындағы ақшасы жоқ. Жүргенде омырауын соғып сыңғырлап тұратын орден-медальдар да түгелдей қолды болыпты. Жүрегi су ете қалды.
– Тұтас бес мың теңгенi қай бәтшағар қағып кеткен? «Сорлының аты сорға жығылар, қайтып келiп орға жығылар» деген осы шығар. Ақшадан әбден ыңыршағы айналған жылқыдай титықтап, тарығып жүргенде бұл қай оңбағанның мазағы? Не болды? Қимайтын қатыным жоқ немесе iңгәлаған балам жоқ, соқа басым сопиып осы бiр тұл өмiрдiң несiне қызыққандаймын? Оның етегiне неге жармасып жүрмiн? Одан да о дүниедегi мәңгiлiк мекенiме барып, неге тып-тыныш жатпаймын, а, айтшы?
Дауысы қатты шығып кеткен шал борпылдақ топырақты қос қолымен өршелене төмпештедi.
– Немдi қимай жүрмiн? Немдi? – Иегi кемсеңдедi. Көңiлi әлем-жәлем, ойы ойдым-ойдым. Тап осы жерде борпылдақ топыраққа көмiлiп өлгiсi келдi. – Мен бұл дүниеде кiмге керекпiн? Кешегi Аралдан шыққан ақиық ақын Зейнолла Шүкiров марқұм да:
«Халқым менi балағанмен алтынға,
Жарым да жоқ, балам да жоқ артымда.
Бұл дүниеге перiште боп келiп ем,
Кетiп барам сол перiште қалпымда» деп күңiренiп өткен жоқ па? Содан менiң жаным артық па едi? Көп болса, қан майданда соғысқан шығармын, көп болса, қырық жыл осы ел үшiн еңбек еткен шығармын. Бiрақ, оны кiм елеп жатыр? Үкiмет пе, кiм? Шетелге жерiн де, одан қалды бар байлығын да сатып жатқан үкiмет кiмдi ұшпаққа шығарғандай. Үкiмет соғыс ардагерiн елер болса, арты қуарғандай алты мың теңге зейнетақыға телмiртпес едi. Небәрi елу долларға жетпейтiн алты мың теңге қай жыртығыма жамау болғандай. Ертең о дүниеге не қызық көрдiм деп барамын? Өмiрiм қайыршылықпен өттi, адамдар қатыгез болды, басшылар жебiрге айналып, жер бетiн әдiлетсiздiк жайлады деймiн бе? Бұдан кешегi қан майданда оққа ұшқаным жақсы едi. Әй, ит өмiр-ай, өлтiрдiң-ау!
Шал тебiрендi. Қайдағы-жайдағы есiне түсiп, тас қараңғы түнге мұңын шағып отырып, оңашада өзiмен-өзi жылап алды. Жылап-сықтап, шерiн тарқатып, бойын жеңiлдеттi.
– Қой, менiкi не отырыс. Үкiметi құрысын, менiң осы жерде отырып айтқан зарымды тас керең үкiметi құрғыр ести қояр деймiсiң. Ардагерлердi тәттiмен алдандырған жас бала құсатып, Ұлы Жеңiстiң 55 жылдығы деп астымызға көпшiк қойып, қалтамызға 5 мың теңгеден ақша салып, қолымызға бiр-бiр сағат ұстата қойып едi. «Жарлыға сорпа құйсаң, дамбалына төгер» деп, бiз сорлыға ол да бұйырмады. Одан қалды, пәс болған көңiлiмiзді бiр мезгiл болса да ащы сумен алдандырып, көңiлiмiздi көтергiсi келiп едi, оның ақыры мынау: айдалада шашылып қалдық. Шал басын шайқады. «Шығасыға – иесi басшы» деген. Әу баста жынды суға әуестiгiм жоқ едi, қайтейiн, қаным қайнап кеттi. Әлгi менiң басы қалтақтаған ардагерлерiм бiрiнен соң бiрi бiздiң барлық жеңiлдiгiмiздi сыпырып алып, қаққанда қанымызды, соққанда сөлiмiздi алып, оның үстiне қара халықты жұмыссыз қалдырып отырған Парламент пен үкiметтi мақтады-ай келiп. Шындықты бiрде-бiреуi айта алмады. Ой заман-ай, несiн айтасың, кешегi қан майданда от кешкен тектi арыстар мен жолбарыстар бүгiнде мияулаған миғұла мысыққа айналыпты. Адамы азайыпты, пендесi молайыпты. Қу заман-ай, әсте саған дауа жоқ шығар.
