Кәмелетке толған соң ол түрмедегі әкесі мен анасынан біржолата бас тартты. Туған ата-анасына бала күнінен кектеніп өскен бала қайбір оңсын!? Іші толған кек пен ыза, ашу мен өш еді. «Олар мен үшін не істепті? Көрген күнім құрысын, әркімнің есігінде жалшы құсап жүрген» деп бір боқтап, ата-анасына қолды бір-ақ сілтеген. Нағашы ата-әжесі дүние салған соң нағашы ағасы мен жеңгесі ауыл инспекторында тіркеуде тұрған жиен баланы сыйғызбады. Қит етсе, бірінші осы үйге жетіп кеп тұратын инспектордың кесірінен Ұлтарақ үйден біржолата қуылды.
Қазір ұшарын жел, қонарын сай біледі. Өзі секілді қолының сұғанағы бар, анау-мынау көлеңкелі іске еп-себі бар жігіттер әр ауылдан жиналып, иесі қалаға көшіп кетіп, бос қалған үйде, кейде әркімнің қорасында қонып күн кешуде. Қасындағы он шақты жолдасынан қазір жалғыз Жандос ғана қалған. Қалғандары шетінен сотталып кетті. Барымта, үй тонау, қыз зорлау, алаяқтық, кісі өлімі дейсің бе, барлық қылмыспен аты шыққан үлкен қарақшылық топ еді. Ауылдық мафияның тапқан табысы тақиясына тар келіп, ашкөзденіп кеткен болатын.
Қарасы азайып, қорқақ Жандоспен жолдас болған Ұлтарақтың бүгінде халі нашарлаған. Сақ жүрмесе, бұл да бір күні тар қапасқа қамалары анық. Сондықтан да үлкен қылмыстарды қойып, майда-шүйде тірлікпен күн көруде. Олардың ендігі аңдығаны – ауыл моласы. Тіріні қойып, өлінің мазасын алған екеу артына із қалдырмауға тырысып бағады. Ол үшін облыс, аудан, ауылды жиі ауыстырып отырады. Жаңа жерленген молаларды қазып, мәйіттің аузындағы алтын, күміс тістерін түгел қағып алады. Қалада өткізетін жасырын жерлері бар. Әзірге осы жаңа «бизнессымағы» күнкөріс қамына жарап-ақ тұр.
Аузында алтын тісі жоқ мәйітті бір теуіп, боқтап, қайта көміп тастайды. Өлік қорыған құзғындай әр ауылға күндіз-түні құлағын түріп отырады. Бір мезетте екі-үш ауылдан қайтыс болғандар бір күнде жерленсе, бір түнде түгел үлгереді. Кейде кезекпен әр түн сайын қазып алады. Бақуатты, бай-бағландар тезірек өлсе деп тілейді. Адам санатынан осындай арам пиғылымен шығып қалған екеу көрші ауылдағы әкімнің әйелі дүние салыпты дегенді естіп, шын қуанысып қалды.
«Әкімнің әйелінің аузында кем дегенде төрт-бес алтын тіс болуы ғажап емес», – деп пайымдады. Кеш қарая күректерін қайрап, пышақ, қайшы сияқты құрал-сайманын сайлап, екі алақанын ысқылап, жорыққа аттануға дайын отырды. Ел аяғы ұйқыға жатқан шақта иманнан безген екеу қорымға қарай жақындап келе жатты…
Бүгін көмілген көрді оп-оңай тауып алды. Жылдамдатып қазып, ағаш тақтайларды ашып, екеуі ішке секіріп түсті. Көрдің екінші бөлігіне кіре бергенде шашы дудырап, көзі бақырайып, түрегеліп отырған, аппақ кебінге оранған әйелді көргенде Жандостың жан дауысы шықты да, шалқасынан құлап түсті. Көрден атып шығып, қаша жөнелген Ұлтарақта ес жоқ. Алды-артына қарамай, «қашпақ болсаң, зымыра!» деп ұшып барады.
Сәлима отырған жерінде мәңгіріп ұзақ отырды. Мына екі пендесін жіберген Құдайға іштей рақмет айтып, әупірімдеп көрден шықты. Қимылсыз жатқан көр қазғыш жігіттің жүрегі жарылып кеткенін сезді. Көрден шыққан келіншек ақ кебінін жамылып, ауылға қарай беттеді. Алға басқан қадамы кейін кетіп, жүріп келеді. Ауылда еріне үрген бір-екі иттің дауысы ғана естілді. Көшеде тірі жан жоқ. Үйіне жақындады. Аулаға ақырын кіріп, бұрыштағы кепенің тасасына тығылып біраз отырды. Тым-тырыс.
