Біздің елде барлығы бір-біріне байланып тұр. Құдды тізбек тәрізді. Осы тізбектің бірінің құны қымбаттаса, екіншісіне, екіншісі үшіншісіне әсер етеді. Айналып келгенде бұл базар бағасының өсуіне, коммуналдық қызметтің қымбаттауына әкеліп соқтырады.
Жақында ғана «ҚазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы «көгілдір отын» бағасында өзгерістер болуы мүмкін екендігін хабарлаған еді. Бірақ, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова:
– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы департаменттің тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметінің бағасын 34,6 пайызға төмендету туралы шешімімен келіспей, сот органына бұйрықтың күшін жою туралы талап арыз берді. Қазіргі уақытта сот ісі қозғалып, талап арыз қаралуда және осыған сәйкес бекітілген тарифтің қолданылуы тоқтатылды,- деген еді.
Бір түйткілдің түйіні тарқамай жатып, екіншісінің құлағы қылтияды. Бұл жолы «Энергосервис» ЕЖШС 2020 жылдың 5 наурызынан бастап қызмет бағасы өзгерту туралы ұсыныс айтып отыр. Аталған мәселе жария тыңдауда талқыланды.
Жауаптылардың сөзінше, энергия станциялардың өндіретін электр энергиясы 5,7 пайызға, электр қуатының жүктемені көтеруге қамтамасыз ету бойынша қызмет құны 30,4 пайызға және «КЕГОК» АҚ-ның желілері арқылы электр энергиясын беру 12,1 пайызға өсіпті. Мұның барлығы айналып келгенде «Энергосервис» серіктестігінің қалтасын жұқартыпты. Сондықтан жарық бағасын көтеруді жоспарлап отыр.
– Серіктестік жарық тарифін 15,7 пайызға көтеруді ұсынды. Яғни, тұрғындар үшін 5,4 пайызға, бюджеттік мекемелер үшін 58 пайызға, басқа да тұтынушылар үшін 14,5 пайызға өспек. Бүгінгі таңда департамент тиісті жұмыстардың барлығын жүргізіп жатыр. Жария тыңдауда айтылған сын-ескертпелердің барлығы назарға алынады. Негізсіз баға өсіру болмайды,- деді Гүлмира Өтегенова.
Айта кетейік, департамент жария тыңдауда айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығын ескере отырып, 28 ақпанда нақты шешім шығарады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!