Ашынған ардагер билiк басындағыларды әкеден де, шешеден де сыпыра сiлейтiп боқтады-ай келiп. Тағы бiр темекiнi тұтатып алып, ащы түтiнде тап бiр әкесiнiң құны кеткендей сорды келiп, сорды келiп…
– Қой, менiң бұл дүниеде барым да, жоғым да бiреулердi ойландырар дейсiң бе, одан да есiм барда елге жетейiн, ертең әкiмге кiрейiн, шындықты айтайын. Менiң фашист ала алмаған шыбын жанымды әкiм алса, алып кетер. Құр босқа мысық сияқты мияулағанша, арыстандай арқырап өтейiн. Ендi маған бәрiбiр, моладан басқа баратын жер қалған жоқ.
Орнынан сүйретiлiп түрегелдi. Тас қараңғыда сүрiнiп-қабынып алыстан көрiнген жарыққа қарай төтелей тартты. Мұндайда жүрiс өнушi ме едi, жетемiн деп дiңкеледi. Тұла-бойы еркiне бағынғысы келмегендей былқ-сылқ етiп, құр сүлдерiн сүйретумен сүрiнiп-қабынып тартып келедi, тартып келедi.
Айдаладағы шабырға қалай келген? Кiм әкелген? Қанша ойланса да, бейне шешуi табылмас жұмбақ дерсiң, олай тартса, олай малтиды, былай тартса, былай малтиды. Бiрақ, жүзiп шыға алмайды. Өзiнiң жетi түнде шабырдан бiр-ақ шыққанын екi аяқты зәлiмдерден болған қиянат екенiн iшi құрғыр сезедi. Сезгенмен де, тап баса алмайды. Демек, бiреулер ақшасын да, барлық орден-медалiн де тонап кеткен. Әйтсе де, төс қалтасындағы сағаты мен жан қалтасындағы шырпысы мен темекiсiн алмай кеткенi түсiнiксiз. Әсте, әлгi тонаушылар да әккiс қулар болған ғой. Олардың ойынша «шал: – мас болып қалыппын, орден-медальдарым мен ақшамды жоғалтып, Құдай ұрған екен, – деп аһ ұрып қала берер» деген болулары керек. Әй, адамдардың аярлығына құрық бойламайды-ау, бәтшағар.
Бес күнгi тозақ тiрлiктен әбден түңiлiп әрi шаршап, оның үстiне iшкен жынды суы қанын кептiрiп, басын қысып, денесi былқ-сылқ етiп, арада бiр сағаттан астам уақыт өткенде қаланың шетiне де iлiндi-ау әйтеуiр, тағы да шырпы шағып қалта сағатына көз салып едi, түнгi үшке он минут қалыпты. Шеткi көшеден қиыстай шыққан жарыққа қарай далбалақтай ұмтылды.
– Әй, тоқта! Үйiмiзге жетiп қалайық!
Бос көшемен гуiлдеп тартып келе жатқан су жаңа «УАЗ» шиық етiп тоқтай қалды. Iшiнен сау етiп үш полицей түстi.
– Iздегенге сұраған, тағы бiр алқаш жатынжайға барғысы келiп тұр, – дедi.
– Несi бар, апарып жатқызамыз, – дедi екiншiсi. Олар келе шалды екi жақтан қолтықтап алды.
– Жүрiңiз, көке!
– Қайда, шырақтарым-ау?