«Үйге қалай кіремін? Не деп айтамын? Үстімде ең болмаса киімім де жоқ. Аппақ болып түн ішінде алдынан шыққанымда кім болса да, шыңғырып, тұра қашпай ма? Құдай-ау, тағы қанша адамның жүрегі жарылып кетер екен?» деген ой жан-жақтан тартқылап бітті. Бір кезде сыртқа алты жастағы қызы Айдана шықты. Көзін уқалап, үй бұрышына дәрет сындырды да, қайта үйге беттеді.
– Қы-зы-ы-ым! – деді дауыстап, – Ай-кон-тааай!…
Сыбырлай сөйлеген анасының дауысын естіп қалған Айдана дыбыс шыққан жаққа жалт қарап, жүгіріп келіп, жүрелеп отырған шешесінің мойнынан құшақтай алды. Өлімнің не екенін білмейтін, мына алабажақ өмірдің сан тарауынан бейхабар балақай қуаныштан аспанға секіріп-секіріп жіберді. Шықылықтап күліп мәз.
– Апа, сен қайтып келдің бе? Әжем сені «Қауын егуге кетті. Енді қауын піскенде барып, қауын жейміз», – деді. Қауын пісті ме? – деп тақ-тақ етеді. Сәлима есін жия алар емес. Жылай берді, жылай берді.
Әлден соң, аздап өз-өзіне келіп:
– Қызым, менің шкафта тұрған көйлегім мен орамалымды әкеліп берші. Сен енді үлкен қызсың, кәнеки, жүгір! – деді.
Томпаңдап жүгіре жөнелген Айдана тез қайтып келді. Көйлегін киіп, басына орамалын тағып, бір қолына ақ кебінін түйдектеп ұстап, екінші қолымен қызын жетектеген Сәлима үйге қарай беттеді. Немересін іздеп шыққан кемпірдің баж ете қалған дауысы үйдегілерді түгел оятты. Бәрі шошып, у-шу болды. Бірі жылап, бірі күліп, не болып жатқанын ешкім түсінер емес. Кезек-кезек бәрін құшақтап келе жатқан Сәлима күйеуіне жақындады. Тұрар болса, көзі жыпылықтап, аз-кем қарап тұрды да, сүріне-қабына бөлмені айнала тырқырай қашып, есіктен сыртқа зу ете қалды. Түс көргендей болған туған-туыс мең-зең күйде тұрды.
Таң ата қазанға ет салып, бауырсақ пісіріп, Құран оқытылды. Әлгі қорымдағы өлген жігіттің мәйітін құқық қорғау қызметкерлері арнайы тексеріс жүргізу үшін алып кетті. Сәлимаға сұрақты қарша жаудырған ауылдың учаскелік инспекторы енді Ұлтарақтың ізіне түсті. Көп ұзамай ол Қызылорда қаласында қолға түсті. Қаншама қылмысы ашылып, үнсіз мойындаған Ұлтарақ әке-шешесінің артынан жиырма жылға сотталып кете барды.
Ауылда өсек гулеп тұр. Бұл оқиға ескі жараның бетін тырнады. Шешесі екі бірдей қызының ажалына жеткен еді. Енді, міне, баласы бүгін «өлген» Сәлиманың жағын кесіп, алтын тістерін қағып алмақ болды. Құдай сәтін салып, денесін ұрған тоқты Жер-Ана өз бойына сіңіріп алып, әйелін қайта құшағына басты. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген сөз бүгінше жоққа шықты. Кебін киген келіншек көрден тұрып, үйіне келді. Әлгі өліктермен «ойнаған» екеудің бұл жолы «пайдасы» тиді. Әйтпесе, Сәлиманың күні не болар еді?
***
Арада апта өтпей, Тұрар өз еркімен жұмыстан шығып, өзге облысқа біржолата көшіп кетті. Елдің өсегінен әбден мезі болған. Оның үстіне бұл ауыл оған құт әкелмеді. Ақмаралдай аппақ келіншегі мен екі бірдей тұлымшағы желбіреген бүлдіршін қызын жерлегені жетер! Биғайша туралы ойлағысы да келмейді. Ал Ұлтарақ болса, шешесінің қателігін түзегендей, Сәлиманы «аман алып қалды».
Өзге ауылға әкім болып бармаса да, ел қатарлы күн кешуді арман етті. Бұл отбасының ары қарайғы өмірі ауылдастарына беймәлім. Өсек те басылған. Қанша заман өтті, қанша су ақты. Бұл оқиғаны бүгінде тек бірлі-жарым куәгерлері ғана арагідік еске алады…
(Соңы. Басы №51 санда)
Айгүл ӘЖІБАЕВА,
Kazislam.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!