– Сауықтыру үйiне.
– Ондай әзiлдi қойыңдар! Мен Ұлы Отан соғысының ардагерi Ерсайын Қарпықовпын, көздерiңдi ашып қараңдар, о несi-ай! – дедi күйiп-пiскен шал.
– Әке, ардагер ақшаңдаққа аунамайды, мына үстi-басыңыз сiздiң үй-күйсiз қаңғырып жүрген бомж екенiңiздi дәлелдеп тұр. Оның үстiне удай массыз.
– Шырағым, өйтiп оттама, мен мас емеспiн! – Шалдың қаны басына тептi. – Мен масханаңа бармаймын, үйiме жеткiзiп саласыңдар.
– Кiмдi, сенi ме? Несчастный алқаш! – деп ұзын тұра лейтенант мырс ете қалды. – Ендi маған көрiнген масты үйiне жеткiзу қалып едi.
– Әй, көкқұтан, мен саған Ұлы Отан соғысының ардагерiмiн деп тұрған жоқпын ба, әлде, сендер саңыраусыңдар ма?
– Шал, сен менi көкқұтан деп оскорблять етпе, осы жерге қазық қып қағып жiберемiн, бiлдiң бе? – деп тәлтiректеп тұрған ардагердi тiзесiмен қағып жiбердi. Ерсайын ақсақал шалқалай ұшып түстi.
– Өлтiрiңдер менi, қанiшер фашистер! – деп айқайлады тамағына тас тығылғандай көзi бұлдырап, өне-бойын ақкөз ашу буып, қалш-қалш еткен ардагер. – Адамға жаны ашымайтын өкiметтiң байлаулы иттерi де қабаған болады!
– Мә, саған ит! Өле алмай жүрiп өкiметте не жұмысың бар? – Ұзынтұра лейтенант өлмелi шалды ыңқ еткiзiп бiр тептi. – Сендейлердiң итке де керегi жоқ.
– Тап, әкелерiңнiң аузын ұрайындар, сендердей миғұлаларды милиция қойғандарда ес жоқ! Сендейлер кешегi қан майданда кездескенде, қандарыңды судай шашар едiм, әттең, боғымды жеп, төрт жыл бойы бекер соғысқан екенмiн?! – Шал өршiп кеттi.
– Өшiр үнiңдi қақпас! – Ұзынтұра лейтенант шалдың алқымынан қысып ұстап алып, жерден жұлып тұрғызды. – Ендi сөйлесең, өлесiң.
– Өлтiр, әкеңнiң аузын! – Шал қырылдады. – Өлтiр!
– Тарт, тiлiңдi, алжыған неме! – Шалды өршеленiп түйгiштеуге көшкен ұзынтұраны қасындағы екi полицей:
– Мәке, райыңыздан қайтыңыз, мас қой, өлтiрiп қоярсыз, – деп әрең ажыратты.
– Кiм мас? Ендiгi жерде iсiм сендермен болсын! Әй, ақымақ басым-ай, жасым сексенге таянғанда қызыл шәпкiлi қатыгез иттiң балаларының мазағына ұшыраймын деп кiм ойлапты! Ой заман-ай, «өлдiң Мамай қор болдың» деген осы да. – Өзiнше назалана сөйлеп жатқан ардагердi екi жағынан қолтықтап алып ит тартқан шанаштай екi жақтап дырылдата сүйреткен полицейлер оны көкшiл «УАЗ»-ға сүңгiтiп жiбердi. Шал жолшыбай да аһылаумен болды. Күңiрендi, бiресе жыламсырады, бiресе қоқан-лоққы жасады.
– Темiрдей тәртiбi бар қайран Сталинiм-ай, қайран кең қолтық Брежневiм-ай, қадiрлерiң өттi-ау, қайтейiн. – Көңiлi босады, қайдағы-жайдағы есiне түстi. – Сендер, шаш ал десе бас алатын мына сияқты бассыз қазақтарға керек едiңдер. Сендердiң әлпештеп алақандарыңа салып өткен ардагерлерiңдi қазiргi көрмедiк иттер қор қылды ғой, қайтейiн. Бұдан да бұл иттердiң өлтiргенi жақсы едi. – Кемсеңдеп жылап алды. – Құдайтағала мендей пақырыңды кешiре гөр. Кәрi қойдың жасындай жасым қалғанда арақ iштiм, тұщы етiме мұрынбоқ балалардың ащы таяғы тидi, одан да бұл оңбағандардың менi өлтiргенi жақсы едi. Қазiргi фашистер осылар екен. Бiз бiлмейдi екенбiз. Бұларға да бiр зауал бар шығар. Көз жасым тегiн кетпес. Менiң не жазығым бар едi? Он тоғызымда қан майданға барып, оқтың өтiнде жүрiп, осы жүгермектердiң болашағы үшiн соғысып едiм. Осы жүгермектер үшiн соғыста қос енiмнен айрылып, ақта болған аттай елге оралдым. Өмiр бойы жұтқаным у болды. Соқа басым сопайып қақпас атандым. Бұл дүниенiң барша қызығынан баз кештiм. Жар құшпақ түгiлi, өмiрiмде ең болмаса бiр рет, бiр рет әйел баласына жақындасуды армандаумен өттiм. Не қызық көрдiм, мен сорлы? Елiм үшiн елу жылдай есек болып еңбек еттiм. Сол еңбегiме қайыршының тиын-тебенiндей ғана зейнетақы аламын. Ә Құдай, мына дозақ дүниеге әкелгендегi көрген пұшпағым осы болды ма? Мен тойдым, мына ит өмiрден жерiдiм. Бұл дүниеде мен қимайтын ештеңе де қалмады. Одан да менi тезiрек ала гөр, Құдай! Менiң итке бергендей күнiмдi мынадай фашистерге қидым. Осылар-ақ қарық болсын!
Көкшiл «УАЗ» дiттеген жерiне жеткенше шал дамылсыз сөйлеп келдi. Қауһары кетiп, денесi былқ-сылқ етiп, қызыл шәпкiлiден бiраз таяқ жеп, жолшыбай ызаланып жылап-сықтап, әбден болдырған шалды кезек-кезек көкпар қылып сүйреткен үшеу оны қала орталығындағы масханадан бiр-ақ шығарды.
Үстi-басы мыж-мыж, ақ топырақтан жылтыраған екi көзi ғана көрiнетiн тәлтiректеген шалды көрген оперативтiк кезекшi болып отырған лейтенант шошып кеттi.
– Мәссаған, мына шалдарың елу жетiншi қонақ, – дедi қабағына қар жауып кiрген ұзын бойлы аға лейтенантқа. – Өзi бомж ба, қайдан таптыңдар?
– Таптық қой, өзi мылжың, соғыс ардагерiмiн деп сандалып, миымызды ашытты, ертең он бес сөткеге айдап жiберiп көзiн жоғалтыңдар.
– Менi он бес сөткеге айдауға көттерiңе қараңдар! – дедi екi жағындағы екi полицейден қолын босатқысы келiп бұлқынған шал. – Ертең сендердi қан тышқызамын. Айтпады демеңдер. Әй, лейтенант маған мына үш жүгермектiң атын жазып бересiң. Iсiм осылармен болсын. Мен Ұлы Отан соғысының ардагерi, запастағы капитан Ерсайын Қарпықов деген ағаң боламын. Қолымды босатыңдар!
– Атаңның басы, көшедегi шаңға аунап жатқан сен капитан болсаң, бiз генералмыз, – деп мырс еттi кезекшi лейтенант. – Одан да жатып демал. Бос сөздi неғыласың шал, таяқ жеп жылап жүрерсiң.
– Әй, көргенсiз атаңа нәлет, тарт тiлiңдi! Қанымды қарайта бермей тоқтатыңдар бассыздықты! Бұл полицейлiк мемлекет пе, әлде құқықтық мемлекет пе?! – Жас жiгiттiң оспадарсыз сөзiне қатты намыстанып, қаралай күйiнген ардагер айқай салды. – Сен түгiлi, сенiң әкең боғына былғанып жүргенде, мен қан майданда қарша бораған оқтың астында жүргенмiн. Дәл қазiр менен кешiрiм сұрап, үйiме жеткiзiп саласыңдар!
– Шал, солай де?
– Дәл солай!
– Iм, бұлай болмаса ше? – Ұзынтұра аға лейтенант шалдың қолын қайырып жерге жүрелей отырғызды. – Мiне, осылай шал, осы жерде менiң табанымды жалап, боқтағаның үшiн, көргенсiз және атаңа нәлет деп оттаған артық сөздерiң үшiн кешiрiм сұрайсың.
– Сұрамаймын!
– Сұратамын! – Полицей ардагердiң басын тұқырта еденге тақап тырп еткiзбей тастады. – Кешiрiм сұра!
– Тап, сенi тапқызған әкеңнiң аузын!.. – дедi еденге түкiрген ардагер. – Сендей фашистiң қолынан өлсем арманым жоқ!
Олар салғыласып жатқанда бөлмеге үстiнде ақ халаты бар фельдшер кiрдi. Ол жерде тыпырлап жатқан қарияны, оның үстiне бүркiтше шүйлiккен полицейлердi көрдi де үнсiз қайта шығып кеттi.
– Кешiрiм сұра деймiн! – Полицейлер шалға едендi жалатты.
– Тһу! – дедi ардагер қақалып-шашалып жатып. – Тап әкелерiңнiң аузын!..
– Мә, саған боқтаған… – Лейтенант шалдың аузынан бiр қойды. Көзi аларған шал, денесi оқыстан дiр-дiр етiп, аппақ шаңға көмiлген басын еденге сылқ еткiздi де үнсiз қалды. Оны көрген ұзынтұра: – Ей, қақпас, әзiлдi қой, басыңды көтер! – деп екi жағынан тартып-тартып жiбердi. Көзi аларып, аузынан тiлi шығып кеткен ардагер басын көтермедi. – Ей, Ораз, фельдшердi шақыр, – дедi қорқып кеткен ұзынтұра. – Мына қақпастың жағдайы болмай қалды.
Сәлден соң бөлмеге бетi жып-жылтыр, көк көздерi сұп-суық фельдшер келдi де, шалдың тамырын ұстап көрiп басын шайқап:
– Дед уже в раю, – дедi. Состиып тұрған полицейлер бiр-бiрлерiне қарады. – Я за него не отвечаю, избавтесь от него, это вам большой урок, – дедi езуiне темекiсiн қыстырып бөлмеден шығып бара жатқан фельдшер.
– Жiгiттер мен өлiктi қабылдай алмаймын, – дедi ертеңгi жауапкершiлiктi сезiнiп көзi атыздай болған оперативтi кезекшi. – Басым екеу емес, бәлелерiңнен аулақ, мына мүрденi алып кетiңдер.
Оған мөлие қараған ұзынтұра шәпкiсiн шешiп, бiр қолымен жан қалтасынан беторамалын шығарып ағыл-тегiл аққан терiн ұзақ сүртiндi.
– Бол, болыңдар, көзiн құртыңдар, мен сендердi, сендер бiздi көрген жоқсыңдар! – деп оперативтi кезекшi бөлмеден шығып кеттi. Бөлмеде қалған үш полицей абыр-сабыр болды.
– Жолдас аға лейтенант, осы өлмелi шалға соқтығыспау керек едi.
– Кетшi-ей! – дедi ұзынтұра.
– Кет дейтiн мен ит емеспiн, өлтiрген өзiң, өлiктi өзiң арқала, «бас iстемесе екi аяққа күш түседi» деген.
– Ой, қойшы, сен де дереу өкпелей қалады екенсiң, одан да мынаны машинаға қайта салыңдар.
– Оны не iстеймiз?
– Алған жерiмiзге қайта апарып тастаймыз. – Есi шыққан ұзынтұра аға лейтенант екi жандайшабына кезек-кезек қарап.
– Ол болмайды, – дедi тәпелтек қара. – Көзге түсемiз. Одан да өлiктi көшеден тауып алдық деп мәйiтханаға апарып өткiзейiк.
– Жөн, бұдан құтылмасақ болмайды, бұл бәленi ұрып-соқпай-ақ үйiне жеткiзiп салуымыз керек едi, – дедi үрейi ұшып, тiлiн жұтып қойғандай үнсiз тұрған үшiншi полицей.
Денесi былқ-сылқ еткен өлiктi екi жағынан ұстап сүйреткен екi полицей ұзынтұраның соңынан iлестi. Өлiктi машинаға салып алып, орталықтағы мәйiтханаға қарай заулатты. Бiр-бiр темекiнi езулерiне қыстырған үш полицей әкелерi өлгендей тұнжыраған қалыпта көк түтiнге көмiлiп, көпке дейiн бiр-бiрiне тiл қатыспады. Әркiм өз ойымен әлек. Олар ардагердi ұрып өлтiргендерiне өкiнiп отыр ма, әлде, мәселе ушығып бiр бәлеге ұшырамасақ жарар едi деп iштей қыпылдап отыр ма, ол жағы белгiсiз.
– Ертең марқұмның iздеушiсi шықса, қиын болады, – дедi әрiптестерiнiң ойын оқып отырғандай тәпелтек қара.
– Екi қолға ерiк берудi қоюымыз керек. – Бұл сөз шенi жоғарылау ұзынтұраға бағытталса да, әкесi өлгендей түнерiп, ауыр ойдың иiрiмiне батқан ол үндемедi. Отырып-отырып өзiн де, әрiптестерiн де жұбатқандай:
– Болар iс болды, ендiгi жерде сөзiмiз бiр жерден шығуы тиiс, әйтпесе үшеумiз де шабыламыз, – дедi даусы жарықшақтана. – Өлiктi Садовая мен Алтынорда көшесiнiң қиылысынан тауып алдық деймiз.
– Ал, әлгi масхананың фельдшерi мен оперативтi кезекшiнi не iстеймiз? – дедi тәпелтек қара.
– Олармен өзiм сөйлесемiн.
– Қашан?
– Мынаны мәйiтханаға тапсырып шыққан соң. – Үшеуi қайтадан үнсiз қалды.
Мәйiтханаға келiсiмен олар дереу хаттама жазып, мәйiтхана кезекшiсiне өлiктi тапсырып кетiп қалды. Аты-жөнi белгiсiз деп көрсеткен соғыс ардагерi Ерсайын Қарпықовтың аяғына тоғызыншы деп жазылған қол басындай жұқа тақтайша байланып, сол мәйiтханада бiр айдай қозғаусыз жатты. Оны iздеген де ешкiм болмады. Оны қала шетiне апарып тонағандар да, шалды ұстап алып, ұрып-соғып оның ажалына себепшi болғандар да тұтылмады, құтылып кеттi. Мәйiттiң жүзi бiр айдан соң қара жерге жасырылды. Кiм екенi де анықталмаған тағы бiр ардагердi суық топырақ құшағына басып қала бердi.
Шуы мол қаладағы қым–қуыт тiршiлiк өз әуенiмен күн мен түндi алмастырып жатты. Бес күн тiршiлiктегi перiштелер мен перiлердiң, жақсылық пен жамандықтың, арманы асқақ адамдар мен кеудесiне нан пiскен көңiлi соқыр пенделердiң бiр–бiрiмен бiтпес майданының алапат шайқасы да толассыз жүрiп жатты. Бiреулер жеңiп жатты, бiреулер iз–түзсiз, ың–шыңсыз өлiп жатты, аярлар мен арсыздар көбейiп, адамдар саны кемiп жатты.
Сарбұлақ ИБРАШҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!